Орталық Азия басшылары бесінші мәрте Путинді құттықтауға асықты

853
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Ресей президенті сайлауында Владимир Путин 87,3%-дан астам дауыс жинап, жеңіске жетті. Путинді Орталық Азия басшылары құттықтауға асығуда, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Алғашқылардың бірі болып Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев сайлау науқаны сәтті өтуімен құттықтады. Құттықтауды Өзбекстан президентінің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов жариялады.

Мирзиеев жолдауында Путиннің сенімді жеңіске жеткенін баса айтты.

Өзбекстан президенті сайлаушылардың жоғары белсенділігі мен дауыстардың жоғары пайызы ресейліктердің басым бөлігінің сенімін және Владимир Путиннің саяси бағыты мен әлеуметтік-экономикалық реформаларын қолдайтынын растайды деп санайды.

Мирзиеев жолдауын Путинге денсаулық пен бақ-береке, ал Ресей азаматтарына бейбітшілік пен гүлдену тілеумен аяқтады.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон да ресейлік әріптесіне жеделхат жолдап, жеңісімен құттықтады. Жолдау мәтіні Тәжікстан басшысының сайтында жарияланған.

«Сізді Президенттік сайлаудағы сенімді жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын. Соңғы дауыс берудің нәтижелері Сіздің жоғары саяси беделіңіздің және елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және оның халықаралық ұстанымдарын нығайту жөніндегі мемлекеттік бағытыңызды ресейлік қоғам тарапынан кең қолдаудың тағы бір айқын дәлелі», - делінген хабарламада.

Тәжікстан президенті Мәскеумен стратегиялық серіктестікті нығайту Душанбе үшін маңызды екенін атап өтті. Рахмон екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамуына Владимир Путиннің жеке үлесі ықпал етіп отырғанын атап өтті.

Тәжікстан Президенті мемлекетаралық қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеру үшін ресейлік әріптесімен одан әрі белсенді жұмыс істеуге бейілді екенін қосты.

Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров та Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, құттықтады.

Садыр Жапаров Владимир Путинді президенттік сайлаудағы сенімді жеңісімен құттықтап, бұл Ресей мемлекетінің мемлекеттік тәуелсіздікті нығайтудағы, халықтың әл-ауқатын арттырудағы дана саясаты мен жанқиярлық еңбегін орыс халқының жоғары бағалап, қолдауының айқын дәлелі екенін айтты.

Сондай-ақ, ол Қырғызстан мен Ресей арасындағы одақтастық және стратегиялық серіктестік қатынастарын одан әрі нығайту бойынша бірлескен күш-жігер басым салалардағы мемлекетаралық өзара іс-қимылдың бүкіл кешенін дамытуға ықпал етеді деп санайды.

Екі ел басшылары қырғыз-ресей екіжақты және көпжақты ынтымақтастығының өзекті мәселелерін, интеграциялық одақтар аясындағы елдердің өзара іс-қимылын, сондай-ақ Мәскеуде өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мерейтойлық отырысын талқылады. Ағымдағы жылдың мамырында аталған мерейтойға Садыр Жапаров қатыспақ.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Владимир Путинді құттықтау жеделхатын жариялаған едік.

Путинді құттықтағандар арасында Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан президенттерінен бөлек, Боливия Луис Арсе, Никарагуа Даниэль Ортега, Гондурас Сиомара Кастро және Куба Мигель Диас-Канель бар. Сонымен қатар Молдова Гагауз автономиялық республикасының басшысы Евгения Гуцул мен Мьянма премьер-министрі Мин Аун Хлаинг құттықтау жолдады.

Елдегі заңдар мен Конституцияны өз білгенінше өзгертіп келе жатқан Путин 2000 жылдан бері биыл бесінші рет сайлауға түскен.

Пікірлер