Балқашта мыс балқытқан. Қазақтан шыққан алғашқы инженер әйел

981
Adyrna.kz Telegram

Қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш инженер, қоғам қайраткері Мәдина Бегалиеваның туғанына 125 жыл, деп жазады "Адырна".

Мәдина Бегалиева 1899 жылы 19 наурызда бұрынғы Бөкей Ордасы, Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында дүниеге келген.

Қазақ әйелдері арасында бірінші болып «Техника ғылымдарының кандидаты» деген ғылыми шені болған. Балқаш мыс зауытын жобалауға қатысып, құрылыс алаңында алғашқы күндерден бастап жұмыс істеген. Ол патриархал тәртіпке қарсы күресіп, қазақ қыздарының құқығын қорғаған.

Хан ордасындағы (қазіргі Орда ауылы) үш жылдық педагогикалық курсты, Ордадағы Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партия мектебін, Бүкілодақтық өнеркәсіп академиясын бітірген.

1922–1935 жылдары — Бөкей, Орал губерниялары және Сырдария округінің Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы комитеттерінде әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлімнің меңгерушісі, Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы Қазақстан өлкелік комитетінің нұсқаушысы, Өлкелік өнеркәсіп одағы төрағасының орынбасары болды.

1935–1943 жылдары Балқаш мыс қорыту зауытында инженер болды. 1943–1948 жылдары Атырау облыстық Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы комитетінің әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлім меңгерушісі, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің нұсқаушысы, республикалық бақылау органында бақылаушы болып істеді.

1949 жылдан зейнет демалысында болды.

Пікірлер