Өзбекстан президентін балағаттаған тағы бір ер адам жауапқа тартылды

779
Adyrna.kz Telegram

Ташкент облысы Алмалық қаласының 28 жастағы тұрғыны Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевті балағаттады деп айыпталды. Бұл туралы Газета.uz жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Үкімді 8 сәуірде Самарқанд облысының Ыстықхан аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты шығарды.

Сотталушы — фармацевтикалық компанияның негізін қалаушы.  Ол 2023 жылдың 2 мамыры мен 31 тамызы аралығында Instagram желісінде президентке тіл тигізетін пікірлер қалдырған. Ер адам кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізді.

Сот Алмалық тұрғынын Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 158-бабының 3-бөлігі («Өзбекстан Республикасы президентін жария түрде қорлау немесе жала жабу, сол сияқты баспасөз немесе өзге де бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілерін немесе интернетті пайдалану») бойынша кінәлі деп тапты. Ол 2 жыл 6 ай түзеу жұмыстары түріндегі жазаға тартылды. Сондай-ақ ай сайын жалақысының 20 пайызы өндіріп алынатын болады.

Еске салайық, бұған дейін жыл басынан бері Өзбекстан президентін «балағаттады» деген 10 адамның сотталғанын жазған едік.

Пікірлер