ЖУАЛЫ АУДАНЫНДА АҚПАРАТТЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

2344
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасы Констиутция күні қарсаңында Жамбыл облысы, Жуалы ауданында ақпараттық орталықтар ашылды, деп хабарлайды adyrna.kz ұлттық порталы Жуалы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақпараттық орталықтың ашылуына аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаев қатысып, аудан халқын Ата заң күнімен құттықтау сөз сөйледі. Ербол Сәкенұлының айтуынша,  Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – Ел өміріндегі айшықты мереке. Осы Конститутция күні қарсаңында Ақтөбе ауылдық округінің орталығы Бәйтерек ауылында цифрландырылған ақпараттық орталық ашылды. Ауылдық кітапхананың ішінде орналасқан орталықты жабдықтауға 1 миллион 300 мың теңге қаражат бөлінді. Аталған қаржыға үш компьютер, бір әмбебап көшірме құралы, интернет желісі және тағы басқа қажетті құралдар алынды.

– Құрметті ауыл тұрғындары! Сіздерді ең алдымен айтулы мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын. Ата Заңымыздың арқасында елімізде көптеген игілікті істер жүзеге асырылып келеді. Тәуелсіз еліміздің де экономикасы өсіп, халықтың тұрмысы мен әл-ауқаты артып келеді. Мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар да өз жемісін беріп отырғанын баса айтуға тиіспіз. Міне, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы арқылы ел өңірлерінде цифрландыру үдерісі қарқынды жүруде. Шалғай ауылдарда орналасқан кітапханаларда цифрландырылған ақпараттық орталықтардың ашылуы – осының айғағы. Былтырғы жылы аудан көлемінде 11 ақпараттық орталық ауыл тұрғындарына есігін айқара ашса, биыл да 4 ақпараттық орталықты жабдықтап, ашқалы отырмыз. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың арнайы ақпараттық база қалыптастыру туралы тапсырмасы бар. Осы ретте ауыл тұрғындары бұл орталықтың мүмкіндіктерін барынша пайдалануы тиіс, – деді Ербол Сәкенұлы.

Аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаев пен аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сауытбек Махамбетов ақпараттық орталықтың лентасын қиды. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бақыткүл Қанаева цифрландырылған ақпараттық орталықтың жұмысымен жан-жақты таныстырды. Оның айтуынша, аталған ақпараттық орталықтың пайдасы шаш етектен. Сондықтан да ол игі іске қолдау көрсеткен аудан әкіміне өз алғысын жеткізді.

Айта кету керек, осы күні Билікөл ауылдық округінің Қарабастау ауылында да цифрландырылған ақпараттық орталықтың тұсауы кесілді.

«АДЫРНА»

Ұлттық порталы

Пікірлер