Курсанттар Әскери ант қабылдады

5131
Adyrna.kz Telegram

2019 жылдың 7 қыркүйек күні Алматы қаласында Құрлық әскерлері Әскери институтында 1 курс курсанттары салтанатты түрде Әскери ант қабылдады.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлерінің басшылығы, Ұлы Отан соғысының және Қарулы Күштерінің ардагерлері, курсанттардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты.
Ер жігіттің өмірінде бір-ақ рет қайталанар ант қабылдау рәсімі әскери дәстүрлердің ішіндегі ерекшесі болып саналады.
Әскери ант қабылдаған күн әскери институттың сап қатарын толықтырған әрбір жас курсанттың өмірінде ерекше орын алатын маңызды шара. Бұл күн курсанттардың мәңгілік есінде қалады.
Болашақ офицерлердің өмірінде ұмытылмас осы салтанатты Құрлық әскерлері Әскери институтының бастығының міндетін уақытша атқаратын полковник Талғат Баудинов қысқаша кіріспе сөзбен ашты.
Сап түзеген алаңды бойлай Әскери институттың жауынгерлік Туы салтанатты түрде алып өтілгеннен кейін Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны шырқалды.


Әне-міне дегенше, қаумалаған жұртшылық тағатсыздана күткен сәт те келіп жетті.
Мұнтаздай киініп, иықтарына қаруларын асынған жас курсанттар саптан нық қадаммен алға суырылып шығып, бірінен соң бірі әскери ант қабылдады. Әскери киімдегі балаларын көріп, мәз-мейрам болысқан жұршылықта жас Отан қорғаушылардың жігерлі дауыстарына толғана құлақ түрген.
Институттың саптық алаңында болашақ офицерлер бірінен кейін бірі Отан алдында өздеріне жүктелген міндеттерді мінсіз орындауға, қиыншылықтарды табандылықпен көтеруге, әскери істі оқып үйренуге ант етті.
Айтулы шараның ресми бөлімі аяқталған соң, мінбеден Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысының орынбасары-штаб бастығы генерал-майор Талғат Қойбақов, ардагерлер болашақ офицерлерді ұмытылмас күндерімен құттықтады және алдағы оқуларында толағай табыстар тіледі.
-Ант дегеніміз –әр жауынгер үшін өмір заңы. Оның әр сөзі жауынгерді үнемі биік жауапкершілікке, Отан үшін, ел үшін әскери паразын орындауға шақырады, дейді институттың бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Жұмабек Хасенов.


Ант қабылдау рәсімінен кейін республикамыздың түкпір-түкпірінен ат терлетіп келген курсанттардың ата-аналары институтттың әлеуметтік тұрмысымен, оқу базасымен , тыныс тіршілігімен жақынырақ танысты.
Биылғы жылы Құрлық әскерлері Әскери институтының курсанты атағына 300 жуық курсант ие болды.

Аида Бектурова
Құрлық әскерлерінің Әскери институтының баспасөз қызметі

Пікірлер