Батырлар институтына толыққанды зерттеу қажет

4737
Adyrna.kz Telegram

Әр халықтың тарихында ұлтты ұйыстырарға, сақтап қалуға, өрлеуіне себепкер болған жекелеген тұлғалар, ақыл иелері мен батырлары кездеседі. Соның ішінде батырлар мәселесіне келгенде қазақтың еске алары көп. Сонау көк түріктің заманынан бері талай баһадүрлер өтті. Қазақтың ұлт ретінде қалыптасып, мемлекеттілігін дамытып, оны сақтап қалуда батырлардың қосқан үлесі, жанкешті іс-әрекеттері өлшеусіз. Қазақ батыры қай кезеңде де ол елінің, жұртының біртұтастығы үшін, тәуелсіздігі үшін қызмет етті деп айта аламыз. Батыр әр халықта болады. Бірақ оның функциясы бәрінде бірдей емес. Тарихи аспектіден қарағанда қазақ батыры білек күшінің ғана иесі емес. Ол – әрі жауынгер, әрі қолбасшы, стратег, әрі саясаткер, ел билеуші әрі дау шешетін сөз адамы, кедей-кепшіктің сөзін сөйлеп, жетімін жарылқаушы.

Батырлық – мүлік пен тақ емес. Оны құжат жүзінде бекітіп, өсиет бойынша мұ­раға қалдыру мүмкін емес. Соған қара­мастан, қазақта батырлар әулеті деген ұғым бар. Батырдың ұрпағынан батыр шығуы – зергердің баласының зергер болуына ұқсамайды. Зергердің баласы көп жағдайда атасынан үйренген тәжірибе арқылы епті болады. Ал батыр, ең ал­дымен, бабаларының қанымен дарыған тек арқылы батырлыққа бейім болады.

Қазақта батырдан батыр туған мысал жетіп-артылады. «Қазақ батыры» деген кезде ауызға ең алдымен оралатын Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек, Нау­рызбай, Жанқожа, тама Есет, Алыбай, Исатай сынды тұлғалардың қай-қайсысы да текті батырлардың ұрпақтары. Жыр­ларда айтылатын Ер Қосай, Едіге, Ер Тар­ғын сынды батырлардың бәрі де ата-бабасынан ұрпағына дейін батыр бол­­ғандар. Ата кәсіптің батырлар әу­летінде ұрпағына жалғасуын «шынжыры үзілмеу» деп атаған. Батырлар ұрпағы үшін ата кәсібін жалғастырмау – мас­қаралық болып саналды. Әскери әулеттен бол­ғандықтан батырлар алғашқы ерлік жолын көбіне соғыста өлген әкесінің, туысының кегін алудан бастаған.

«Атам менің Қангелді, Қазақ үшін қан берді. Ер Түкеден мен тудым, Ер болуға бел будым…» – деген екен Райымбек батыр бабаларының батырлығын паш етіп.

Арғынның қанжығалы руынан тараған Қанжығалы Бөгенбай батырдың атасы Әлдеуін батыр – Есім хан әскерінің қол­басшысы, ал әкесі Ақша батыр – Тәуке ханның 80 мың қолын басқарған сардар болған адам. 

Ал Қаракерей Қабанбайдың атасы Мәмбет те, әкесі Қожағұл да, Қожағұлдың ағасы Күшік те өз заманының аты шыққан батырлары болған. Ел аузындағы әңгі­мелер дерегіне қарағанда, жастайынан батыр танылған Күшік батыр Еңсегей бойлы Ер Есімнің Ташкентті алатын со­ғысына қатысып, сол Тұрсын хан өлген жылы жамбасына улы найзаның ұшы тиіп, 25 жасында қайтыс болады.

Қысқасы, тізе берсек әр батырдың тегіндегі қайсарлықтың қайдан дарығанын тарқатып кете беруге болады. Бұл мәселені бүге-шігесіне дейін ашу үшін батырлар институтына толыққанды зерттеу жасау қажеттігі анық. Қазақы батырлар институты – өзге халықтардың болмысына ұқсай бермейтіні анық құбылыс.

Қорыта айтқанда, батырдың тектілігі ұрпағына даритынын әркез мойындаған халықпыз. Тіпті қазірдің өзінде «пәленше батырдың ұрпағы екен» деп құрмет көрсетіп жатамыз. Онысы тек бабасына деген құрмет қана емес, «мұның да бойында сол текті қан ағып жатыр ғой» дегенге саяды.

Бағы мен бабы шапқандардың атын қамшылайтын қазақтан қарадан шықса да, дәрежесі ханмен теңескен тұлғалар аз емес. Қазақтың тұрақты әскер ұстамағаны тарихта көп айтылады. Қазақтың әскер саны еркек кіндіктің санымен есептеледі. «Түзге шықсам батырмын, үйге келсем қатынмын» демекші, ешкімге соқтықпай жай жатқан елдің әрбір азаматы – жауынгер. Бұл да біздің генімізге жазылған.


Сәкен НҰРҚАБЕКҰЛЫ, «Алаш айнасы».

 

Пікірлер