Бүгін - Қазақстан Республикасының экс-басшысы, елді 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың советтік Қазақстан президенті болған күні.
1990 жылы 24 сәуір күні Қазақ ССР Жоғары Кеңесі «Қазақ ССР президенті қызметін тағайындау және Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдады. Сол күні Жоғары Кеңес жаңадан тағайындалған ең биік лауазымды қызметке 49 жастағы Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады.
Оның кандидатурасына Жоғарғы Кеңестегі халық депутаттарының 88% дауыс берді.
Айта кетсек, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев билікке 1989 жылдың жазында келді. 1989 жылдың маусымында ол Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. 1990 жылдың сәуірінде президент болғаннан кейін, 1991 жылғы 1 желтоқсан күні Қазақстан тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық президент сайлауы өтті. Бұл сайлауға кандидат болып түскен жалғыз адам - Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ССР президенті болып қайта сайланды.
Ресми мәлімет бойынша, алғашқы бүкілхалықтық президент сайлауына дауыс беру құқығына ие республика азаматтарының 88,2 пайызы қатысқан. Олардың 98,7 пайызы Назарбаевқа қолдау білдірген. Содан бері Назарбаев Қазақстанды 30 жылға жуық үздіксіз басқарып келді. Назарбаев әлемдегі билігі ең ұзақ болған монарх емес мемлекет басшыларының бірі болды.
2019 жылғы наурыздағы наразылық шараларына байланысты Назарбаев отставкасын жариялап, билікті өзіне жақын одақтасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берді.