Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мектеп оқушыларының тамақтануын ұйымдастыруға мемлекеттік бақылауды күшейтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл шешім Маңғыстау облысы мектептеріндегі балалардың жаппай улану оқиғаларынан кейін қабылданған.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі қолданыстағы заңнама балалар жүрген барлық орындарды мемлекеттік бақылаумен толық қамтуға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты ведомство білім беру мекемелеріне қатысты мемлекеттік бақылаудың жаңа тәсілдерін әзірлеген.
Жаңа тәсілдерге сәйкес, балалар жиі баратын орындарға ерекше мәртебе беріледі. Сонымен қатар, тексеру туралы алдын ала хабарлама жіберу алынып тасталады және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестікке мониторингтік сапарлар ұйымдастырылады.
Маңғыстау облысындағы мектеп асханаларындағы жаппай уланудан кейін 72 білім беру ұйымының тізімі жасалып, жоспардан тыс тексерулер басталды. Бүгінгі күнге дейін 14 мектеп асханасы тексеруден өтті.
Улану фактілерін тергеу мақсатында Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктерінің, сондай-ақ Бас прокуратураның өкілдерінен құралған ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.