«Абайды түсінбей жатып, сынайтындар кездеседі»

4390
Adyrna.kz Telegram

Абай мұрасы — бүгінгі қазақтың рухани иммунитеті. Алайда, оны толық зерттей алмай жатырмыз. Бұл туралы Абай тұлғасын жаңаша зерделеп жүрген белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, дінтанушы Досай Кенжетай “Адырна” ұлттық порталына берген сұхбатында айтып берді.

«АБАЙ ОРЫС ЖАҺАНДАНУЫНА ҚАРСЫ ИММУНИТЕТ ҚАЛЫПТАСТЫРДЫ»

Досай мырза, сіз Абай Құнанбайұлының тұлғасын қалай қабылдайсыз? Сіз үшін Абай кім?

— Абай — әмбебап тұлға. Кеңестік кезеңде Абайдың жан-жақтылығын, дүниетанымын, ілімін, көзқарасын, құндылықтар жүйесін насихаттаудың жолын тапқан және ұсынған Мұхтар Әуезов болды. Ол өз зерттеулерінде Абайды жаңа қырынан танытып, терең талдады.

Әуезов Абай тұлғасын орыс жаһандануына қарсы қазақтың мәдениеті мен ұлттық болмысын сақтап қалудың құралы ретінде өте шебер пайдаланды. Абайды деист, материалист, модернист, гуманист ретінде көрсетті. Кейінгі зерттеушілер Абайды экзистенциалист деп танытқысы келді, бірақ оның шығармашылығы мен ойлау жүйесі экзистенциализмге тікелей қатысты емес.

Дегенмен, сол замандағы ғылыми атеизм мен коммунистік идеология, ұлтсыздандыру үдерісіне қарсы тұру мақсатында Абай тұлғасы қолданылды. Сондықтан, Абай — біз үшін орыс жаһандануына қарсы иммунитет қалыптастырған, ұлттық санамызды сақтау жолындағы рухани тірек болған тұлға.

ДІННІҢ КЕЙ ТЕРІС АҒЫМДАРЫ ӨЗ МАҚСАТТАРЫНА БЕЙІМДЕП АЛДЫ»

– Сіздің ойыңызша Абай қазақ руханиятында қандай рөл атқарады?

— Мұхтар Әуезовті бірінші абайтанушы деп толық сеніммен айта аламын. Ол Абайды бізге танытты, оның шығармашылық мұрасын жүйелеп, көркем бейнесін жасап берді. Алайда Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде Абайдың руханияты, дінге көзқарасы, теологиялық және теософиялық қырлары толық зерттелген жоқ. Сондықтан Абайдың осы жағы бізге біраз уақыт беймәлім болып келді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін, қоғамда дінге бет бұру басталған кезде, Абайдың рухани мұрасы қайтадан өзектене түсті. Тіпті, сол кезеңде дін жолына бет бұрған кейбір ағымдар, соның ішінде теріс бағыт өкілдері де Абайдың қара сөздері мен өлеңдеріндегі кейбір принциптерді өз мақсаттарына бейімдеп, түрліше түсіндіруге тырысты.

Бір сұхбатыңызда "Абайдың махаббат философиясы" деген монографияңызды жазып жатқаныңызды айтқансыз. Сол еңбегіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз.

— Иә, бұл еңбек — менің көптен бері зерттеп жүрген тақырыбым. Монографияда Абайдың "махаббат философиясын" тереңінен талдауға тырыстым. Абайдың:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті", - деген жолдары арқылы ол махаббатты таным мен болмыстың өзегіне айналдырып отыр. Кейін осы негізде "үш сүюді" — Алланы сүю, адамзатты сүю, әділетті сүюді — "имани гүл" деп анықтайды.

Кеңестік кезеңде, әсіресе, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде Абайдың дінге, теософия мен теологияға қатысы кеңінен ашылмады. Кейбір анықтамалар мен ишаралар болды, бірақ ол тұстағы эпистемологиялық шектеулер мен идеологиялық цензура бұл қырларды толық көрсетуге мүмкіндік бермеді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Абайдың осы болмыстық қабаттарын қайта зерделеу қажеттілігі туды. Қазақ руханиятына терең бойлаған сайын, Абайдың негізгі тірегі — “махаббат ілімі” екенін байқаймыз. Бұл — оның рухани дүниетанымына апаратын алғашқы баспалдақ.

Монографияда мен махаббат мәселесін болмыстық, моральдық, этикалық, әділет-құқықтық және ең бастысы - тарихилық тұрғыдан ашуға тырыстым.

Абайдың махаббат философиясы діни философиямен, әсіресе тасаууфтағы (сопылықтағы) қағидалармен тығыз байланысты. Бұл жерде махаббат — тек сезім емес, адамның Жаратушымен, әлеммен, адаммен қарым-қатынасын анықтайтын рухани өлшем ретінде қарастырылады.

"Махаббат философиясы" деген жаңалық емес. Бірақ бұл тақырыпты дін философиясы мен сопылық таным тұрғысынан жүйелеп, терең талдау бүгінгі оқырманға қажет деп есептедім. Сол себепті осы еңбекті монография ретінде дайындап, баспаға ұсындым. Қазіргі уақытта баспа процесінде.

Абай шығармашылығында сопылық танымның көрініс табатынын айттыңыз. Мысалы, Абайдың «осы үш сүю болады имани гүл» деген сөзінде Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерімен үндестік бар ма?

— Иә, бұл жерде Абай мен Қожа Ахмет Яссауи арасындағы рухани сабақтастықты анық байқауға болады. Абайдың «имани гүл» тіркесі жайдан-жай қолданылған емес. Бұл ұғым сопылық дүниетанымдағы, әсіресе Яссауи іліміндегі терең мазмұнды бейнелейді.

Яссауидің сопылық философиясы негізінен "хал іліміне" сүйенеді. Бұл ілім — белгілі бір құрылымы мен категориялары бар жүйелі таным. Яғни хал ілімі болған жерде ілім бар, сол ілімге сай ұстаным бар және оны игеру мен іске асырудың методологиясы бар.

Осы үш қабатты негізге ала отырып, біз Абайдың сопылық әлеммен, әсіресе Яссауи дәстүрімен өз шығармашылығында терең байланыс орнатқанын байқаймыз. Бұл байланыс ең алдымен ұғымдық деңгейде көрінеді. Яғни Абай қолданған кейбір терминдер мен тіркестердің түп-тамыры сопылықта жатыр. Соның бірі — «имани гүл» ұғымы.

Бұл тіркес — сопылықтағы тарихат сатысындағы негізгі рухани категориялардың бірі. Сопылықта иманның төрт негізгі сатысы бар:

  1. Имани бустан – шариғаттағы иман,
  2. Имани гүл – тариқаттағы иман,
  3. Имани сыр– мағрифаттағы иман,
  4. Имани нұр – хақиқаттағы иман.

Бұл атаулар — иманның түрлері емес, иманның рухани кемелдік дәрежелері. Олар адамның ішкі дүниесінің, моральдық және психологиялық даму сатыларының көрінісі ретінде қарастырылады. Демек, бұл – адам болмысының аксиологиялық, антологиялық және  этикалық мәндерін қамтитын көпқабатты рухани құрылым.

Абай осы сатының ішінен «имани гүлді»таңдап алып, оны өз философиясының өзегіне айналдырады. Бұл бекер емес, себебі «имани гүл» — тарихаттағы иман, яғни адамның өз еркімен, жүрек қалауымен Аллаға бет бұруы, рухани жолға түсуі деген мағына береді.

Монографиямда осы мәселені жан-жақты қарастырдым. Абайдың махаббат философиясын талдай отырып, сопылық дүниетанымдағы ұғымдармен — оның ішінде Яссауидің «имани гүл» категориясымен — философиялық, эпистемологиялық, педагогикалық және генеологиялық тұрғыда салыстырмалы түрде талдадым.

Абайдың ойлау жүйесінде сопылық элементтердің, Яссауи жолының құрылымдық ұстанымдарының терең сіңгенін анық көруге болады. Бұл — Абайдың тек ақын емес, рухани ұстаз, сопылық философияны игерген ойшыл екенінің айқын дәлелі.

Абайдың «толық адам» тұжырымдамасы да Яссауи ілімімен терең үндеседі. 38 қара сөз — Абайдың рухани-философиялық ойының ең шырқау шыңы. Бұл сөз көптеген қолжазбаларда «Китаб тасдиқ» деп аталады. Дәл осы жерде Абайдың теологиялық көзқарастары айқын көрініс табады.

Қазақтың діни танымы мен дүниетанымын ғылыми тұрғыдан негіздеуге келгенде, Абайдың 38 қара сөзі басты қайнарлардың бірі ретінде қарастырылады. Абай үшін толық адам — бұл өзінің рухани болмысын таныған, үнемі өзіне үңілетін, өзін-өзі бақылап, есепке алатын, ішкі жан дүниесін тәрбиелейтін адам.

«АБАЙДЫ РУХАНИ ТҮСІНДІРУ КЕҢІСТІГІ ӘЛІ ҚАЛЫПТАСПАҒАН»

Бүгінгі қазақ жастары Абайды толық түсіну үшін не жетіспейді?

— Жоғарыда айтқанымдай, біз Абайдың мұрасын, оның қалдырған рухани құндылықтарын ұзақ уақыт бойы діни-танымдық, теологиялық тұрғыдан қарастыра алмадық. Кеңестік кезеңдегі идеологиялық шектеулердің әсерінен Абай шығармаларындағы ең терең қабат — рухани, діни, сопылық мазмұн назардан тыс қалып қойды. Соның салдарынан Абай туралы жазылған көптеген еңбектерде құндылықтық негіз жеткілікті деңгейде ашылмады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана біз бұл мәселені жаңаша қарастыра бастадық. Дегенмен, отыз жыл — ұлт тарихы үшін қас-қағым сәт қана. Ал Абайдың мұрасындағы рухани құндылықтар — мәңгілік мәні бар дүниелер. Сондықтан болашақта біз Абай шығармаларын дінтану, сопылық, теология спектрінде қайта қарап, жастарға осы тұрғыдан түсіндіруіміз қажет.

Егер осы бағытты жүйелі түрде қолға алсақ, бүгінгі қазақ жастары Абайды тереңірек түсініп, оны рухани тәрбие мен өзіндік дамуға жол сілтер тұлға ретінде қабылдайды деп сенемін. Жетіспей тұрған негізгі мәселе — осы рухани түсіндіру кеңістігінің әлі де толық қалыптаспағаны. Енді осыны қолға алуымыз керек.

Бүгінге дейін Абайдың мұрасын зерттеп, насихаттаған абайтанушылар жетерлік. Дегенмен, сіздіңше, біз Абай мұрасын толық зерттеп, таныса алмадық па?

— Иә, Абайдың мұрасын толық танып, шегіне жеттік деп айтуға болмайды. Әлі де терең, жүйелі түрде зерттелмеген тұстары бар. Өз басым Абайдың теологиялық көзқарастарын, сопылық философиясын, болмыстық негіздемелерін — бәрін жаңаша, қайта қарап, әрбір мәтінін тарихи, салыстырмалы және методологиялық талдау арқылы зерттеудің қажеттілігін үнемі айтып келемін.

Абайдың шығармаларындағы қоғамдық компоненттер, этимологиялық ерекшеліктер және сол дәуірдің рухани-мәдени контексті ескерілмей, оның терең танымын ашу мүмкін емес. Өкінішке қарай, бүгінде Абайды толық түсінбей жатып, оны сынайтын адамдар да кездеседі. Мысалы, “Абайды орыс мәдениетіне табынған, қазақты орысқа жығып берген” деген сияқты үстірт пікірлер айтылады. Бұл — Абайдың рухани тұлғасына жасалған әділетсіздік, тіпті қиянат деп есептеймін.

Сондықтан бүгінде "Абайды толық танып болдық" деу — шындыққа сай келмейді. Бұл — жалған баға, үстірт тұжырым. Кеңестік кезеңде Абайдың өлеңдері мен қара сөздері көбінесе социалистік реализм, психоаналитикалық әдістер тұрғысынан талданды. Бірақ олар Абайдың тұтас рухани болмысын, оның поэзиясындағы тарих пен болашақтың үндестігін, тұтастықты, рухани тереңдікті толық аша алмады.

Қазір біз Абайды қайта танудың жаңа кезеңіне келіп отырмыз. Алда Абайдың туғанына 180 жыл толатын үлкен мерейтой келе жатыр. Осы тарихи сәт қарсаңында мен өзім жазып жатқан «Абайдың махаббат философиясы» атты монографиям арқылы осы ойларымды жүйелі түрде ұсынуды мақсат етіп отырмын. Бұл — Абайды рухани-философиялық, теологиялық қырынан қайта пайымдауға арналған еңбектердің бірі болады деп сенемін.

«АБАЙ ҚҰНДЫЛЫҚ»

Ендеше, Абайдың мұрасын сақтау және насихаттау үшін қандай шаралар қабылдау қажет деп санайсыз?

–  Өте күрделі сұрақ. Абайдың мұрасы — біз үшін үлкен құндылық. Ең алдымен, құндылыққа деген көзқарасымызды дұрыс қалыптастыру керек. Абайдың мұрасын сақтау деген тек оны музейде немесе кітапханада сақтау емес, оның идеяларын қазіргі заманның әлеуметтік, идеологиялық, әдеби, философиялық, саясаттану салаларына белсенді түрде енгізу қажет. Яғни, Абайдың ұстанымдары бүгінгі қоғамның барлық қабаттарында көрініс табуы тиіс.

Абай мұрасын насихаттау тек қарапайым үгіт-насихатпен шектелмеуі керек. Оның құндылықтарын күнделікті тұрмысымызда, қазақы болмысымызда, ұлттық мәдениетімізде табиғи түрде көрінетіндей механизмдер жасауымыз қажет. Бұл бағытта бізде әлі де олқылықтар бар.

Ең алдымен, "Абай мұрасының мәні не?" деген сұраққа жауап беретін ғылыми институттар қажет. Әрине, қазір абайтану курстары мен орталықтары бар, бірақ олардың жұмысы кешенді әрі жүйелі деңгейде емес. Олардың тарапынан шыққан нәтижелі, салмақты еңбектерді көріп отырған жоқпыз. Сондықтан Абай мұрасын зерттейтін жаңа институттар мен орталықтардың санын да, сапасын да арттыру қажет.

Ғылым деген бір адамның меншігі емес. Әрбір ғалым Абай мұрасын өзіндік платформа мен методология арқылы зерттеуге ұмтылады. Бұрынғы кеңестік дәуірдегі Абайды гуманист немесе экзистенциалист ретінде қарастыру кезеңі өтіп кетті. Бүгінде Абайға қараған кезде, өз мәдениетіңді, ұлттық өркениетіңді, тарихи-кеңістіктік тәжірибеңді ескере отырып, толерантты, саналы деңгейде қатынас жасау қажет.

Абай — құндылық. Оған кез келген адам бара алмайды. Барғысы келген адам алдымен өзін болмыстық тұрғыдан танып, Абайға ғылыми әрі рухани дайындықпен келуі тиіс. Абайды қайта тану үшін рухани түсіндіру кеңістігін қалыптастыру керек. Осылай болғанда ғана Абайдың мұрасы біздің өмірімізге шынайы әсер етіп, нұр бере бастайды.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Дана Нұрмұханбет

«Адырна»

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Не смейте выбрасывать зажимы от хлебных упаковок: они бесценны
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Этот танец невесты оставит вас без слов! Пересмотрела 10 раз!
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Пышнотелая танцовщица заставила зал замереть! Только посмотрите
Пікірлер