Жастар есірткі сатушылардан әлі де зардап шегуде

3343
Adyrna.kz Telegram

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында нашақорлыққа салынған жастар туралы көп еститінбіз. Сондықтан да маған есірткіге тәуелділіктен біржола құтылған сияқты болып көрінеді. Өйткені айналамыздағы таныс-тамырлардан нашақорлыққа құмартқандар кездеспейтін еді. Әйтсе де, «қой терісін жамылған қасқырлар» әлі де болса арамызда бар көрінеді.

Жамбыл облысында «Оңтүстік-Арылу» қоғамдық қорының президенті Дәурен Бағжанов наркомания мәселесесімен көптен бері айналысып келеді. Оның айтуынша, облыстық наркодиспансерде 9 мыңға жуық азамат тіркелген.

«Қазіргі кезде есірткіге тәуелділіктің формасы өзгерген. Норкодилерлер интернет арқылы жастарға есірткісін таратып жатыр. Әрине ҰҚК мен облыстық полиция департаменті ауқымды жұмыстар атқаруда. Оның үстіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі бойынша жазаны қатаңдатуды тапсырды. Алайда бұл дертпен қоғам болып күреспесек, құқық қорғау органдары мен біз сияқты ұйымдардың шамасы нақты нәтижеге жетуге жетпейді Шын мәнісінде психологиялық наркомания деген өте қауіпті дерт болып отыр. Басқа наркомания болса, оның бетін қайтаруға болады. Ал психологиялық наркоманияға шалдыққан адам 2-3 жылдан артық өмір сүре алмайды», – дейді ол.

Дәурен Бағжанов еліміздің Ұлы Жібек бойында орналасуының артықшылығымен қатар, кемшілігі де бар екенін айтады. Мәселен біздің территориямыз арқылы Ауғанстаннан Ресей мен Қытайға есірткі заттары өтеді. Өкінішке қарай осы есірткі заттарының белгілі бөлігі елімізде қалып қоятын көрінеді.

«Қазіргі таңда нашақорлықтан емдейтін орталық Алматы мен Павлодар қаласында ғана бар. Біздің  кәсіби міндетіміз – есірткі заттарына тәуелділерді анықтап, оларды аталған орталықтарға жіберуге қолдау көрсету болып отыр. Бізге нашақорлыққа салынған адамдар кездесіп қалса немесе хабарласса аталған орталықта емделуге мотивация береміз. Сұраныс ұсынысты тудырады деген бар емес пе? Менің позициям ауруды емдегеннен қарағанда алдын алған жөн дегенге саяды. Сол себепті де біз жастармен жиі кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды түрде жүргізіп жатырмыз. Егер нақты жоспар бойынша кәсіби түрде жұмыс жасайтын болсақ, алдағы 5-7 немесе 10 жылда жастарды бұл кеселге жоламайтындай ете аламыз», – дейді Дәурен Бағжанов.

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

 

 

Пікірлер