Семей қалай ҚЫСҚАРДЫ?

4962
Adyrna.kz Telegram
  • «...Семей облысының халқы Сер-ағасы үшін сертке тұрып, оппозициялық саясаткерді екі рет парламенттік сайлаудан депутаттыққа алып шықты. «Алып шықты» деген оңай сөз: анығында, билік Әбділдинге қарсы қойған кандидаттарды әдірам қалдырып, әкімшілік ресурстарды тас-талқан етіп, өзінің тәуелсіз тумасын Жоғарғы палатаға депутат етті. Бұл жағдай Назарбаев үшін аса «қатерлі сигнал» еді.

Абыз Абайдың туғанына 175 жылдық айтулы датасының қарсаңында Семей өңірі қазақстандық биліктің есіне түсті: 90-жылдардың ортасынан бергі «соғыстан кейінгі қираған шаруашылықты қалпына келтіруге» біраз қомақты қаржы бөлініп жатқан сияқты. Қомақтысы – қомақты-ау, бірақ ол қаржы Семейдің үңірейген жыртығына жамау-жасқау бола ма? Полигон зардабынан – бір, парықсыздық залалынан – екі жапа шеккен шерменде өңірдің мұң-зарын, тіпті Абыздың аруағымен алдарқату мүмкін бе?

Қоғамда ара-тұра айтылып жүрген осы сияқты сұрақтардың салдары болса керек, Семейді бөлек облыс ретінде қайтадан қалпына келтіру мәселесі де соңғы кездері жиі-жиі сөз бола бастады. Егер Семейге барып-қайтқан президент Тоқаевтың тәлімді ниеті түзу болса, облысты қалпына келтіру – Абайдың мерейтойына тартылған ғаламат сыйлық болар еді... 

Жуықта Adyrna.kz порталынан Оңғар Қабден бауырым: «Семей неге жабылып еді?» деген сұрақ қойды. Оңғардың ойы мәлім: бұл сұрақтың астырында да Семейді қалпына келтірудің мүмкіндігі бар ма деген емеурін жатқан еді. Иә, бүгінде ел шетіне шығуға жарап қалса да, 90-жылдары «үстел жағалап жүрген» біраз бала-шағаның білмеуі де мүмкін: ең алдымен Семей облысын қысқартуға не себеп болып еді деген сұраққа жауап іздеп көрейік. 

Біріншіден, облыс жабылған 1997 жылы ҚР үкіметінің бастамасымен республикада «елді-мекендерді ірілендіру саясаты» қызу жүргізілді. Оңтайлы қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатында Кабминге кіріптар БАҚ «ірілендіру» деген түсінікті «көркейту» мағанасымен жамырай жазды. 

Анығында бұл «ірілендіру» үшін емес, тығырыққа қамалған үкіметті «тірілендіру» /тірілту/ үшін жасалған саясат болды. Тап-таза – көзалдау еді. Тақыр-таза қалған қазынаға қиындық туып, халықтың жалақысы мен зейнетақысын төлеу қияметі үкіметті кеңірдектен қысқан кезде, бюджет шығындарын қысқарту амалымен Жезқазған, Көкшетау, Семей, Талдықорған және Торғай облыстары қысқарды. Трайбализмнің тақырыбы деп, жасырып-жабар түгі жоқ және турасын айту керек: қысқартуға негізінен Орта жүздің толық төрт облысы (Талдықорғанның жартысынан астамы – Орта жүз аймағы) тап болды. Сайып келгенде, бұл «елді-мекендерді ірілендіру» саясаты емес, Арқадағы ел-жұртты аңырату саясаты болды да шықты.

Еске алайық: ол кездегі ел премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин – Семейдің тумасы еді. Жекешелендіру саясаты салдарынан қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық проблемадан құтылу үшін және үкімет пен бюджетті құтқару амалымен премьер-министр ел президентінің алдында өзінің территориялық-тумалық мүддесін жығып беруге мәжбүр болды. Сол жылдары Лондон экономика мектебінің «Жыл реформаторы» атанған Қажыгелдиннің қисабында мемлекеттік мүдде тұрғысында бір есеп болған шығар, бірақ барлық ауыртпалық пен әлеуметтік дағдарыстың соққысы осы қысқарған бес облыстың халқына тиді. Қатты айтылды деуге болмас: күйзелген ел-жұрт қаңғырып кетті. Әлі де маңып жүр...

Ескере кететін тағы бір жәйт: Кабминнің сол кездегі есебі бойынша, қысқартуға тап болған облыстар жергілікті өндірістің негізінде өздігінен бюджет қалыптастыра алмайтын, экономикалық тұрғыда мешеу – шағын облыстар саналды. 

Осы орайда тағы да жік салдының сөзі демесін: бұл қысқартуға батыстың немесе оңтүстіктің сол жылдарғы экономикасы шағын облыстары – Атырау, Орал, Маңғыстау, Қызылорда неге тап болмады? Себебі – «нойыс мінезді» өр батыстан қатты қаймығатын Назарбаев бұл облыстарға «соқтықпау» қажеттігін Қажыгелдинге қатты ескерткен болуы керек. (Батыста «бунт» бұрқ етсе, оны басу оңай болмасын ендігі жаңа тарих дәлелдеп берді). 

Ал Жамбыл облысы ше? Ол несімен Семей мен Торғайдан артық еді? Оны екігі жарып, жартысын – Шымкентке (ОҚО), екінші бөлігін Алматы облысына неге қоспады? Жезқазған Қарағандыға қосылған соң, екі облыстың жалпы аумағы Жамбыл мен ОҚО-ның біріккен көлемінен асып кетер ме еді? Немесе, Мақаншыдан 600 шақырымдағы облыс орталығы – Өскеменге сабылатын семейлік халық көнбіс пе еді? 

Бірақ бұл арада сол жылдарғы жамбылдық жойпандар – Қаратай Тұрысов, Өмірбек Байгелді, Сарыбай Қалмырзаев қиқу қоастын факторды Назарбаев назарға алса керек. Биліктің басын басып алған бұлар бастаған «кландар» бітіспес майданға шығары – президенттің пайымындағы қатер еді. Расында, Арқаның төрт облысын таратып жіберу жеңілірек екенін сезген Назарбаев нақұрыс дейсіз бе: Жамбыл жақтан шығатын «жаудың» беті күшті боларын білген шығар? 

Екіншіден, қысқарған облыстардың өзіндік өндірістік-экономикалық мүмкіндігі жергілікті бюджетті қалыптастыруға қауһарсыз деген үкіметтік уәж – алдарқату амалы ғана еді. Семеймен салыстыратын болсақ, Қызылорда, Орал (БҚО) және Жамбыл облыстары сол 90-жылдары қарық болған жағдайда емес еді. Ол кезде Қызылордада – мұнай, Оралда – газ өндіру түгілі, оның бүгінгі перспективасы да болмаған. Жамбылдың жалғыз және ірі бағыты – фосфор өндірісі дағдарыстық жағдайда жантайып жатқан. Бірақ бұл облыстар республика бюджетінен дотацияда отырса да, өзіндік статусын сақтап қалды.

Үшіншіден, Өскеменді (ШҚО) қазақыландыру үшін, оған Семейді қосып, жергілікті орыстың үлес салмағын семейлік қазақтың есебінен «езіп жіберу» қажет болды деген алдарқату да – бос сөз. Егер шекаралық облыстарды қайткенде қазақыландыру қажет болған жағдайда, Оралды – Атырауға, Петропавлды – Көкшетауға қосып жіберу қажет еді. Бірақ сол жылдары казактар мен славяндық құрылымдар «құтырып тұрған» бұл облыстар қысқарту қайшысына ілікпеді. 

Міне осындай салыстырмалы сараптаудан соң, Семейді қысқартудың қандай биліктік қисабын тілге тиек ете аламыз? Семейдің өзіндік өндірістік мүмкіндіктерін айтпағанда, оның аграрлық сипатын сақтап, неге дербес облыс ретінде қалдыруға болмады? "Аграрлық сипат" дегенде, бүгінгі оңтүстіктің (Алматы, Шымкент, Тараз) мал базарларын негізінен Мақаншының, Үржар, Ақсуат және Аягөздің ірі қара малы толтырып тұрғанын еске алу керек. "Соңғы он жылдан бері Семейден тасып жатырмыз, тасып жатырмыз – бұл не деген бітпейтін мал?!" дегенді бүгінде оңтүстіктегі екі делдал саудагердің бірі айтады.

Иә, сонымен қалай болғанда да, «өз күнін өзі көріп кету» мүмкіндігі болған Семейді қысқарту неге қажет болды? Әрине бұл орайдағы біздің пікір субъективті сипатта болуы мүмкін: бірақ қалай болғанда да, бұл арада біз бірінші кезекте семейлік тума «Әбділдиннің факторын» тілге тиек еткіміз келеді. 90-жылдарғы қазақстандық оппозицияның ірі өкілі Серікболсын Әбділдин билікке қауіп төндіретін дара тұлға болды. Ол жылдары әлі автократтанып үлгермеген Нұрсұлтан Назарбаев болашақта өзінің тағына таласатын бірден-бір «қауіпті үміткер» Әбділдин екенін білді. Сол себепті ол ҚР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы (1991-93ж.) болып отырған Әбділдинді қоғамдық қолдаудан ажыратудың барлық айла-шарғысын жасап бақты. Ал Семей облысының халқы Сер-ағасы үшін сертке тұрып, оппозициялық саясаткерді екі рет парламенттік сайлаудан депутаттыққа алып шықты. «Алып шықты» деген оңай сөз: анығында, билік Әбділдинге қарсы қойған кандидаттарды әдірам қалдырып, әкімшілік ресурстарды тас-талқан етіп, өзінің тәуелсіз тумасын Жоғарғы палатаға депутат етті. Бұл жағдай Назарбаев үшін аса «қатерлі сигнал» еді.

«Әбділдиннің факторы» дегенде, 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған назарбаевтық Конституция еске түседі. Бұл – ҚР Жоғарғы Кеңесі таратылған кезде, елде заң шығарушы органның вакумын пайдаланып, президенттің жеке дара жарлығы бойынша тағайындалған және Қазақстанды автократиялық бағытқа бұра тартқан Конституцияның қабылдануына негіз болған референдум еді. Сол жылдарғы ат төбеліндей ғана оппозициямен бірге Серікболсын Әбділдин қарсы болған осы референдумда республика бойынша ең төменгі мөлшерде дауыс берген Семей облысы болды. (Бұл биресми дерек кезінде «Крестный тест» деген кітап жазып, қазақстандық сайлау технологиясын әшкерелеген Рахат Әлиевтің аузынан шыққан сөз еді).

Сондықтан шетелдік кеңесшілерінің көмегімен «суперпрезиденттік жүйе» жасауды қолға алған Назарбаев өзінің басты қарсыласы Серікболсын Әбділдиннің саяси арынын «тұншықтырудың» құйтырқы интригасын бірте-бірте жүзеге асыра бастады. Сол солақай саясаттың және өшпенділік пиғылдың бір тармағы – Әбділдин бастаған оппозиция ошағын қолдайтын Семейді «құрту» болды. Ол саясаттың ақыр соңы – 1996 жылдан бері Секең жетекшісі болған Қазақстан Коммунистік партиясын сот шешімімен жабумен тынды (2015 жыл).

Ал 90-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында Семей өңірі «оппозиция ошағы» болғанын ешкім жоққа шығара алмаса керек: Әкежан Қажыгелдин, Амангелді Керімтаев, Майра Әбенова, Бақытгүл Мәкімбай, ағайынды Нұрлан және Қуаныш Бәкірлановтар (РНПК), Ғалымжан Жақиянов, Төлен Тоқтасынов, Зәуреш Батталова, Виктор Ковтуновский (ДВК), Маржан Аспандиярова, Әмірбек Тоғысов, (Азат)... – осындай семейлік тұлға-тұқымдардар тұрғанда, Нұрсұлтан Назарбаевтың «нойыс» Семейге өшігетін жөні бар ма, жоқ па? Басқа есеп-қисабын қайдам, мұндай оғыландар ортасына озбырлық жасау – жеке дара билігі үшін өларман адамның санасына сәйкес жағдай болса керек...

Ал енді Семей облысын қайтадан қалпына келтіруге бола ма деген сұрақ – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ендігі ерік-жігеріне тәуелді мәселе. Егер ол «кітапханадағы» кісінің ықпалынан шыға алса, кепиетті аруақтар рухы аспандаған, тарихы терең аймақтың атын да, затын да қайтара алады. Ал егер Семейді қалпына келтірсек, жабылған басқа облыстарға «тізбектелген реакция» тарап кетуі мүмкін деген қорқыныштан құтыла алмаса, 1997 жылғы статус-квоны барлығына бірдей қалыптастыруға тура келеді. 

Бұл енді, расында да дағдарыстағы ел экономикасына тәуелді шешім: мұнай мен газдан түскен қыруар қаржы офшорға ойыса бере ме, жоқ әлде оны ел мүддесіне бұруға бола ма?

Жасыратыны жоқ, бұл да – шешімі «кітапхана» арқылы шешілетін сұрақ... 

Ермұрат БАПИ

  • Арнайы Adyrna.kz порталы үшін жазылды.   

 

    

      

   

Пікірлер