Жамбылда мүгедектерге жәрдемдесетін бірнеше ұйым жұмыс істейді

2936
Adyrna.kz Telegram

Халқымыз әлімсақтан «бірінші байлық – денсаулық» деп тегін айтпаған. Он екі мүшең бүтін, деніңнің сау болғанына тең келер ештеңе жоқ шығар, сірә! Десе де, қоғамда асау тағдырдың жазуымен мүмкіндіктері шектеулі бола тұра, өр мінездің арқасында өмірге құштар, еңбекқор жандарды көріп көз қуанады.

Бүгінде Жамбыл облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүдделерін қорғап, оларға жан-жақты қолдау көрсететін «Асар», «Нақты көмек», «Асу», «Нұр қайырым» қоғамдық бірлестіктері жұмыс істейді.

Аталған қоғамдық бірлестіктер облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты мүгедектерді бейімдеу және оңалту орталығымен тығыз байланыста деуге болады. Бұл бірлестіктер мүгедектердің мұң-мұқтажын, қордаланған мәселелерін шешу мақсатында атқарушы билік өкілдерінің қатысуымен алқалы басқосулар ұйымдастырып тұрады.

Осынау қоғамдық бірлестіктердің мұрындық болуымен кемтар жандар арнайы білім алып, тіпті кейбірі тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігіне де ие болып отыр.  Мәселен, «Нақты көмек» қоғамдық бірлестігі өткен жылы 40 мүгедек жанды тігіншілік, тоқыма тоқу, құрақ құрау кәсіптеріне оқытып, арнайы курс бітіргені туралы сертификат берсе, биыл бұл үрдіс өз жалғасын тапқан. Ал  «Нұр қайырым» қоғамдық бірлестігі мүмкіндігі шектеулі жандарды ұялы телефон жөндеу шеберлігіне баулып отырғаны да көңіл марқайтады.

Дейтұрғанымен,  «Нақты көмек» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шолпан Ахметова арнайы білім курстарын аяқтап, қолдарына сертификат алған  мүгедектерге жұмыс табу қиын екенін жасырмайды.

«Біз өзіміз өткізетін жиынға міндетті түрде басқарма мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалынан өкілдерін, бірнеше кәсіпорындардың басшыларын шақырамыз. Басты мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі жандарды тұрақты жұмысқа орналастыру», – дейді ол.

Ал кейбір мәліметтерге сүйенсек, былтыр 300-ден астам мүгедек жандар мамандыққа бейімдейтін курстардан өтіп, бұл мақсатта облыстық бюджеттен 100 миллион теңге қаражат бөлінген. Нәтижесінде өңірде 610 мүгедек еңбекпен қамтылып, оның 300-і тұрақты жұмыс тапқан.

Сондай-ақ, былтыр Таразда мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеуге арналған иппотерапия клубын ашылған болатын. Иппотерапия – атқа мінгізіп емдеу, яғни ат биоөрісі церебралдық сал аурумен ауыратын адамдар үшін пайдалы. Аттың аяғы баланың жүрісін жіті қадағалап әрі емдейтінін алға тартады «Асар» мүгедектермен жұмысты ұйымдастыру ұйымының төрағасы Руслан Төлегенов.

Тағы бір атап өтетін жайт, қоғамдық бірлестіктердің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында спартакиада тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Соның бірі қазан айының екінші жексенбісі яғни мүгедектер күніне орай өткізліген.

Орталық стадионда өткен бұл спорттық іс-шараға 120-дам астам мүмкіндік шектеулі жандар қатысып, спорттың 6-түрінен өзара сайысқа түскен.

Атап айтқанда, 100 метрге мүгедек арбада жарысу, қол күресі, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ және дартс ойындары тағы да басқалары бар.

«Жарыстың мақсаты - мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын сақтау, әлеуметтік жағдайларын жақсарту және салауатты өмір салтын ұстануға айрықша назар аудару»,- дейді ұйымдастырушылар.

Тартысқа толы өткен спорттық жиында барлық қатысушылар сый-сияпатпен марапатталды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жарысына Рио-Де-Жанейро Параолимпиадасы ойындарының жеңімпазы, даңқты спортшы Зульфия Габидулина да тұрақты қатысып тұрады.

Бұған қоса, мүгедектердің мүддесін көздерінің қарашығындай қорғап жүрген қоғамдық бірлестіктер, олардың қолдарынан шыққан өнер бұйымдарының көрмесін де ұдайы көпшілік назарына ұсынып келеді.

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

Пікірлер