Әлеуметтік төлем кедейшіліктен құтқармайды, өзгеріс керек

3844
Adyrna.kz Telegram

«Аналитик» сараптау орталығының қаржыгері Арман Мусин Қазақстанға атаулы әлеуметтік көмек түріне қатысты жаңа форматты ұстанатын кезең жеткенін алға тартты. Қаржыгердің пайымдауынша, алдағы үш жылда нақ осы салаға қатысты жаңаша бағыттарды тәжірибеге енгізген жөн.

«2018 жылдың 1 қарашасында біз «Қандай мәселеге алаңдайсыз» деген сауалды ұстана отырып 2 млн 300 мың адам қатысқан арнайы сауалнама жүргіздік. Сонда сауалнамаға қатысқандардың 46 пайызы азық-түліктің және баспананың қымбаттығына қынжылған. Ал 43 пайызы ақшаның тапшылығына, әлеуметтік төлемдердің аздығына, жәрдемақының жетпейтініне көңілі толмаған. Ал қалған 11 пайызы коммуналдық төлемдердің қымбаттауына наразы. Қазірде осы үш сауал қарапайым халықты алаңдатып отыр. Біз бұған қоса атаулы әлеуметтік көмек алатын 448,1 мың адамның 300 мыңын жеке сауалнамаға тартып көрдік. Нәтижесінде олардың 66 пайызы «кедейшіліктің қақпанында» жүргенін айтты. Қосымша табысы жоқ, кірісі мардымсыз тек әлеуметтік төлемге ғана күні қарап отырған  адамға 4176,6 теңге бір айлық күн көрісіне жетпейді. Сондай-ақ қыс мезгілі тақағанда 19 мың 240 теңге көмек беру де ақылға сыйымсыз. Бұл сомаға шындап келгенде бір тонна көмір де келмейді. Өз басым, осыған қатысты әлеуметтік төлемдер жүйесіне қатысты заманға сай жаңашылдық  керек деп есептеймін»,-деді қаржыгер Арман Мусин.

Қаржыгердің айтуынша, әлеуметтік төлемдер мәселесіне келгенде «қолұшын бер» деп тек мемлекетке ғана телміріп отыру дұрыс емес. Бұл ретте қосымша  әлеуметтік-қоғамдық қорлар құрылғаны дұрыс.

«Әлеуметтік саясатта халықтың жағдайын мемлекеттен берілетін әлеуметтік төлеммен көтеру мүмкін емес. Бұған қатысты дүниежүзінде түрлі тәжірибелер бар. Мысалы, Малайзияда тұрмысы төмен отбасыларға қаржылай көмек көрсететін әлеуметтік-қоғамдық қорлар бар. Бұл елде жағдайы төмен отбасы сол қорларға барып тіркеледі.  Ол қор жаңағы отбасын қамқорлығына алып жұмыспен қамтуға, баласын оқытуға, тіпті микронесиемен қамтуға да жағдай жасайды. Осы тәрізді әлеуметтік-қоғамдық қорлар біздің елімізде де құрылуы қажет. Біздегі түрлі шағын несие ұйымдары әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға несие беру жағын мүлде ойға да алмайды. Ал Малайзия, Финлияндия, Германия тәрізді елдерде 1 % үстемақымен жағдайы төмен отбасыларға көпжылдық несие беру жүйесі қалыптасқан»,-деді Арман Мусин.

Оның айтуынша, мұндай аз пайыздық үстемақымен тұрмысы төмен адамға несие беру оларға үлкен мүмкіндік ашар еді. «Қолына қаражат тигеннен кейін олар белгілі бір кәсіппен шұғылдануы  да мүмкін. Шағын шеберхана, тігіншілік, етік жөндеу істерін дөңгелетіп әкеткісі келетіндер де бар. Сондықтан әлеуметтік аз қамтылған топқа  арзан несие беру жайы да қолға алынса» дейді ол.

Қаржыгердің бұл пікірін экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябеков те қолдап отыр.

«Бірқатар дамыған елдерде жағдайы төмен, мемлекеттік бақылауда тұрған отбасыларға бірнеше мәрте көмек беріледі. Мысалы, Оңтүстік Кореяда даму деңгейі төмен аймақта тұрған әлеуметтік жағдайы жоқ адамға мемлекет тарапынан ай сайын 280 доллар көлемінде арнайы жәрдемақы төленеді. Ең қызығы, уақыт өтіп олар басқа қалаға немесе өзге мемлекетке қоныс аударса да мемлекет сол жәрдемақыны оларға төлеуін тоқтатпайды. Өйткені олар даму деңгейі төмен аймақта өмір сүрді. Сол үшін мемлекет оларды әлеуметтік төлеммен өмірінің соңына дейін қамтуға міндетті. Ал бізде бір ғана  Семей полигон аймағында тұрған адамдар өз ішімізде  басқа қалаға қоныс аударса бітті, төленіп отырған мардымсыз экологиялық төлем дереу тоқтатылады. Осындай айырмашылықтар еріксіз қынжылтады»,- деді экономист-ғалым.

Бұған қоса маманның байыптауынша, біз үшін алдағы бес жылда халықтың тұрмысын теңестіру маңызды бола түседі. «Ол үшін болашақта елдегі ауқатты табысы барларды  қатаң бақылауға алу қажет» дейді маман.

«Кез келген мемлекетте монополистер үстемдік орнатпауы үшін ауқаттыларды бақылап отыру қажет. Кезінде КСРО заманында бір мемлекеттік қызметкердің артық кассалық жинағы болды ма, ол дереу тергеліп тексерілетін. Ал қазір бізде бақылау аз. Негізінде, халықаралық әлеуметтік бағдарлама бойынша 18 млн халқы бар елдің 10 пайызы ауқаттылар, 5 пайызы кедейлер, қалғаны орта таптағы адамдар болуы тиіс. Сонда мемлекетте халықтың тұрмысы теңестірілген болып есептеледі. Ал бізде мұндай пайыздық мөлшерлемелер сақталмай тұр. Бізде ауқаттылар мен орта таптағылардан кедейлер көп. Елдің тұрмысынан хабар беретін осындай көрсеткіштер оң нәтиже беру үшін алдымен елдегі ауқаттылардың табысы ашық жарияланып, бақыланып, тиісті шаралар қабылданып отырғаны жөн»,- деді Бейсенбек Зиябеков.

Қарлығаш ЗАРЫҚХАНҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер