Жас кәсіпкерлерге жол ашқан жан

3151
Adyrna.kz Telegram

Демократиялық мемлекеттің басты көрсеткіштерінің бірі – үкіметтік емес ұйымдар болып саналады. Олар қоғамдың әр саласының дамуына ықпал жасап, ел азаматтарының құқықтарын қорғайды. Осы тұста Жамбыл облысында ҮЕҰ-ның жұмысын ширатып, тың серпін алуына облыстық ҮЕҰ қауымдастығының төрайымы Айнұр Зауырбекованың елеулі еңбегін атап өтуге әбден болады.

Айнұр Зауырбекованың айтуынша, бүгінде Жамбыл облысында заң жүзінде 600-ге жуық қоғамдық ұйымдар тіркелген. Сан саланы қамтыған үкіметтік емес ұйымдардың қатарында, денсаулық сақтау, азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру, жастар, әйелдер, қарттар мен балалар, экология, кәсіпкерлік, спорт айта берсек, бұл тізім жалғасып кете береді.

- Әр саладағы қордаланған мәселелерге биліктің назарын дер кезінде аудару және ол түйіткілдерді бірлесе шешу қоғамдық ұйымдардың негізгі мақсаты,- дейді ол.

Сонымен қатар, аймақтағы кәсіпкерлік палатасы жастар кәсіпкерлігі кеңесінің төрайымы Айнұр Зауырбекова өңірдің кәсіпкерлігін дамытуға үлес қосып, бірнеше жылдан бері жамбылдық жастарды кәсіпкерлікке баулып, жеке істерін ашуға әрі табыс табуларына сеп болып жүр.

Биыл еліміздегі жоғары және арнаулы оқу орындары мен мектеп бағдарламаларына «кәсіпкерлік негіздері» пәні енгізілгені белгілі.

Бұл бастаманы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен ҚР Білім және ғылым министрлігі бірлесе жүзеге асырып отыр. Оқу орындарына білікті мамандарды дайындау ісіне Айнұр Зауырбекова да белсене атсалысуда.

Бүгінде «кәсіпкерлік негіздері» пәні бойынша 10 аудан мен Тараз қаладасындағы колледждердің 22 оқытушысына интерактивті технология әдісімен дәріс оқылған.

Бұған қоса, Айнұр Зауырбекова басқаратын ҮЕҰ –ның бастамасымен Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырмасымен әлеуметтік-кәсіпкерлікті дамытудың жаңа бағыты қолға алынды. Инновациялық жобаның басты ерекшілігі – әлеуметтік мәселелерді шешуді және табыс табуды көздейді. Қазіргі таңда әлеуметтік кәсіпкерлік жобасын қоғамға кеңінен таныстыру мақсатында түсіндіру-ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл тың бастама өзінің тырнақалды жетістігіне де қол жеткізіп үлгерді. Атап айтар болсақ, Республикалық «ASAR» үшжақты серіктестік форумы аясында өткізілген байқауға облыстан 9 жоба қатысса, облыста әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша байқаулар ұйымдастырылып,  нәтижесінде «Ақбұлақ» , «Шынайы көмек», «Ақтөс», «Әлеуметтік жұлдыз» атты қоғамдық ұйымдарға шағын гранттар берілген.

Сонда-ақ ҮЕҰ Қауымдастығы мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бірлесіп бірқатар жұмыстар атқарылған. Мысалы, «Лучшая инвестиция» жеке оқу орталығында 150 жұмыссыз адам менеджер, сатушы, графикалық дизайн мамандықтары  бойынша жаңа кәсіп меңгеріп, оның 60 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан.

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

Пікірлер