Сирия сергелдеңі немесе шатасып Шамға аттанғандар елге оралғысы келеді

2402
Adyrna.kz Telegram

Елімізде биыл «Жусан» операциясы басталып, Сириядағы ДАИШ ұйымының (Ирак және Шамдағы ислам мемлекеті – ИШИМ немесе ИСИМ)  аймағында болған  жерлестерді Қазақстанның  арнайы қызметі  бірнеше  кезеңмен елге жеткізгені белгілі.  Барлығы 516 адам, олардың 357-і балалар. Әлі де елге оралуды күтіп отырғандар бар. ДАИШ тобының қол астында әлем бойынша 86 елдің адамдары болса,  сол елдер өз азаматтарынан бас тартып, тіпті кей мемлекеттер азаматтықтан шығарып тастап жатқанда қазақ елінің  «Отанын тәрк етушілерді» арнайы жобамен елге қайтарып, басынан сипап, бауырына басуын әркім әрқалай бағалауда. Өз отандастарымызды айтпағанда бүкіл араб елдері қазақстандық биліктің  қайырымдылығына «қайран» қалып жатқанын да біліп жатырмыз. Енді осы елден жырақтап, жат жұртқа «жұмақ» іздеп кеткендердің барлығы бірдей әсіредіншілдер ме? Оларға деген қоғамның ұстанымы қандай болуы қажет? деген заңды сауалдар туындайды.

Елімізде халқымыздың діни сауатты болуы, қоғамда діни алауыздық болмауы өте маңызды болып тұрған жағдайда «Қазақстан Республикасының діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Осы бағдарлама аясында Республикамызда ақпараттық-түсіндіру тобы мемлекетте діни экстремизмді болдырмауға және халықтың діни сауаттылығын арттыру мақсатында халықпен жұмыс жасап жатыр. Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Мониторинг және талдау» орталығының ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі ретінде, халықпен жұмыс жасау барысында байқағаным соңғы 2-3 жылда деструктивті діни ағымдардың жетегіне кеткен азаматтарымыздың саны азайған. Қазіргі таңда Қазақстанның діни саласындағы мемлекеттік саясаты басқа елдерге үлгі болатын нәтиже көрсетіп отыр.

Дінтанушы-журналист ретінде «Жусанмен» елге оралғандарға қарап «тарихыңды құрметте, дәстүрлі жолдан адаспа» деген сөзді қолдануға тура келді. Себебі Сириядағы соғысты алқапқа арнайы  аттанғандармен бірге аңдамай адасқандар, тағдырдың сүрлеуімен тап болғандар да табылады. Енді сондай бірнеше жағдайларға қысқаша шолу жасайық.

Мен тілдескен бір топ әйелдің тек біреуі ғана дүнген, қалғаны қазақ ұлтының өкілдері. Арасында жоғары білімділері, елімізде беделді университеттердің түлектері, сондай-ақ үй шаруасындағы да әйелдер бар.

Топтағы ең ересегінің оқиғасы әрбір қаракөзге ой саларлық. Еліміздегі ордалы университетте маманданған, бірақ кейінгі уақытта төрт баласының тәрбиесімен үйінде отырған орта жастағы келіншектің күйеуі құзырлы орындарда қызмет еткен. Ислам дініне 2003 жылдары күйеуі үйретіп, отбасында Дарын Мубаровтың уағыздарын тыңдап, Мухаммад Абдул-Уахабтың кітаптарын оқи бастаған.

  • Сіз көп балалы отбасында тәрбиеленіпсіз, он баланың ең кенжесі екенсіз. Сонда сол уақытқа дейін халқымыздың дәстүрлі ұстанымы, имам ағзам Әбу Ханифа, ханафи мәзһабы жайлы естігеніңіз бар шығар?- деген сауалға, кейіпкеріміздің ислам дінінен мүлдем бейхабар болғанын білдік. Тек күйеуінің айтуымен намазға жығылып, 2014 жылы үйлерін сатып, ата-ана, ағайын-туысқа айтпай, Сирияға «Ислам халифатында» өмір сүруге аттанған. Алайда 5 жыл тұманның ішінде, соғыстың ортасында күйеуі мен жалғыз ұлынан айрылып, үш қызымен елге жеткізілді. «Сирияға сапарыңыз сізге не берді?» дегенде кемсеңдеп жылай берді, күйеуіне көзсіз сеніп соңынан боталарын жетектеп кете барған шерлі ананың ішкі әлемі өкініштен алай-дүлей болып жатқанын аңғару да қиын емес еді...

Ал енді бір кейіпкер келіншек отбасымен Сирияда өткен 6 жыл «тозақ» , жарты ғұмырым босқа кеткендей деп көздеріне жас алды. Іргелі институтта есепші мамандығын меңгерген келіншекті  күйеуінің теріс әдеттедерден (ішімдік, темекі, т.б.) алыстығы оның әрбір сөзіне илануға себеп болған. Себебі «Отбасымда әкем анамызды жиі сабайтын. Аптасына 2-3 рет айқай-шу, ұрыс-керіс, кейін ақыры ата-анам ажырасты. Бірақ анам ешкімге тұрмысқа шықпады. Ал күйеуім ішпейтін, бала кезде көріп өскендей ұрыс-керіс болған жоқ» деп өзінің күйеуіне деген илануының негізгі себебін түсіндіргендей болды. Ал олардың Сирияға сергелдеңі «түнгі телефон қоңырауларынан» басталған.

  • Шырт ұйқыда жатқанда күйеуіме Дархан деген танысы шетелден телефон шалып бір нәрселерді айтады. Сол қоңыраудан кейін ұйқылы-ояу күйеуім өзінен-өзі дірілдеп, үрейленуді шығарды. Түн ортасында жиі шалынған телефонның жетегімен «Қазақстанда қала берсек, бала-шағамыз дінсіз болып, намазын да оқи алмай, хиджабын да кимей адасып кетеді» деген қорқынышпен  «Ислам мемлекетінің кереметін көру үшін  2-3 айға саяхаттап  қайтуға» отбасымызбен бірге шықтық. Бірақ Түркияға барғанда ғана бағытымызды білдік. Бізге «Мекке, Мәдинаға білім алуға бара жатырмыз» деп айтуды талап етіп, анамды өтірік алдауыма тура келді. Бірақ кейін телефон шалып кешірім сұрадым. Біз барған соң «жанашыр шақыртушының» арбауына түскенімізді түсініп, бармақ тістеп, барыншы тыныш жүріп елге қайтудың жолын қарастырып-ақ бақтық. Қанша ойласақ та, жолын таппадық.  Осы 2019 жылы қаңтар айында үлкен қызым бомбаның астында қалды,-деп көздері жасқы толған шерлі келіншек балаларының «бейшара» хәліне өзін кінәлай бастады.
  • Қайтыс болған қызым елде жүргенде мектепте үздік еді. Өзім де оқуда озат болдым, ал қазір 9, 11 жастағы ұл,қызым мүлдем сауатсыз. Олардың осы хәліне біз кінәліміз, ойланбай елден кетіп, адасып 6 жыл емес жарты ғұмырымызды жоғалттық. «Қазақстан өз азаматтарын қайтарып алуда» деген бойда мен тұтқындар лагерінен балаларымды алып көлік келетін жерге бардым. «Көлік ертең келеді, қайта беріңдер» десе де, жатаққа барсам, қалып қоятындай қорқыныш билеп, балаларыммен жауынның астында түнедік. Өз елімізге келгеніміздің қандай бақыт екенін мен сөзіммен жеткізе алар емеспін»,-деп жасаураған ойлы көздерімен бір нүктеге ұзақ қарап қалды...

Ал тағы бір кейіпкеріміз алматылық 24 жастағы дүнген қызы. 2-3 жасында ата-анасы ажырасып, ол анасының тәрбиесінде өскен, өте білімді. Анасы еуропалық мұсылман азаматына тұрмысқа шығып, ол жоғары сыныпты Еуропаның дамыған елдеріндегі колледждерде жалғастыруына тура келген. Бірнеше тіл меңгеріп те үлгереді. Алайда еуропалық өмір салтынан ол қоғамға етене араласа алмай, ғаламторға жиі телмірген. Жастар жиі отыратын әлеуметтік желілерден бір діни  топқа кіріп, аят-хадистер оқып, сол топта дағыстандық шешен жігітімен танысып, жақын сөйлесе бастайды. Жергілікті мешітке барып, намаз үйреніп, хиджап киіп, бас-аяғы 2 айда «виртуалды ғашығы»  оған тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған. Жылы сөзді үйіп-төккен шешен жігітіне ес-түссіз ғашық болған талдырмаш келген дүнген қыз ешкімге айтпастан ұшаққа билет алып, Сириядан бірақ шығады. Некелесіп, «бақытты» отбасылық ғұмыр сүре бастаған дүнген қызы Шам өлкесіндегі жойқын соғыс, ешнәрсеге аса мән де бермеген. Ол күйеуінің жанында болғанын қалағаны сонша, «ғашығының» кезекті жарылыста аяғынан айрылғанына қуанғанын жасырмады. «Қанша рет «елге оралайық» десем де, ол жай фантастикалық әңгіме болып қала берді. Себебі күйеуім Ресей азаматы болғандықтан, оның алдында не күтіп тұрғанын ойлаудың өзі қорқынышты еді. Сондықтан халифат берген азын-аулақ ақшамен күн көре бердік» деген ол, осы жыл басында  кезекті жарылыс кезінде көз жұмған күйеуін есіне алып егіле берді. «Қазақстан азаматтарын алып кетеді» дегенді естігенде үш баламды жетектеп, ойланбастан алға ұмтылдым» дейді ол көз жасын сүртіп.

  • Егер сол 5 жыл бұрынғы ғұмырыңызды қайта сүруге мүмкіндік болса, сіз Сирияға барар ма едіңіз?- деген сауалға дүнген қызы тосылып, жауап бере алмай қалды. Себебі ол 5 жыл отасқан ресейлік шешен азаматының адамгершілігін жиі ауызға алып, бірақ оның діни сауатсыздықтан арандап қалғанын айта берді. Тіпті өзі Құран тәжуидін дұрыс меңгермесе де санаулы ғана сүре білетін күйеуіне Құран оқуды үйретпекші де болған.

Ал келесі кейіпкеріміз отбасымен намазға бет бұрып, дәстүрді дәріптеген қарапайым отбасында өскен қазақ қызы. Тұрмыстық жағдайлары төмен болғандықтан ата-анасына жәрдем болсын деп небәрі 16 жасында Алматыдағы халал дәмханалардың бірінде жұмыс істеген. Сол кезде оған 1991 жылғы оралдық жігіт сөз салып, ата-анасының рұқсатымен, қазақы дәстүрмен ұзатылып, тұрмысқа шығады. Жас отбасы Алматыда 3-4 айдай бірге тұрып, күйеуі «сақалмен мені бұл жақта ешқандай жұмыс алмады» деп шетел асып кетеді. Белгілі спорт түрінен халықаралық турнирлерге қатысқан, шетелдерге жиі шыққан күйеуіне ешкімнің күмәні де болмайды. Араға 2-3 ай салып Стамбулдан телефон шалған күйеуі жақсы жұмыс тапқанын айтып, келіншегін жанына шақырады. Оған қыздың ата-анасы ұзақ уақыт келіспегенімен, «әйеліме өзім жауапкермін» деген күйеубаласының сөзіне тоқтап, 17-ге енді толайын деп тұрған қыздарын әуежай арқылы Түркияға шығарып салады. Ана жүрегі тыншымай, сол жерде бейтаныс жандарға қызын тапсырып әлек. Стамбулда қаракөз келіншекті  бөгде азамат күтіп алып, күйеуі орналасқан пәтерге апарған. Ол жерде 1 аптадай аялдағанда  «Сені керемет бір жерге апарамын» деген күйеуінің сөзіне иланған кейіпкеріміз іштей «Күйеуім маған тосын сый жасағысы келіп тұр-ау, қандай тамаша жерге апарады екен?» деп тағатсыздана күткенін айтты. Алайда автобусқа отырып, Сирия шекарасынан өткенде қаракөз келіншек жағдайдың мүлдем басқа екенін түсінген. Сонда да 1991 жылғы оралдық жігіт келіншегіне «Уайымдама, барлығы жақсы болады, өзім асықпай түсіндіремін» деп иландырған. Бірақ шекарада оларды бөліп, ерлер мен әйелдерді бөлек алып кетіпті. Содан 3-4 ай жат елде, күйеуінің жолын тосып, бойына біткен шаранасы да «түсік» болып, жапанда жалғыз қалғандай күн кешеді. Ал «келемін» деген күйеуінен Ирак асып кеткені жайлы ақпараттан кейін  «шейіт» болды деген хабар жетеді. Ебін тауып елге ата-анасымен сөйлескенде, барлық жайдан хабардар болған олар «Жалғыз болма,қазақ жігіті болса,  тұрмысқа шық, біз де уайымдамайтын» деп кеңес берген. Сұрастырып, іздестіріп, дүйім көптің арасынан бұрын үйленбеген, Дубайда аз-кем арабша білім алған ақтөбелік жігітпен некелеседі. Елге оралу үшін  барлық амалды қарастырып, «үнімізді өшіріп» жүрдік дейді бүгінде 22 жастағы келіншектің екі қызы бар, тағы айы-күні жетіп отыр. Бірақ ол Сириядағы 5 жыл соғыстың салдарынан, жарылыстардан басы жиі ауыратын болған, есте сақтау қабілеті өте нашарлаған. Сирияға барған соң бір жылдан кейін  артымнан ағам мен жеңгем келіпті. «Мені алып кетуге келген екен» деп үміттеніп едім, сөйтсем олар да алданып барған екен. Ағам мінген көлікке бомба тасталып, күлі көкке ұшты. Үйдің жалғыз баласы еді, артынан қызы ғана қалды деп өкініш білдірді.

Осындай бір-біріне ұқсамайтын тағдырлар болса да, оларда ең басты ұқсастық –  теріс діни ұстанымға еруі. Сұхбаттасқандардың ешқайсысы да тіпті Құран тәжуидін дұрыс меңгермеген, ақида, сенім мәселесі уахабизмге негізделген,  тәкфірлік ұстаным бар. «Кімді тыңдадыңыз?» дегенде барлығынан «Дарын Мубаров, Халил шейх, Ринат Қазақстани» деген есімдерді естідік, арасында Саид Бурятский де бар. «Үш негіз», «Таухид» деген кітаптарды білеміз дейді, сол теріс сенімді дәріптеген кітаптағы түсініктің өзін дұрыс жеткізе алмайды. Діни сауаттары өте төмен, оның өзі теріс ағымға негізделген. Дәстүрлі ханафи мәзһабының ұстанымы жайлы мүлдем бейхабар. «Исламға кіргенде, дінді қабылдағанда» деген сөздерді қолданады. Ал шын мәнінде біздің халқымыз ислам дінін осыдан 13 ғасыр бұрын қабылдап, иман еткен. Кешегі кеңестік кезеңде де діннен қанша аластатса да өздерін мұсылманбыз деп есептеген. Сондықтан «Исламды қабылдадым» деп өмір бойы христиан немесе мүшріктің күйін кешкендей сөз саптауларының өзі өрескел қателік, діни сауатсыздық екенін аңғаруға болады. Көбі халқымыздың қанына сіңіп, дәстүріне айналған ата-ананы құрметтеу, ағайынмен ақылдасу деген қарапайым діни талаптардан тіпті алшақ. Ал бұл жағдайдың астарына үңілсек, жат ағымның жетегінде «жұмақ» іздеп Отанын тәрк ету шариғи тұрғыда – күнә, заң аясында – қылмыстың нышаны бар. Сондықтан өз елін тастап, «Ислам халифатына» «хижра» жасап қақпанға түскен азаматтарынан әлем елдері бас тартуда, себебі ДАИШ –   террористік ұйым. Ал ислам ғалымдары ең әуелі «Отан»  болу маңызды дейді. Бұл дінді кейінге ысыру емес, дініңді дұрыс ұстанып, жайма-шуақ өмір сүру үшін ең әуелі мемлекеттің мықтылығы, Отанның тыныштығы маңызды деген сөз. Ал діни сенім-нанымына еркіндік берген елін «тәрк» ету – исламға қайшы, мұсылмандыққа жат!

Айша КЕҢЕСБАЙ

"Адырна" порталы

Пікірлер