Павлодар облысына жаңа әкім тағайындалды

2808
Adyrna.kz Telegram

Енді өңірді Әбілқайыр Сқақов басқарады. Жаңа әкімді  ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің өзі әкеп таныстырды.

Әбілқайыр Бақтыбайұлы Сқақов Павлодар облысының тумасы. 1974 жылы дүниеге келген. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қаржы мониторингі комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Мамандығы – салықшы, қаржыгер.  Ақмола қаржы-экономикалық техникумын, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін, Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған.  1995 жылдан 2005 жылға дейін Павлодар облысы бойынша салық инспекциясының маманы, салық инспекторы, аға салық инспекторы, бөлім бастығы, Павлодар қаласы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 2005-2006 жылдары Павлодар облысы қазіргі Тереңкөл ауданы бойынша Салық комитетінің төрағасы, 2006-2008 жылдары Павлодар облысы Денсаулық сақтау департаменті директорының орынбасары, 2008-2010 жылдары Павлодар облысы бойынша Салық департаментінің Павлодар қаласы бойынша салық басқармасының бастығы, 2010-2012 жылдары Қостанай облысы бойынша Салық департаментінің бастығы болып еңбек еткен.  2012-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті төрағасының орынбасары, 2014 жылдан 2016 жылға дейін Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы, 2016 жылғы 1 желтоқсаннан 2019 жылдың сәуіріне дейін Қорғаныс министрінің орынбасары болып қызмет атқарды. 2019 жылдың сәуірінен бүгінгі тағайындауға дейін ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы болып еңбек етті.  «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Ерен еңбегі үшін» (2014), Салық қызметінің үздігі (2011), Қаржы қызметінің үздігі (2012), Мемлекеттік қызмет үздігі (2014) төсбелгілерімен марапатталған.

Еске сала кетейік, Павлодар облысын бұған дейін Болат Бақауов басқарған болатын. Ол бұл қызметке 2016 жылдың 25 наурызында тағайындалған еді. Ал 2020 жылдың 15 қаңтарында қызметін асыра пайдаланғаны үшін қамауға алынды.

Пікірлер