"Сенген Қаринымыз сен болсаң"...

4500
Adyrna.kz Telegram

"Адырна" ұлттық порталы ашық ақпарат алаңы болғандықтан, редакциямызға базынасын айтып, мұң-мүқтажын жүктеп талай хаттар келіп жатады. Міне, бүгін де портал оқырмандарының бірі Амандық Дәулетбек мырзаның хаты келді. Хатты жариялау БАҚ-ның оқырман алдындағы парызы болғандықтан назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Төмендегі хатқа ел Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин мырза жауап беріп, өзінің уәжін айтамын десе, оны да порталымызға  жариялауға әзірміз.

Ал бізге келген оқырман хатының мәтіні төмендегідей:

Президент Тоқаевтың кеңесшісі Ерлан Қарин мырзаның өз Facebook аккаунтында 11.02.2020 20:47-де Қордайдағы жағдайға қатысты жариялаған постын оқып, жұмсартып айтқанда шок болып отырмыз. Неге дейсіздер ғой, былай:

Біріншіден: «Мемлекет тарапынан тиісті іс-шаралар дереу қабылдануда - оқиға салдарын жою мақсатында Үкіметтік комиссия құрылып, зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетіліп, осы жағдайға жол берген жауапты қызметкерлер орнынан босатылды. Бірақ, әдеттегідей, әлеуметтік желідегі дау-дамай, сөз тартыс тоқтайтын емес.» Сіздерді қайдам, өз басым Қарин мырзаның бұл сөзін шындыққа жақындата алмаймын. Зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетілді дегеннің өтірік екенін бәріңіз біліп отырсыздар. Комиссия жұмысы әлі аяқталған жоқ. Ал, осы жағдайға жол берген жауапты қызметкерлер орнынан босатылды дегенді айтуы мүлдем Ерлан мырзаның деңгейіне сәйкес келмейді. Ол жағдайға жол бергендердің Астананың сол жағалауын мекендейтінін Ерекең сіз бен бізден ең аз жүз есе артық біліп отыр. Әрине, бұндай жағдайда әлеуметтік желілерде (салыстырмалы түрде халықтың сөз бостандығы бар жалғыз алаң) халық арасында талқылау, пікір білдіру, ой бөлісудің тез тоқтай қалмауы заңдылық. Ерлан мырзаның бұны неге «дау-дамай, сөз тартыс» деп атағаны бізге белгісіз. Дауласып жатқан адам жоқ, елдің бәрінің айтып жатқаны басқа диаспораларды қазақ ұлтына интеграцияландыру саясатының отыз жыл бойы өте сәтсіз немесе мүлдем жүргізілмегендігі. Бөліп қарастыру арқылы «бөліп ал да билей бер»-дің келесі бір сатысына жол ашып отырғанын кеңесші мырзаның өзінің білмеуі мүмкін бе?

Екіншіден: Қарин мырза «дауласып» жатқандарды шартты түрде бірнеше топтарға бөліпті: 1. Ұлтшылдар 2. Либералдар 3. Бірлікке шақырғандар 4. Діншілдер. Дәл осы жерде президент кеңесшісіне еш жараспайтын әрекет байқаймыз. Себебін де айты кетейін: Ұлтшылдар болған жағдайға басқа ұлт өкілдерін емес орталық (Ақорда/кітапхана) биліктің өзін кінәлап отыр. «Стрелканы» бұлай оңай бұра салу қазіргі кезде еш нәтиже бермейтін әдіс. Қазақтар мен басқа этнос өкілдері болып бөлінбеуіміз керек деген ұстанымды либералдарға ғана меншіктеп қойыпты. Сонда мемлекетшіл (ұлтшыл) ұстанымдағы азаматтарды бұған қарсы дегісі келе ме екен? Әлде ұлтшылдар бірлікке қарсы ма екен? Әлде дінге бет бұрған азаматтар ұлт-ұлтқа бөлінуді дұрыс деп есептей ме екен? Әлде ұлтшылдар бірлікке шақырғандарға қарсы ма екен? Бұлай мидай араластыру кімге керек?

Жалпы, саяси оқиғаларға баға беру мен анализ жасаудағы күрделі ғылыми методологиялар мен технологияларды араластырмай-ақ қойған күннің өзінде Ерекеңнің бұл сөздері көңілде жылт еткен шағын үмітті сөндіріп жіберді. Қарин мырзаны сырттай мемлекетшіл, ұлтшыл тұлға деп сыйлап жүрген, президентке кеңесші болуына үмітпен қарап жүрген біздің жас ұлтшылдардың көңілі су сепкендей болды. Сенім артқан саясаттанушымыздың компетенциясы осы болса, күйсегенімізді ұрайық. Өкінішті...

Амандық ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ

Пікірлер