«Жыр алыбы – Жамбыл»

2451
Adyrna.kz Telegram

 ҚР Ұлттық музейінде Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толуына орай «Жыр алыбы – Жамбыл» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды музейдің ақпараттық-имидждік қызметі.

         Дөңгелек үстелге Ұлттық музей директорының орынбасары Жәкен Таймағамбетов, Сәкен Сейфуллин атындағы музей директоры Несіпбек Айтұлы, фғд., профессор Құныпия Алпысбай қатысып, сөз сөйледі. Жиында сөз алған музей орынбасары Жәкен ТаймағамбетовЖамбылдың қазақ әдебиетіне, оның ішінде айтыс өнеріне қосқан үлесі туралы айта отырып, жырау мұрасының маңыздылығына тоқталып өтті.

-         Жамбыл Жабаев атақты Сүйінбайдың шәкірті. Жүз жасаған абыз ғасыр сөзін сөйлеген күміс көмей ақын. Тарих жылнамашысы. Айтыс өнерінің саңлағы. Оның өлеңдері тұтас ұранға айналып, халық поэзиясының атасы атанды. «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны  жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» деген екен Сәкен Сейфуллин.  Жамбыл қазақ сөз өнерінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан тұлға. Ізгілікті, бірлікті жырлаған ақын. Жамбыл бабамыз ақындық өнерін сән үшін емес, халықтың мүддесі жолында пайдаланған, - деді Ж.Таймағамбетов.

Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтұлының айтуынша, Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы кезінде қатты сынға ұшырағанымен, ол қателікке егемен Қазақ елінің жастары бой алдырмауы керек.

-         Кезінде саясат солай болды, біреуді жазғыруға біздің құқымыз жоқ. Жамбылдың Кеңес Одағына қатысты өлеңдерін былай қойғанда, қазақ халқы үшін өзге де шығармалары жетіп артылады. Айталық, «Сұраншы батыр» поэмасын алайықшы. Осының өзінде қаншама құнды дүние бар. Әр бір жолы даналыққа тұнып тұр. Диірменнің тасындай үгітіп жібереді. Жамбыл – қазақ батырларының насихатшысы. Жамбыл – ұлттық үлгідегі ақын. Екі томдық шығармалар жинағын жасап шығардық. Осы жұмыстар ары қарай да жалғасын табатын болады, - деді Н. Айтұлы.

Профессор Құныпия Алпысбай Жамбылтану мәселесіне тоқтала келе, бүгінгі таңда ғылыми жұмыстар белсенді түрде жүргізіліп жатқанын айтты.

-         Жамбылдың жырларын осы уақытқа дейін талай әдебиетшілер, ғалымдар зерттеп келді. Әлі де жалғасып жатыр. Сұлтанғали Садырбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Рақымжан Тұрысбеков сынды зиялы азаматтарымыздың Жамбыл мұрасын танудағы қосқан үлесі әлі талай ұрпаққа азық болары сөзсіз. Мемлекет тарапынан бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінген. Бастысы – осы жинағанымыздың бәрін шашып алмай, кейінгі жастарға аманаттап тапсыру, - деді Қ.Алпысбай

Сонымен қатар, жиын барысында ЕҰУ студенттері өз пікірлерімен бөлісіп, көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап алды.

 

 

Пікірлер