Халық Сағынтаев пен прокурорды алаңға шақырды (фото, видео)

4796
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, 27 ақпан күні Ақмола облысы Талапкер ауылында екі күн бұрын Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қайтыс болған белсенді Дулат Ағаділді соңғы сапарға шығарып салды.

Алматыдан топырақ салуға бара алмаған, қоғамдық белсендінің жұмбақ өліміне ашуланған жұртшылық оңтүстік астананың Республика алаңында наразылық шарасын өткізді.

Бір сағатқа созылған қаралы митингіден кейін көпшілік 22 ақпан күні митингіде қамалғандарды босату туралы талаппен қалалық прокуратураны бетке алды.

Прокуратураның алдындағы "прокурор шық" деп айқайлаған талапшыл топқа қала прокурорының орынбасары мен көмекшісі шығып, белсенділердің өкілдерін қабылдауға, келіссөз жүргізуге әзір екендіктерін білдірді. Бірақ прокурордың өзі келсін деген халық талабынан кейін орынбасар мен көмекші ішке кіріп кетті.  Прокурор да көп алдында бой көрсетпеді.

Бұған наразылық танытқан жиналған жұрт қалалық әкімдікті бетке алды. Бағанадан бері халықтың қимылын бақылап келе жатқан арнайы көліктегі полицияның арнайы жасағы әкімдіктің алдын қоршап үлгерді.

Жасарал Қуанышәлин бастаған белсенділер "Сағынтаев шықсын, сосын барып талаптарын айтатынын" мәлімдеді. Әкімдіктің өкілі шыққанымен онымен келіссөз жүргізуден бас тартқан белсенділер әкім шықпай тұра беретіндерін айтты.

Әкімнің орнында жоқ екенін тағы бір келіп мәлімдеген әкімдіктің өкілінің сөзінен кейін Дулат Ағаділдің рухына Құран бағыштаған көпшілік 1 наурыз күні қайтадан әкімдік алдына жиналмақ болып тарқады.

 

 

 

 

Оңғар Қабден,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер