Асылбек Байтанұлы. Әбу-Насыр бабамызды бүгінгі қазаққа қайтару оңай болған жоқ

3904
Adyrna.kz Telegram

Биылғы жылы «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді. Осы орайда әл-Фараби  төңірегінде ізденіс жасап жүрген зерттеуші Асылбек Байтанұлымен сұхбат құрған едік.

 

- Әбу Насыр әл-Фарабитуралы әңгіме шықса, «Отырарда туған бабамыз» деп шығамыз. Әуелі оның ата-тегі туралы нақты мәліметтер бар ма?

- Иә, Әбу-Насыр әл-Фараби туралы айтқанда, әйгілі ақынымыз Мұхтар Шахановтың мектеп бағдарламасындағы «Ерте, ерте, ертеде, Отырарда» деп басталатын «Арман»  атты өлеңі оралады.

Ал Әбу ше?

Кеңге жайды ол қанатын,

Әбуіміз – әрі ғалым, әрі ақын,

Әбуіміз – біздің ұлы бабамыз

Әбу-Насыр әл-Фараби болатын.

Иә, Әбу Насыр бабамыз Отырарда туған ғұлама. 870 жылы қазіргі Отырар ауданы жерінде туған деп ғұмыр жолы тарихта таңбаланған Әбу-Насыр бабамызды бүгінгі қазаққа қайтару оңай болмағанын білеміз, әрине. Кешегі кеңестік заман тұрмақ, күні бүгінге дейін әлдебір рухани, заттай құндылықтарды біздікі десең, «ойбай ол біздікі емес, ол арабтыкі, орыстікі, жоңғардыкі» т.б. деп шыр-пыры шығып қарсы болатындар жетіп артылады. Көрбалалық деген осы болар, сірә. Осындай қиғылықтар Ақжан Машани атамыздың алдынан да кесе көлденең кезікпеді дейсіз бе. Ол кісінің рухына разымыз. Толық аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби десек, мұндағы тархан деген титулдық атаудың болуы – бұл адамның шыққан тегі әлдебір сарт немесе араб емес, түркі екенін танытпай ма. Қазақ деген халық бертінде қалыптасқанымен, осы қазақты құраған тайпалар Әбу-Насыр заманында міндетті түрде болды деп білеміз.

- Әл-Фарабидың  көрнекті ойшыл, өз замандастарының арасындағы ең ірі ғалым, философ және шығыс аристотелизмінің ең ірі өкілі ретінде қарастыруға бола ма?

- Әбу-Насыр әл-Фарабиді Аристотельден кейінгі екінші ұстаз деп атайтыны берке емес қой. Аристотельдік-платондық ежелгі антикалық дәуірдің философиялық көзқарастарын дамытушы, анықтай айтқанда қайта түлетіп ұсынушы ретінде қарастырамыз. Әл-Фараби бабамыз Аристотельдің «Метафизика», «Жан туралы», «Риторика», «Бірінші және екінші Аналитика» сияқты күрделі философиялық, логикалық шығармаларына нақты түсіндірме жазумен қатар, осы негізде өзінің «Кемеңгерлік меруерті», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғылымдардың шығуы», «Бақытқа жету» сияқты т.б. трактаттарын жазғаны белгілі. 

- Фараби Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да көп еңбектер жазғанын білеміз. Олар біздің заманға қалай жетті?

- Біз жоғарыда атаған және басқа да кітаптары араб әлемінің рухани ордалары Дамаск, Халеб, Бағдат т.б. қалалардағы кітапханаларда сақталса, Еуропадағы Қайта өрлеу дәуірінде ғылым мен білімге құштарлықтың оянуы – Әл-Фараби сияқты ғалымдардың шығармашылығына деген сұраныс тудырды. Осылайша ұлы ұстаздың еңбектері әлемнің игілігіне мәңгілік қызмет ету бақытына ие болды. Ал араб әлемі бұл кезде білім мен ғылым жолындағы жандарға қолайлы мүмкіндіктерінен біртіндеп ажырап, діни схоластиканың құшағына ене бастаған жоқ па? Сол мешеуліктен күні бүгінге дейін құтылған жоқ.

- Әл-Фараби «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» атты еңбегінде айтылатын ойлар желісі сан алуан. Бұл көзқарастар біздің таным-түсінікке қаншалықты жақын деп ойлайсыз?

- «Ізгі қала туралы...» трактаттар – біздіңше, кез келген ойшыл тұлғаның өзі өмір сүріп жатқан немесе келешектегі қоғамның осылай өмір сүрсе деген аңсарынан, қиялынан туындаған арманы іспетті деп білемін. Біздің өлместің жолын іздеген Қорқыт бабамыз, адамы мәңгі жас, жұт болмайтын Жерұйықты аңсаған Асанқайғының арманы да осы емес пе. Еуропадағы Томас Мордың «Утопиясы» да осылармен сабақтас. Әл-Фараби бабамыз да осындай утопиялық ойларды айта отырып, идеал қала тұрғындары қауымы қалай болуы керек деген сұраққа жауап іздейді. Мұндағы біздің таным-түсінікке жақыны десек, ол – қауымдасып, бірлесіп өмір сүру идеясы болса керек. Біздің төрт мезгілдік климаты бар, қатал табиғатты өлкемізде бірлесіп өмір сүру дегеннің өзі – қашанда өзекті емес пе. Қаланың бақытты болуы – дара туған феномен тұлғаға қатысты деген ойын да қолдауға болатын шығар. «Үш жүздің атының басын бір кезеңге тіредің» деп кезінде Абылай ханға Бұқар жырау айтатынындай, біздің Ұлы Дала қашанда жағдайды күрт өзгертіп, жақсылыққа бастар дара тұлғаларға ділгер болған және бұл армандар жиі орындалып отырған.

- Әл-Фараби мен Абай арасындағы рухани байланыс туралы сіздің ойыңыз?

- Абай мен Әл-Фараби – екеуі де қатарынан асып туған интеллект иелері болғандықтан да, жалпыадамзаттық құндылықтар жөніндегі ойларынан ұқсастықтар табылуы әбден мүмкін және бұл тұрғысында айтар мысалдар да жеткілікті. Мысалы, философиядағы интеллект сөзінің мағынасына қатысты Әл-Фараби жан жақты талдау жасай келе әлеуетті, өзекті, жүре келе дарыған, әрекетшіл интеллектілер десе, Абай өзінің он тоғызыншы қара сөзінде осы ойды: ««Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды танидыдағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің сөзін естіп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», - деп өрбітеді. Рухани байланыс дегеннен гөрі рухани үндестік дегенді құп көрген болар едім.

- Ол анығында қай дінді ұстанған?

- Әл-Фараби бабамыз – дәстүрлі ислам мемлекетінде өмір сүргендіктен, сол қауымның өкілі ғой. Бірақ, меніңше, ғылымға анық берілген, өзі ұстанған ғылыми бағытының, ізденіс жолының фанаты емес пе. Ондай адамға соншалықты діни догманы қалтқысыз ұстанып, құлшылықпен мүлгіп отырудың өзі де артық болған болар.

- Әл-Фараби күллі еңбектерін қай тілде жазды?

- Араб тілінде жазды ғой. Арабтың тілі, әдебиеті, ғылымы мұсылман ренессансы кезінде ғаламат биіктерді бағындырды ғой. Алгебра мен геометрия, медицина қатарлы ғылымдардың бағын ашқан осы тілде еңбек еткен ғалымдар ғой. Бірақ солардың бірталайы Тұран даласынан шыққан білімдарлар екені ғажап.

- Оның еңбектерінен көшпелілерге тән қандай ерекшеліктер бар деп ойлайсыз?

- Олардың еңбегінде көшпелілерге тән мынадай ерекшелік бар деп тап басып айту қиын болар. Дегенмен, көшпелілердің аспан денелері жайлы түсініктері, географиялық кеңістік жайлы таным көкжиегі өз ықпал-әсерін тигізгені анық.

- Фарабиды бізден гөрі өзгелер жақсы танитын сияқты...

- Әлемдік ғылымға азды-көпті үлес қосқан Әл-Фарабилердің өзі жиырмаға жуық екенін, солардың арасынан бізге етене танысының өзі Әбу-Насыр ұстаз екенін ескерсек, біздің алда танып-білетін мәліметтеріміз ұшын-теңіз екені сөзсіз. Бізден гөрі араб әлемі, ғылым көкжиегі кең Батыс Әл-Фарабиді көбірек таниды десек, артық болмас. Музыка теориясы бойынша Әл-Фарабидің еңбектері сонау он бесінші ғасырдың өзінде латын тіліне аударылып қойғанын еске түсірейікші. Осы ретте айтарым: Абайымыз болсын, Әл-Фарабиіміз болсын, тек науқаншылық тұрғыда ғана еске алатынымыз қынжыларлық жағдай. Әл-Фарабиді биыл бір еске алсақ, енді бір ширек ғасыр көлеңкеде қалдыра тұратын сияқтымыз.

- Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілмек. Осы дүбірге орай қандай игі шаралар жасауға болады?

- Жас ұрпақты Әл-Фарабидей даналарымызбен мақтануға, соған ұқсап, ғылым жолына ұмтылуға стимул беретін шараларды молынан жасауымыз керек деп білемін. Бұл тұрғыда балабақшадан бастап, қарттар үйіне дейінгі аралықтағы қоғамда небір қызғылықты дүниелер жасауға болады ғой. Ұлттық, барша қазақстандық деген форматтағы небір идеяларды өз шамамша айтып берген болар едім. Бірақ біздегі іс-шаралардың көбі-ақ белгіленген жаттанды трафареттер бойынша өте береді ғой.

Мысал үшін, Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыз негізін салған ғылымдар бойынша Филдс, Абель сияқты халықаралық сыйлықты біздің мемлекетіміз осы 1150 жылдыққа орай бекіттіріп алып, төрт жылда бір рет ұйымдастырып тұрса неге болмасқа. Немесе Ломоносов, Вернадский атындағы деп ұйымдастырылып, біздің оқушылар қатысып, ақ тер-көк тер болып жататын олимпиадаларды неге әл-Фарабилік деп өткізуге болмайды? Оған қаражат та мүмкіндік те жетеді ғой. Тек «өзің білме, білгеннің тілін алма» дейтін қасаң ұстанымның көні жібімей тұр. Біз білеміз деп отырғанымыз жоқ, қазаққа болсын, қазақта да бар екен, қазақ көктесе екен деген ниеттің етектен беткейлеп өрлеген сайын азая түсетініне қарап, біздің қоғамға ірі өзгерістер керек екенін түсінесіз.

"adyrna.kz" ұлттық порталы

Сұқбаттасқан Ұларбек Дәлейұлы

Пікірлер