Отан қорғауға бүкіл халықты жұмылдыру

3720
Adyrna.kz Telegram

Әбілқайыр баһадүр қалмақтармен екі арада 1726 жылғы келісімге қол жеткізісімен, Жайық аймағындағы әскери-саяси қызметін оңтүстікті жайлап алған басқыншы жоңғарларға қарсы күресу мәселесіне аударды.

Цеван Рабданның қолбасшы ұлдары бастаған жоңғар әскерінің 1723 жылғы қанқұйлы шапқыншылығы екпініне Әбілқайыр хан төтеп бере алмағанын еске түсірді. Кескілескен шайқас барысында күллі оңтүстік жазираны қазақ елінің астанасы Түркістанмен, сол өңірдегі барша қалаларымен жау қолына қалдыруға мәжбүр болғанын, жасағының аман қалған бөлігімен  Қарақұм аумағына ауысқанын еске түсірді. Сол аймақтағы жігіттерден жаңа қол құрып, терістік-батысқа аттанғанын ойына алды. Қансырап жатқан қазақ елін терістіктен шабуға дайындалған, сонысымен оңтүстік аймақты басып алған жоңғар басқыншыларымен тұтасуы ықтимал қалмақ шабуылының алдын алғанын ойлады.  Сол әскери шарасынан кейін, 1724 жылы Ұлы даланы түстік-шығыс бағытында ұшқыр жасағымен көктей кесіп өткенін, жолда бекет салып тастаған жоңғарлармен қиян-кескі ұрыс сала отырып оңтүстікке аймаққа жарып кіргенін есіне алды. Ол бір қаһармандыққа тұнған шақ еді. Аға хан болғалы ордасы төрт қыс төрінде орналасқан қазақ астанасын жауынгер жасақтарымен сонда жаудан бірден тазартқан. Өлкенің астана айналасындағы басқыншы аяғы астында қалған өзге қалаларын, барша жер-суды, ұзын саны отыз екі ұлысты азат еткен.  Бірақ аймақтағы осынау жеңімпаз шеруін, өңірді қайтарып алған қанды шайқастардың салтанатты нәтижесін баянды ете алмады. Алты-жеті айдан кейін,  1725 жылы аймақты қайта тастап кетуге мәжбүр болды. Соларды еске түсіріп саралай келе, ордасы орналасқан Түркістан шаһарын, күллі қазақ жер-суын азат еткен қалпы тұрақты ұстап  тұра алмауының себебін іздеді. Сол себепті жою жолын парықтады.

«Ақтабан шұбырынды»  салдарынан қалыптасқан жағдайда елді, жер-суды сақтау және қорғауға байланысты өзінің тарихи миссиясын Әбілқайыр хан адал атқарып келе жатқан. Қарамағындағы әскери күштің жаужүректігінде, соғысу өнеріне жақсы машықтанғанында, ондық, жүздік, мыңдық топтардан жасақталған құрылымының үйлесе әрекет ете алғанында күмәні жоқ. Ол жауынгер сарбаздары мен сардарларына кінә арта алмайды. Солармен бірге  сауыт шешпей, аттан түспей, жалпақ қазақ даласын терістік-батысы мен оңтүстік-шығысы аралығында әрілі-берілі көктей өтіп әлденеше әскери жорықтар жасаған. Сол жеңісті жорықтары барысында ел-жұртқа өзінің аға хан мәртебесін іс жүзінде мойындатқан. Енді ол қазақ мемлекетінің басшысы, аға ханы ретінде, елді жаудан тұтастай азат ету шарасын жасауға тиіс болатын.  Ал бұл шараны жүзеге асырудың кілті дүлей басқыншыға қарсы бүкіл халықты көтеруде жатыр еді. Жеңістерін баянды ете алмауының себебі мен сыры сол кілтті өзінің және өзімен қоса барша әміршілердің уақытында дұрыс пайдалана алмағандықтарында жатқан. 

Демек, жауға қарсы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып шайқасу мәселесін тұңғыш рет халық ортасына салған, өзін ақ киізге отырғызып хан көтерген 1710 жылғы Қарақұм құрылтайы іспетті жаңа басқосу ұйымдастыру кезек күттірмейтін шара болуға керек.  Аға ханның мұндай көзқарасын батыс пен солтүстіктегі жер-су кикілжіңдерін өзімен бірге шешуге атсалысып жүрген Сәмеке хан бірден қолдайды. Алайда Қазақ хандығының оңтүстік аумағы және Жетісу өлкесі толығымен жоңғарлар қоластында жатқан. Сол басқыншы әкімшілікке бодан ретінде  түрлі алым-салығын беріп, Ташкент сынды шаһарда тәуелділік ахуалда күн көріп отырған Ұлы жүз билеушісі Жолбарыс ханға осы тоқтамды тез жеткізу керек. Әбілқайыр баһадүр хан бекем шешім жасады. Жаңғыз оған емес, ең алдымен елдегі жүздер билеріне (ордабилерге), аймақтардағы барлық би, батыр, рубасы, бас адамдарға және ақсақалдарға шұғыл түрде жаушылар аттандырылды...   

Әбілқайыр баһадүр елдің аға ханы лауазымымен қазақ астанасы Түркістанға орныққанында, батыс өлкедегі Кіші жүзге қарасты ел-жұрт ішінен көп ауыл оның ордасымен бірге сол аумаққа көшіп келіп қоныстанған. Жаз айларында аға ханның көшпелі ордасы солардың арасына – Арыс суының саласы Бадам өзенінің алқабына тігілетін. Сол себепті де сондағы Ордабасы аталатын жерді 1710 жылдан кейінгі жаңа бүкілхалықтық құрылтай өтетін орын етіп белгіледі. Сөйтіп, Әбілқайырдың жазғы ставкасы қоныс теуіп жүрген Ордабасы биігінде 18-ші ғасырдың алғашқы ширегінен өте бере, 1726 жылғы қара күзде, басқыншы жоңғарға қарсы күреспек халықтың ахлақи рухын нығайтқан, тиісінше, отан соғысын жеңіске жеткізу үшін үш жүздің біріккен қолын құруға бекем байлам жасаған әйгілі мәжіліс өтті. Тәуелсіз еліміздің үкіметі күллі жұртшылық өкілдерін 20-шы ғасырдың соңғы онжылдығында сонда жинап, жаудан қорғануда ел бірлігінің маңызды рөл атқарғанын салтанатпен атап өтті. Ал 21-ші ғасырдың басында Ордабасы шоқысының ұшар басына ақ мәрмәрмен қапталған үш қырлы биік ескерткіш мұнара тұрғызылды. Үш қырындағы арнайы тақталарда  атақты үш биіміздің баршаны сүйсінтетін қанатты сөздері жазылды...

Қазақ халқының басқыншыға қарсы шешімді түрде отан соғысына шығуына байланысты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды үш ұлы биіміздің есімдері ерекше құрметпен айтылатыны мәлім.  Олар барлық қазақ ру-тайпаларын жоңғарларға қарсы біріктіру мәселесін қарау үшін Ордабасы құрылтайын шақырды делінеді. Қалың бұқарамен тығыз байланыста болудың жолы ретінде, билікке қара қазақ өкілдерін тарту қажеттігі Есім ханның кезінен бастап мойындалғаны белгілі. Оның «Ескі жол» аталған заңнамасының түпкі мәні де сол болатын. Соны басшылыққа алған Тәуке ханның тұсында белгілі билер елді басқару және заңдарды сонау «Есім ханның Ескі жолы» үлгісімен жетілдіру жұмыстарына белсене қатыстырылды. Әйгілі «Жеті жарғы» осы үш жүз билерінің белсене атсалысуымен қабылданған. Міне  солар  ел басына күн туған күрделі тарихи кезеңде жоңғар шапқыншылығына ел боп бірігіп қарсы тұру ұранын көтерді.  Ел санасына солай сіңген. Ұлы жүздегі он бір тайпаны, Орта жүздегі алты тайпаны, Кіші жүздегі жиырма бес тайпаны біріктіретін үш тайпалық одақты ортақ мүддеге  ұйыстырудағы бұл аса көрнекті тұлғаларымыздың еңбегін жоғары бағалай отырып, олардың ұлы кеңесті өткізуде бас әміршінің бастамасына сай солай әрекет еткенін әділеттілік тұрғысынан қисынды көретінімізді біз жасырмаймыз. 18-ші ғасырда содан бұрынғы кездердегідей дағдымен, бүкілхалықтық мәжілістер мен кеңестер аса жоғары дәрежелі билеушілердің ордаларында жүргізіліп жүргенін тарихшылар мойындайды. Мұндай жиындардағы билердің сөзі қашанда өтімді келетін, билер өзге шонжарлардан әрдайым басым түсетін. Есім хан заманынан бері хан билігінің өзі сол билер кеңесінің шешіміне тәуелді болатын.   

 «Ақтабан шұбырынды» қасіреті кезінде әскер бастап қазақ елінің терістігіне де, түстігіне де  азаттық жорықтарын жасаған Әбілқайыр ханның азаттық жолындағы күресті өрістету үшін күллі ел азаматтарын біріктіруді көздегенде, осынау атақты билердің көмегіне сүйенгені тарихи шындыққа әбден сай келеді. Жүздердің хандары, жекелеген ру-тайпалар мен қалаларды басқаратын кіші хандар, сұлтандар, рубасылар, аймақтардағы билер, ақсақалдар, өзге де бас адамдар және, әрине, батырлар бас қосқан құрылтай басқыншыдан отанды азат ету үшін жалпақ ел ішінен біріккен қол жиюды бірауыздан қолдады. Қазақ біріккен әскерінің бас қолбасшысы  міндетін аға хан Әбілқайыр баһадүрге жүктеді.

Қазіргі қалыптасқан көзқарас бойынша – құрылтай Кіші жүз ханы Әбілқайырды аға хан лауазымына емес, бас қолбасшы етіп қана сайлады делінеді. Мұндай көзқарастағылар қазақтың бұл кездегі аға ханы Болат хан болатын деп санайды. Алайда байыпты ғылыми зерттеулер Болат ханның, біріншіден, аға хан емес, Орта жүз ханы болғанын, екіншіден, ол «Ақтабан шұбырынды» басталғанда дүние салғанын айтады. Демек, Бас қолбасшы ретінде таңдалған  Әбілқайыр баһадүрді Ордабасы құрылтайында аға хан мәртебесіне сайлаудың қажеті жоқ еді, ол бұл мәртебеге Тәуке ханның ізбасары Қайып хан қаза тапқаннан бері, 1719 жылдан ие болатын.  1724 жылдан Орта жүз ханы Сәмеке мен 1720 жылдан Ұлы жүз ханы Жолбарыс оны өздерінен барлық жағынан жоғары болғандықтан да мойындаған, көне меритократиялық тәртіпті басшылыққа алған билер кеңесінің қолдаған, Осылай ол жеті жылдан бері аға хан саналатын. Егер бұл бастапқы кезеңде заты емес, тек аты ғана бар лауазым саналса, сондықтан да оны жұрт тек Кіші жүз ханы деп қана қабылдаған болса да, жоңғардың жойқын шапқыншылығынан берменгі күллі қазақ даласын шарлап көрсеткен жауынгерлік, қолбасылық еңбегі мен ерлігі оның іс жүзінде аға хан екенін дәлелдеген еді. Қазақ хандығында тақта отырған әмірші әдетте әскердің де бас қолбасшысы болатын, демек, Әбілқайырға бас қолбасшылықты беру оның аға хан екенін мойындағандықтан, ел үшін жанын отқа да, суға да салған жанқиярлығын бағалағандықтан жасалған шара. 1710 жылғы Қарақұм құрылтайында да, 1726 жылғы Ордабасы құрылтайында да ол өзіне көрсетілген сенімді ақтап, хан дәрежесі міндеттейтін қолбасылықты адал атқарды. 

  Әбілқайыр хан үш жүзден жиналған әйгілі батырлармен әскери кеңес өткізіп, шұғыл сарбаз жинау, оларды соғыс өнеріне тездетіп үйрету, сосын елді біртіндеп дұшпан езгісінен азат ету жоспарын құрды. Бірінші кезекте былтырғы жеңісті шеруден кейін қайтадан жау қолында қалған астанадан бастап аймақтағы барлық қалаларды жоңғар билігінен құтқару мәселесі күн тәртібіне шықты.  «Үлкен орда қонған», «Кіші орда қонған» деген жер атаулары Әбілқайыр баһадүр хан мен оның көмекшілерінің сол кездегі азаттық соғысын басқарғанда әрекет еткен орталықтарын аңғартса керек. Біріккен қазақ армиясы аталмыш ордаларда жасалған соғыс жоспарларына сай ұрыстар жүргізіп, оңтүстіктегі қалаларды бірінен соң бірін азат ете бастады...


Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымының кандидаты

Пікірлер