Доллар кетті дөңгелеп, Дәленов оған не демек?!

2135
Adyrna.kz Telegram

Апта басталысымен нарықтағы мұнай бағасы күрт құлдырап, әлем елдерінің көңіл күйі бұзылды. Экономикасы мұнайға байланған Қазақстан да өз деңгейінде едел-жедел жиын өткізіп, экономикалық қауіпсіздігіміз туралы ой қозғады. Елді тығырықтан шығаруға бірден-бір үлес қосуы тиіс ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мұнай бағасының құлдырап, доллардың күрт өсуіне байланысты өз пікірін білдірді. Министр бұған қатысты:  «Канада, Норвегия, Ресейде өзгерістер болды. Барлық ел өз ақша бағамын ретке келтіріп жатыр. Мұны нарық реттейді», – деді.

Сондай-ақ министр елде «доллар өсті екен деп, қымбатшылық та өршіп кетпейтінін» алға тартты.  Оның айтуынша, ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түліктің басым бөлігі жергілікті ресурстарға байланысты. «Сондықтан аталмыш өнімдердің бағасы орынсыз өсірілмейді. Қымбатшылық өршімейді», – деді Руслан Дәленов.

Алайда сала мамандары министрдің бұл пікірімен мүлде келіспейді. Мамандардың пайымынша, алдағы уақытта инфляция көлемі жоспардан тыс өсіп, халықты қымбатшылық қамыты қыса бастамақ. Мұны жасырудың қажеті жоқ. Экономист-ғалым Жаңабай Алдабергеновтің айтуынша, Ұлттық банктің пайыздық сыйақы мөлшерлемесін 12 пайызға көтеруінің өзі-ақ елде жағдайдың аса мәз емес екенін көрсетіп отыр.

«Қазақстанда қымбатшылық болмайтын болса, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені азайту жайын ойлар еді. Бірақ қазір, керісінше,  әрбір тоқсан сайын өнім қымбаттап, халық қиыншылықты нақты сезініп отыр», – дейді экономист-ғалым.

Маманның пайымдауынша, біздегі Ұлттық банк, ұлттық экономика министрлігі нақ осы инфляцияға қатысты нақты статистиканы беруге асықпайды. Осыған байланысты Жаңабай Алдабергенов: «Экономиканың жауы – жалған статистика. Инфляция туралы ақпаратқа сену қиын.  2019 жылы жылдық инфляция 4-6 пайыз болды делінді.  Бірақ қазіргі қалыптасып отырған жағдаймен салыстырсақ, бұлай айту қисынға келмейді», – дейді.

Оның айтуынша, 2019 жылы инфляция көлемі 4-6 пайыздық деңгейде сақталса, онда Ұлттық банк  базалық сыйақыны 9,25 пайыздан әрі өсірмеуі керек еді.

Бұған қатысты экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков: «Негізінде, базалық сыйақы мөлшері елде инфляция көлемі тұрақты болғанда түсіріліп отыруы керек. Ұлттық банк осы арқылы ақша-несие саясатын реттеп отырады. Отандық өндіріс қазір дағдарысқа әрең шыдас беріп отыр. Доллардың құны шарықтап барады. Ұлттық валютамыздың құны төмендеп кетті. АҚШ-тың федералдық резерв жүйесі де базалық сыйақы мөлшерін жоғарылатып отыр. Сырттан алатын қарыз мөлшері де өсті. Мұнай арзандады.  Осыған орай, Ұлттық банк те базалық сыйақы мөлшерлемесін өсіріп отыр», – деді.

Ал экономист-сарапшы Ілияс Исаевтың пайымдауынша, қазір біз тұтынушыға қаншама ақша ұсынсақ та, ол проблемалық несиеге айналып кетіп отыр.  Жекелеген тұтынушыдан бөлек, өндіріске беріліп отырған арзан несие жоғары деңгейде  өнім шығаруға, өндірістің қабілетін арттыруға айтарлықтай әсер етіп отырған жоқ. Өндіріс қуаты артудың орнына, керісінше, кеміп, айналымда ақша көбейіп кетіп, құнсызданып жатыр. «Сондықтан бұл арада алдымен  инфляция көлемі нақты болжануы керек. Бізде нақтылық жоқ. Бейресми деректер 2019 жылы «халықтың жайына қарап, инфляция, тіпті, 20 пайызды межеледі» десе, ресми деректер 4-6 пайыздан аспайды деп болжайды. Ал нарықтағы жағдайды бағдарласақ, елімізде ай сайын қымбатшылық үдеп барады. Отандық өнім өндірушілер өнім өндіруге салған ақшаларын инфляция жеп, құнсызданып кетіп жатқанын айтып шырылдайды», – деді экономист-сарапшы Ілияс Исаев.

Жалпы, мамандардың  айтуынша,  еліміздегі ақша-несие саясатына серпіліс керек. Болашақта Ұлттық банк, ұлттық экономика министрлігі макроэкономикалық тепе-теңдікті зерттей білуі керек. Қаржыны қай салаға бөлсек, қайтарымы болады? Өндірістің қуаттылығы қандай? Берген қаржыны ұқсата ала ма, түсімі қаншалықты сенімді деген мәселеге жоғарыда аталған екі инстанция да бас ауыртуы тиіс. «Бұл арада Ұлттық банк пен министрлік бірлесіп жұмыс істегенде ғана мәселе шешімін табады», – дейді Ілияс Исаев.
Дегенмен алдағы уақытта бәрін нарық реттейді деп отыра беруге болмайды. Үкімет отандық өнім өндірушілерге нақты қолдау көрсетуі керек. Бұған қатысты ұлттық экономика министрлігі экономиканы тығырықтан алып шығуы үшін бірінші кезекте отандық өнім өндіруді тереңдетуге баса мән беруі тиіс.

Негізінде, біздің экономикалық құрылымымыз екіге бөлінеді: қала және халықтың 47 пайызы тұратын ауыл. Сондықтан әлемдік экономикадағы жағдайды ескере отырып, алдағы уақытта ауыл шаруашылығын дамытуға  аса мән берілуі қажет.  Бұл ретте, ауыл мәселесін бір ғана ауыл шаруашылығы министрлігіне таңып қою дұрыс емес. Бұл шаруаны ұлттық экономика министрлігіне де жүктеген жөн. «Еуропа елдері де ауылшаруашылық өнімдерін қымбаттатып жіберді. Қазір арзан азық-түлік импорты деген әңгіме жоқ. Сондықтан әркім өз күнін өзі көретін заман туды. Қиын заманда біз отандық өндіріске ғана арқа сүйей аламыз. Демек,  шикізатты сыртқа шикі күйінше жібере бермей, ең соңғы дайын өнімге дейін осы саланың дамуына күш салу керек. Олай етпесек, күні ертең елде ашқұрсақ халық көбейеді. Бізге серпіліс қажет. Марғау қалыптан шығуға тиіспіз. «Салдары болмайды, әсер етпейді» деген пікірді ұмыту керек», – дейді сала мамандары.

Қысқасы, мамандар ұлттық экономика министрлігіне қатысты нақты ұсыныстарды жіпке тізіп беріп отыр. Олай болса, сала мамандары айтып отырғандай, ұлттық экономика министрлігін ояту керек.

zhasalash.kz

Пікірлер