Алматы облысында қылмыстық топ 13 үйді тонаған

3849
Adyrna.kz Telegram

Талдықорғанда арнайы операция барысында елдің мүлкін ұрлаумен айналысқан күдікті үш азаматтан құралған ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бес ай ішінде Талдықорғанда жеке меншік үйлердегі ұрлық деректері тіркеліп отырды. Негізінен ұрылар пластик терезелер арқылы, кей жағдайда есіктерге кілт таңдау арқылы үйге кірген. Тек бағалы заттарды - алтын, ақша, теледидар, ноутбук, телефон және басқа да мүліктерді қолды қылған», - дейді Талдықорған ҚПБ Батыс полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Азамат Мастекбаев.

Полицейлердің назарын қонақүйлердің бірінде бөлме жалдап тұрып жатқан жас жігіттер аударған. Белгіленген бақылау көп ұзамай оң нәтижесін берді.

«Кезекті ұрлық дерегінен кейін ауылдық жерден келген 23, 26 және 27 жастағы күдіктілер ұсталды. Тінту кезінде олардан ұрланған заттардың бір бөлігі және екі тасымалды радиостанция алынды. Ұсталғандар 13 ұрлықты толық мойындады, бірақ олардың басқа өзге де осыған ұқсас ашылмаған қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде, тізім әлі де кеңейе түсуі мүмкін»,-деп толықтырды майор Мастекбаев.

Сонымен қатар, екі азаматтың өткен жылы осыған ұқсас қылмыстары үшін бас бостандығынан айырылғандығы анықталды. Топты соттылығы өтелмеген ең жас қатысушы басқарған. Оның бастамасы бойынша, ұсталғандар портативті радиобайланысты пайдаланып, рация арқылы қылмыстық топ мүшесі жүргізуші үй иелерінің жақындағанын немесе басқа да қауіпті ескертіп хабарлап отырған.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер қамаққа алынды. Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлігіне сәйкес жүргізіледі.

Сот шешіміне дейін автокөлік айғақ зат ретінде тәркіленіп, арнайы тұраққа қойылды.

 

Фото: ашық дереккөзден

 

Пікірлер