Арман Серікұлы. Қазірше маған сол ғана медет

2669
Adyrna.kz Telegram

Аманхан Әлімұлы  аға, сізді ортамыздан кетті дегенге сене алар емеспін. Мына қара індеттің кесірінен бір уыс топырақ сала алмай, қоштасуға бара алмай көкірегіміз қарс айрылып, құсалы күй кешкен жайымыз бар. Кешірші бізді ағатай...

Рухыңыз мықты, жүрегіңіз дәтті еді ғой. Балаша алып-ұшып тұрар мінезіңіз сіздің әппақ жүрегіңізден, періштедей көңіліңізден хабар беретін... Сізді өлместей, бұл жалғаннан кетпестей көруші едік.

Рас, кейінгі кездері көңіліңіздің түбінде әлдебір мұң, шер бары сезілуші еді. Жиі күрсінетіндейсіз.
Былтыр Бейбіт Нәлібаев (Beybit Nalibaev) балаңыздың мұрындық болуымен Адырна Бірлестігі ұйымдастырып, Алматыдағы Мұқағали атындағы мектепте сізбен кереметтей кездесу өтіп еді. Балаша қуанып едіңіз сонда. Соңында сізді көлікпен жеткізіп тастағанда да жаныңызда әлдеқандай жайсыздық барын аңғартып қалғандай болдыңыз. Ақын жаны тым нәзік қой, мансап пен байлық қуып, ақ пен қараны шатастырып алған, көздері шел басқан қоғамда жан сырыңызды кімге айтарын білмей аh ұрдыңыз ба екен? Өзегіңізді қарыған өксікті от жалындай күйік бойыңызды тұтас шарпып, жаныңызды да жайлап болған екен-ау😢.
Сізбен таныстығым Қазыбек Иса ағаның "Жас қазақ үні" газетінде жұмыс істеген студенттік шағымда басталып еді. Сұхбатқа барардан бұрын ақын-жазушылардың еңбектерімен танысуымыз қажет. Сіз Ай сөзін, Айға қатысты ұғымдар мен тіркестерді жиі қолданушы едіңіз ғой. "Ай нұры алақанымда" атты кітабыңызда Ай сөзі 117 рет кездесетіні туралы бір сұрағым сіздің көңіліңізді көкке көтеріп еді. Сол бір кезден бастап Аманхан аға, сіз екеуміздің арамызда сондай бір рухани байланыс орнап еді. Ол кезде "Заң" газетінде қызмет етесіз. Ара-тұра шахмат ойнап тұратынбыз.

Мені "Заң" газетіндегі жаңа басшылыққа таныстырып, жауапты хатшы, тіпті бас редактордың орынбасары етіп қоймақ болған ақ ниетіңіздің өзі неге тұрады? Ондағылар сіздің ұсыныспен келісіп мені атаулы қызметке шақырғанда қиқарлығыма басып "қалыптасқан оқырмандарымды қимай" бұрынғы жұмыста қалып қойғаным кейін өкінішке ұласарын кім білген... Ол кезде ауыздықпен алысқан асаудай едім ғой. Кейін жалақысы қарын тойдырмаса да, оқырмандар лебізі көңіл тойдырып жүрген басылым басшылығынан әділетсіздік көріп, қуғындала бастағанымда, басқа-басқа емес, дәл сіздің тағы да араша түсіп Бас директорға хабарласқаныңыз - үлкен азаматтығыңыз екен ғой. Қу тіршілікпен жүріп сол жақсылықтарыңызды да ұмытып кеткенім бе, ағатай😢. Одан бері қаншама жылдар өтті, жылғалардан қаншама су ақты. Ал сіз сол баяғыша өзіңіз үшін емес, өзгелер үшін күрескен, аңқылдаған ақ пейіліңізден бір де айнып көрген жоқсыз. Бірақ соны түсініп, сізді қадірлеп аялалай алмадық. Өзекке өкініш кептеледі. Арпалыс, алыс-жұлыс, қым-қуыт тіршілікте қарапайым ғана ақынның жан әлеміне үңілген кім бар?

Жастарға қамқор, бір адамды болса да көңілін көтеруге тырысатын даладай кең жүректі сіздей ағатайымды қайдан ғана табармыз?😢.

Жүректегі тебіреністі, көз жасымды, бір күннің ішінде көңілімде орнаған сізге деген сағынышымды рухыңыз сезетін шығарсыз. Қазірше маған сол ғана медет...

Пікірлер