Қазіргі кездегі қазақ тілінің мәртебесі

49544
Adyrna.kz Telegram

Аннотация

Қазақ тілінің тарихтан бүгінге жалғасқан Қазіргі қазақ тілінің ахуалы. Қазақ тілінің тарихына тоқала отырып, бүгінгі жағдайын саралау. Мемлекеттік  тіл дамуындағы өсекті мәселелерді дәлелді талдау.

Аннотация

Состояние современного казахского языка, продолжающегося с истории на сегодняшний день. Анализ современного состояния, переходя к истории казахского языка.Аргументированный анализ спорных вопросов развития государственного языка.

Annotation

The state of the modern Kazakh language, continuing from history to the present day. Analysis of the current state, moving on to the history of the Kazakh language.Reasoned analysis of controversial issues in the development of the state language.

 

           Тіл – халықтың басты қарым-қатынас құралы. «Балық тілсіз болса да, халық тілсіз болмайды» деген Қадыр Мырза атамыздың нақылындағыдай, тілсіз халық түгіл жеке тұлға өмірін елестету қиын. Толыққанды адам ретінде өмір сүрудің негізгі кілті – қоршаған ортамен байланыс болса, бұл байланысты қамтамасыз ететін басты элемент – тіл.

Жалпы, Жер жүзінде  6000-нан астам тіл болса, оның ішінде қолданыстағы мемлекеттік статусы бар тілдер және жойылу алдында тұрған сонымен қатар атауларын тек тарихтың көне ақпараттарынан көз шалып қалатын,  бүгінде  жер бетінде жоқ тілдер де бар. Сонымен қатар, «мемлекеттік тіл» мәртебесіне ие болғанымен, статусына сәйкес құрметке ие бола алмай келе жатқан тілдер  де бар.   Тіл тағдыры ел тағдырымен біртұтас болғандықтан, тілдің мәңгі жасауы халықтың ұлттық құндылықтарын жоғарғы дәрежеде дәріптеуімен сипатталады.Дербес еліміздің тарих тамыры тереңге бойлаған, қасиет оты еш сөнбес ұлттық тілі  әр қазақ патриотының жүрегінде сөйлеп тұр.

Қасиетті тіліміздің жоспарлы саяси даму, халқымыздың тілдік құқығын қорғау бастамасы, көркем әдебиет пен ісқағаз тілін қалыптастыру жұмыстары Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов сынды зиялыларымыздың ерен еңбегінен бастау алған. Заман қысымына орай, ұлт болашағы бұлыңғыр тартқан шақта, ұлттық тіліміздің тағдырын шешуде зиялыларымыз ұсынған жол айрықша болды.Сол себептен, тіліміздің бүгіні мен болшағын бағамдау үшін осы жолды сабақ ала жалғастыруымыз қажет.Тіл мәселесіне байланысты зиялыларымызды ұлықтауға себеп қандай?

Тарихтан белгілі, еліміз 250 жылдан астам уақыт Ресей державасының бодандығында болды. Жалпы бодан елдің жай-күйі ежелден белгілі. Тәуелсіздігінен айырылып, тағдыры көлеңкеленген халық жасқаншақ келеді. Осындай қиын шақта, тілдік құқықтың қорғалуын өзекті мәселе етіп көтеріп, ірі державаға талап қоя білген арыстарымыздың әрекеті, бүгінгі тіл тағдырының бастамасы деуге болады. Бұл тұста, 1905жылғы қарашада Ресейде өткен «Жергілікті және қалалық қайраткерлердің » Москвадағы сьезінде: «Ана тілін еркін қолдану қазақтардың таяу арадағы мұқтажы» деп мәлімдеді. Сонымен қатар, тілдер құқығын шектейтін заңдардың жедел түрде қайта қаралуын табанды түрде талап етті. Осы бастаманың жалғасы ретінде, Қарқаралы уезіндегі қазақтардың 11 тармақтан тұратын құзырхатын ұйымдастырып, оны орыс тілінде шығатын «Сын отечества» газетінің 1905 жылғы 4 қыркүйектегі 173-санында өз атынан жариялаған. Бұл тармақтың 2,3,7,8-тармақтарында қазақ тілінің мәселелері көтерілді.{1}

Әлиханың бұл мәселені өзекті етіп көтермесіне болмас еді, себебі, қазақ халқының орыс тілін меңгеру дәрежесіне қарамастан, қызмет көрсетудің барлық тармақтары орыс тілінде жүргізілді. Тіпті балалар мектепте қазақ тілінде білім алмайтын жайттар орын алды. Құзырхатта кеңселердегі іс-қағаздарды да қазақ тілінде жүгізу талабы қойылған. Сайып келгенде, мұның барлығының отарлау саясаты екеніне көз жеткіземіз, бұл тұрғыда Әлихан Бөкейханов: «Орыстандыру саясаты қазақтардың ана тілінде хат тануын тежеудің барлық амал-тәсілдерін қарастыруды талап етті» деп жазды.{2}

Өткен ғасырдағы тіл тағдырының қиындығын бодандықпен түсіндіруге тырыстық. Ал бүгінде егемен ел Қазақстан ретіндегі тәуелсіздік жағдайындағы мемлекеттік тілдің хал-ахуалы қандай?

Ұлттық тілді құрметтеу әрбір қазақ орындауға тиіс маңызды міндет. Ал Қазақстан азаматтары құрметтеуге тиіс ұлттық тіл- қазақ тілі. Тіліміз «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» статусын 1989 жылы 22 қыркүйекте иеленді сонымен қатар осы жылы « Қазақстан Республикасының тілдер туралы» заңы қабылданды. 1995 жыл 30 тамыздағы референдумда қабылданған жаңа конституцияның 7-бабында ұлттық тілімізге байланысты «мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайтыны» және « Мемлекеттік ұйымдарда және өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Еліміздің барша азаматтарына мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне материалдық, ұйымдастырушылық жағдайлар жасалған. Халықты топтастырудың маңызды факторы – мемлекеттік тіл. Осы ұранды басты назарға ала отырып, Мемлекеттік тілді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, қазақ тілін меңгерген тұрғындар үлесі 2017 жылға қарай-80%, ал биылғы 2020жылы-90% ға жеткізу жоспарланған. Алайда, 2016 жылғы баспасөз беттерінде берілген диаграммаға жүгінсек, еліміз 2017 жылы жетуі керек деп межелеген шамаға екі жыл ерте жетіп қойған екенбіз, яғни, 2015 жылы-80%-ды бағындырдық.{3} Бұл қарқынмен жалғасса, биылғы жыл тіптен түгелдей Республика қазақша сайрап тұр деген сөз емес пе?! Ал 2025 жылы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындар 95%-ды құрайды деп күтілуде, бұл болжам да межесінен ерте орындалса, тіл саясатын жүргізушілерге үлкен жетістік болар еді.

Бір өкініштісі, бұл диаграммадағы сандар адамды бір марқайтып тастағанымен, көз көріп құлақ еститін  қоғам  сипаты мүлде бөлек. Сиқырлы цифрлардың жылтырауы шын болса, біздің елде мемлекеттік тілге байланысты ешқандай мәселе жоқ деп аяқты аспанға көтеріп жата берсек те болатындай, дегенмен, шынайы өмір келбеті бұған жол бермейді. Қоғаммен біте қайнасып өмір сүретін кез келген толыққанды адам қазақ тілінің жоғары сұраныста еместігіне көп қарсылық білдіріп жатпайды. Тек тіл саласында қызмет ететін адамдар легі ғана мемлекеттік тіл мәртебесінің жоғарылауын айтып мақтануда, сол мақтаныш тек қағаз бен сиқырлы цифралар түрінде қалып қоймаса болғаны. Бұл мәселе ұлт құндылығына тікелей байланысты.

Ал ұлттық тілдің құндылғын жоғалту ел келешегі үшін үлкен кесел.       Кесел демекші, елімізде ұлттық тілдің мәселесі сан жылдар бойы кезек күттірмейтін, кеселі көп  мәселе болып келеді. Кезек күттірмейтін дейтін себебіміз,бүгінде,  қазақ тілінің хал-ахуалы бірқалыпты жағдайда емес. Мемлекеттік статусы болғанымен, көп жағдайда қолданылу аясының тарылып бара жатқаны да байқалады. Қоғамда ана тілім- қазақ тілі деп айта алғанымен, ана тілінде сөйлеуге шорқақ немесе тіпті де сөйлеу білмейтін қазақ азаматтары бар. Тіпті қарапайым халықты қойып, аты дардай депутаттарымыздың қазақ тілінде жасаған мәлімдемелерін естігенде, жағамызды ұстаймыз, бірақ ана тілімізге шорқақ жандарды қазақша сөйлеуге міндеттейтін заңның да барын ескере кеткен абзал.Қазақ тілінің адамдар арасында тар қолданысқа ие екенін рас. Еліміздің басым тұрғындары қазақ тілінің қолданысына кері әрекеттер жасауда, сондағы ана тілден безіп, тілге тиек ететіндері орыс тілі. Біршама алпауыт компаниялар мен мекемелерге жұмысқа алу кезінде алдымен орыс және ағылшын тілдерін білуі талап етіледі. Мемлекеттік қызмет аясында да қойылатын басты талап осылар.

Тілді құрметтейтін ел ретінде алдымен қазақ тілін біліп, орыс және ағылшын тілдерін белгілі бір мақсатар үшін меңгеруіміз керек. . Еліміздің бәсекеге қабілеттілігі үшін елбасымыз «Үштұғырлы тіл» саясатын енгізді . Ондағы мақсат елімізге ағылшын, орыс тілдерін үйретіп қазақ тілін тереңге көму емес.  Дана халқымыздың «өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген нақылы қазақ тілінің маңызын нақтылай түсті.  Орыс тілінің басымдығын сөз етсек болғаны, «қаншама жыл орыс құрсауында болдық деген» деген сылтаулар айтылады. Ол дәуір өтті, бүгінде егемен елміз, тілді үйренем деушілерге мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетіледі. Көп жағдайда, қазақ тіл дәрежесінің төмендігін оның үйретілу сапсынан емес, сұраныстың аздығынан, тиісті дәрежеде қажеттіліктің болмауынан іздеген дұрыс. Қазақ тілін білуге қойылатын талап жайы тіпті әділетсіз.

Веб-баспагер Жәнібек Сүлеевтің «мен қазақ тілін меңгергендердің ғылымды, прогресті, мәдениетті еуропалық түсінікте жылжыта алатынына сенбеймін», деген сөзін сараптасақ, бүгінде, еуропаның заманауи адамына айналғысы келетіндер көп. Олай болса, бұл азаматтар легін қазақ тілін қолданушы жанашырлар есебінен қысқарта берейік.{4}

Қарапайым мысал, ізденіс үстіндегі адамдардың көпшілігі ақпарат іздеу барысында қазақ тіліне қарағанда, орыс тілінде толық ақпараттар легі барын айтып шағынады. Бұл да жалған емес. Ал аудармаларын тұтынайын десең, орыс тілді нұсқасымен салыстырғанда, ақылға қонымсыз жасалған аударманы ұшырастырамыз. Қазақ тілі бай деп мақтанышпен айтқанда, мына аудармалардағы олқылықтарға  қарап, тіл байлығына күмән келтіреміз бе әлде  аударма ісінің дұрыс жолға қойылмауынан көреміз бе деп ойланып қаламыз.

Қазақстан көпұлтты мемлекет. Ендігі кезекте, барлық мемлекет тұрғындарын қазақ тілде сөйлетуді мәжбүрлі жүзеге асыру қажет деген пікірлер айтылып жатыр. Дегенмен бұл тезистің күмән-күдігі басым.Өйткені өз кәсібін дөңгелетіп отырған қандай да бір диаспоралар үшін, қазақ тілін меңгеру қаншалықты тиімді деген сұрақ туындайды. Себебі олар үшін елімізде орыс тілінде өмір сүру қиын емес те, керісінше қазақтарға өз елінде орысша өмір сүру қиындық туғызады. Бұл этносаралық наразылықтар да тудырып жатады.

Тіл мәселесінің көлеңкелі тұстары қашан күн бетін көрмек?! Бұл сұрақтың жауабын тиісінше, тіл комитеті мен тіл саясатын жүргізушілерден іздейміз. Билік пен тіл мәселесі жайында бір оқиға ойға оралады. Тіл комитeті 90-шы жылдaрдың oртaсындa, тiл тyрaлы бaстaпқы зaң жoбacын тaныстыpу үшiн кeзeкті oтыpыcын  өткізді, сонда қатысушылардың бірі Сұлтан Оразалиновтан: «Заң жобасы қай тілде жазылған?»-деп сұрапты. Шенеунік болса, сасқалақтап, нақты жауаптан жалтарған.{5} Демек, жоба алғашында орыс тілде болғаны. Осы оқиғадан соң тіл саясатына күмәнмен қарау қалыптасты. Бірақ бүгінде, қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мемлекеттік тілдің ахуалын көтеру бағытында бірыңғай шаралар жасауда. Басқарма мемлекеттік мекемелердегі тіл нормаларының сақталуына мониторинг жүргізді. Елдегі біршама көше аттарын қазақша ретке келтіру жұмыстарын жасады. Қазақ тілінде сапалы контентті дамытуда.Осы орайда, әдеттегіше үкіметті кінәләу үрдісіміз жүрмей тұр. Көп жағдайларда орыс тіліне жақындығымызды өткен ғасырлардағы қазақ халқының Ресей державасына бодандығымен түсіндіріп жатады ол да ақылға қонымды себеп тек, бүгінде еліміздің дербестігін еске ала отырып мәселені қайта қарасақ мемлекет бар жағдайын жасаған қазақ тілінде таза сөйлеуге кейбір адамдарда өзіндік құлық жоқ сынды. Қазақша кібіртіктей сөйлеген жандарды көрсек «шала қазаққой» деп жүре береміз. Сонда шалалықтың түбі не болмақ!? Өз тілінде еркін сөйлей білмейтін адамның қазақша ойлап, қазақша өмір сүре алуы екіталай. Сондықтан ана тіліне шорқақ қарау бүкіл болмысына немқұрайлы қарау болып табылады.

Қорытындылай келсек, қазақ тілінің бүгінгі ахуалы күрделі мәселе. Қазақ тілі қолданыста деген сөз тек қағаз жүзінде орындалуға апара жатқанадай. Мемлекет тарапынан жасалған қолдауларды дұрыс пайдаланып, тіл мәртебесін көтеру Республика азаматтарының әрбірінің азаматтық борышы.

«Ұлттың тілі – ұлттың ділі» деп, халық даналары айтқандай, ұлтымызды сақтайық. Ана тіліміздің айбынын асқақтатып, қасиетті қазақ жерінде қаазқ тілінің мәртебесін көтерейік! Төл тілімізден қашпай керісінше төрге сүйрейік сонда ғана Қазақстан түндігі берік ел болмақ!

 

 Ақерке Бижан,

«Тұран» университеті

Журналистика факультетінің студенті

 

Пікірлер