Бір әннің тарихы... (видео)

3710
Adyrna.kz Telegram

Германияның Ильменау қаласында, немістің ұлы ақыны Гетенің музей үйі бар көрінеді. Сол музейге Гетенің сөзіне жазылған Абайдың "Қараңғы түнде тау қалғып" əні үнемі шырқалып тұрады екен. Бұл əнді алғаш тыңдағанда алман жұрты "Гете жарықтықтың осынау өлеңіне осындай əуен керек еді" деп таң-тамаша болысқан деседі. Əн қазақ əншісі Мағауия Көшкінбаевтың орындауында шырқалып жатады екен. Мағауия Көшкінбаев - қазақтың ерке қызы, əйгілі əнші Мақпал Жүнісованың жəне "Қазақ хандығы" фильмінде Керей ханның образын сомдаған театр жəне кино актері Қайрат Кемаловтың алғашқы ұстазы.

Кеңес заманында 650 мың тұрғыны бар Қарағанды қаласында екі ғана қазақ мектебі болғаны белгілі. Оның бірі - 85 жылдық тарихы бар Жамбыл атындағы 7-інші мектеп, екіншісі - Нұрмақов атындағы 2-ші мектеп. Əміре Қашаубаевтың шəкірті Мағауия Көшкінбаев осы 2-ші мектепте ұстаздық қылған. Мағауияның шəкірттері əйгілі əртістер Қайрат Кемалов пен Мақпал Жүнісова дедік.

Мінеки, Мағауия Көшкінбаев неміс жұртына тамылжытқан сол "Қараңғы түнде тау қалғыпты" бұл күнде ұлты кəріс, жаны қазақ Данил Шин карантинде жатқан бар қазаққа мамырлата шырқап отыр.

Айтпақшы, Мағауия Көшкінбаевтың орындауындағы "Қараңғы түнде тау қалғып" əнін неміске жеткізген қазақтың белгілі жазушысы Қалмұқан Исабаев. Ол кісі соғыстан соң Германияның осы Ильменау қаласының тоғыз жыл коменданты болған. Сірə, қатал заманда қайырымды комендант болса керек - Ильменау тұрғындары Қалмұқан ағаны жақсы көрген екен. Оған дəлел Қалмұқан ағаның өмірінің соңына дейін Ильменаумен қарым-қатынасын үзбегені жəне Қалекеңнің осы шаһарға қатысты қызықты хикаялары. Соның бірі, ұмытпасам 1979 жылы Гётенің Ильменаудағы музей үйіне "Қараңғы түнде тау қалғып" əні жазылған күйтабақты тарту етуі.

Айтқандай, кеше Данил əнші өзінің ФБ парақшасында менің "Ауылға кетем" деген əнімнің екі шумағын жариялады. Бұл əннің сөзін жазған ақын Қайрат Асқаров та осы 2-ші мектептің түлегі екенін айта кеткім келеді. Мен Қайрат ақынмен осы мектепке педогогикалық практикаға барғанда, ұмытпасам 1994 жылы таныстым-ау деймін. Қайраттың Алмаш Тамшина, Гауһар (фамилиясын ұмыттым) кластас қыздары болды. Мұны айтып отырған себебім, мектеп бітіргеннен кейін, Қайрат, Алмаш, Гауһар үшеуі де ҚарМУ-дің филфагіне түсіп, университетіміздің мақтаныштарына айналды. Қайрат ғажап жырлар жазды, ал Гауһар мен Алмаш домбырамен екі дауыста тамылжытып əн шырқайтын өнерпаздықтарымен танылды.

"Ауылға кетемнің" əні 1997 жылы шықты. Əлі есімде Қайрат екеуміз - ол студент, мен университеттің қызметкері - бір қонаққа бардық... Қонақтан кештетіп шыққан көңілді қалпымызбен түннің бір уағында үйге келдік. Мен ол кезде КарМУ-дің жатақханасында тұратын едім. Ол кезде жаспыз, түннің қай уағы болсын өлең оқып, əн айтып дуылдасып отыра береміз. Сол түні Қайрат өзінің "Ауылға кетемін" оқыды. Бұл өзі ұзақ əрі көркем жыр екен. Өлең мені едəуір толғандырды. Сөйтсем, бұл Қайраттың сол 2-ші мектептің 9-шы класында оқып жүргенде Қарқаралыдағы Бесоба ауылын сағынып жазған жыры екен. Қайрат маған сол жолы бұл тарихты да қызғылықты ғып айтып берді. Осы əсерлер келесі күні "Ауылға кетем" əніне айналды...
"Бесоба" - белгілі алашордашы Имам Əлімбековтың ауылы.

Енді "Қараңғы түнде тау қалғып" əнінің тарихына келейік. Бірде Гете Габальбах деген таулы аймаққа жаяу сапар шегеді. Осы өлкеде Гикельхан атты бір биік шың бар екен. Гете сол тауды көруді яки шыңына шығуды мақсат етсе керек. Бұл қазақтың Абылай ханы өлген 1780 жылдың қоңыр күзі екен. Жолай Гете сері тау баурайындағы бір аңшының үйіне аялдапты. Аңшы үйінің ауласында, сұлу табиғат аясында айлы түнде қиялы шарықтаған Гетенің шабыты оянып, осы өлеңі туыпты. "Жолаушының түнгі жыры" атанған екі-ақ ауыз осы өлеңді Гете сері аңшы байғұстың құлағалы тұрған ескі үйінің қабырғасына қара қарындашпен айбақ-сайбақ жаза салыпты да, аттанып кетіпті.

"Ең ұлы музыка, ол - тыныштық" депті ғой ұлы композиторлардың бірі. Əдетте жас күнде айғай-шуды, ырду-дырдуды жақсы көреміз. Жастық пен сұлулық қырдың қызыл гүліндей тез оңады. Адам баласы үш нығметтің қадірін білмейді біріншісі денсаулық, екіншісі жақсы əйел, үшіншісі, осы - жастық...

Меніңше жастық дəурен қырыққа таяп аяқталады. Қырыққа қарай жағына жібек байланған небір лұһу иек сұлулар - сары қарын тартып, жігіттің өртей жайнаған небір жампоздары қырқылжыңға айналады. Осы кезден бастап, адам тыныштық іздей бастайтын сияқты ма, қалай...

Ұлы Абайдың да:
"Ержеткен соң сыймайсың кең дүниеге,
Тыныштық пен зар боларсың баспанаға" дегені осы тұс. Абай бұл өлеңді Лермонтовтан аударғанда қырыққа қадам басқан уағы екен. Лермонтов болса бұл бір ауыз өлеңді Шиллерден қотарса керек. Ал Гете жарықтықтың елсіз тауда тыныштық іздеп қаңғалақтап жүргенде 31-дегі шағы екен дейді.

Сөйтсе, тыныштық іздеу пенде баласында ежелден бар дерт екен. "Ақындар айтып өтеді, Арманын бүкіл пенденің" деп Серік Ақсұңқарұлы ағамыз айтпақшы, адам баласы тілі жетпегенін ақынның аузымен айтқызуға құштар ғой, жер бетінде алғаш тыныштық іздеген ақын Алкман деген гректің ақылманы екен. Алкманның тыныштық іздеп аһ ұрған дəуірі біздің заманымызға дейінгі VII ғасыр көрінеді. Алкманнан кейін дүниеден тыныштық іздеу тақырыбын көне дүниенің ұлы ойшылдары Вергилий, Овидий, Тассо деген ақындар жалғастырыпты.

Гете де сұмдық оқымысты адам болған ғой, 31 жасында үйінен шығып кетіп, елсіз тауда баз кешіп жүргені - осы аттары аталған көне заманның ұлы ойшылдарына еліктеген түрі екен.

Гетенің бұл өлеңі күллі дүниеге əйгілі өлең боп тарап, талайды таңдай қақтырады. XIX ғасырдың басында бұл бəйіт орысқа жетеді. Өлеңнің даңқына қызыққан орыстың талайлары бұл жырды аударып көруге тəуекел етеді. Əйтсе де біреуі де келістіріп, кемеліне жеткізе алмайды. Ақыры бұл өлеңді сол кезде өрімдей жас Лермонтов аударады. Лермонтовтың аудармасы ғажап сəтті болып аударылғаны соншалықты - бұдан кейін басқа ақындар тəржімелеуге тəуекел етпеген деседі.

Сөйтіп кезек Абайға келеді. Абай бұл өлеңді аударғанда 47 жаста екен. Дəл осы яғни 1892 жылы Абай "Қараңғы түнде тау қалғыпқа" əн шығарғанға ұқсайды.

Осылайша Абайдың бұл əні Əлмағанбет əншінің орындауында елге тарап кетеді. 1935 жылы осынау əнді композитор Латиф Хамиди Абайдың ағасы Ысқақтың баласы Əрхамның орындауында нотаға түсіріп алады.

Қазақта "Қараңғы түнде тау қалғыпты" қазақы нақышпен өрнектеп, келістіре салған ұлы əнші Қали Байжанов. Өткенде консервоторияға барсам, заманымыздың көрнекті əншісі Еркін Шүкіманов осынау əнді Қалидың орындауында есі кете тыңдап отыр екен. Мен де қоса тыңдап, екеуміз Қалекеңді біраз жерге дейін апарып салып, бір жасап қалдық.

2000 жылдары Қали Байжановтың өмірін зерттеп, деректі еңбек жаздым. Сөйтсем Қали "Қараңғы түнде тау қалғыпты" радиоға жазғанда 78 жаста екен! Сөйтіп жүріп, бірде Қалидың Қарағандыда тұрған ескі үйін таптым. Ондағы ойым Қалекең ғұмыр кешкен баспананы көзіммен көріп, тіршілігін сезіну еді. Есікті бір көрікті келіншек ашты. Əлгі келіншектің сұлулығын мен айтайын, табалдырықтан аттай бере əнтек кідіріп қалдым...

Қалекеңнің мал дегенде жалғыз қара сиыры болыпты. Сол жалғыз сиырына шөп салам деп Қали атамыз үйінің алдындағы қораға жиі шығып кетіп, қызара бөртіп қайтып келетін көрінеді. Сөйтсе Қалекең малға шөп салған боп қырлы стақанын қара сиырдың қисық мүйізіне тарс соғыстырып тартып жібереді екен де, мұртын бір сипап қойып үйге келеді екен.

Қалекең қырыққа келген шағында Шəкен Аймановтың туған апасын алған ғой. Қалекеңнің қыз алуға келген оқиғасын Шəкен ағамыздың туған інісі Кəукен Кенжетаев қатырып айтушы еді. Осы апамыз Қалекеңді "қатал" ұстаса керек, атамыздың қораға барғыштап қара сиырға "шөп салғыш" боп жүргені сол көрінеді.

Қали Байжановтың сол жылдары бейітіне бардым. Марқұм Қарағандының Михаиловкасындағы ескі бейітке жерленген екен. Онда атақты алашордашы, қазақтың тұңғыш математик ғалымы, қазақтың бес облысын Лениннің шовинист жандаралдарымен күні бойы дауласып отырып аман алып қалған Əлімхан Ермековпен қатар жатыр екен. Əлекеңнің бейіті ол жылдары күтімсіз еді, қазір қолға алынған шығар...

Қалекеңнің қара сиырына қайтып келейін. Қара сиырды сол жылдары Қарағандыны шулатқан атақты "Қара мысықтар бандысы" деген қарақшылар əншінің қорасына түсіп, ұрлап əкетіпті. Сөйтіп қара сиырдың тағдыры аянышты аяқталыпты. Қара сиырдың өлімімен Қаллекеңнің қораға барып шөп салғыштығы да тəмəн болғанға ұқсайды...

Қалекеңе ертеректе Қажымұқан келіп тұрады екен. Бірде екеуі моншаға барып, Қажымұқан Қалиға арқасын езгізіпті. Қалекең қанша тырысса да, атақты палуанның құж-құж арқасына қолы батпапты. Қажекең "дұрыстап езсейші" деп күңкілдепті. Сол-ақ екен Қалекең моншаның бұрышында жатқан кірпіштің сынығын байқатпай ала салып палуанның арқасын əрлі-берлі жосытып жатса, Қажымұқан: "Е, бағанадан бері сөйтпеймісің", - деп риза болыпты.

Бірді айтып бірге кетіп жатырмын. Əнге қайта оралайын. Қалидан кейін бұл əнді балбырата тамылжытқан Қайрат Байбосынов ағамыз. Студент кезімді Қайрат ағаның орындауында түнімен тыңдаушы едім осы əнді. Ол кезде қазіргідей интернеттен тыңдай салу жоқ, құшақтап жататын досымыз пластинка еді ғой. Сонда осы əнді КарМУ-дің сол кездегі 4 жатақханасында, терезесі жапан далаға қараған нөмірі 720-шы бөлмемде, түннің бір уағына дейін тыңдап жатып, тəтті ұйқыға кетуші едім...

Бүгін де түн ортасында оянып кетіп, ФБ қарай салсам, осы əнді сен айтып жатыр екенсің, Данилжан. Қай-қайдағыны еске түсірдің ғой, құлыным. Əнің тамаша екен! Əсерленіп, төсегімде əрлі-берлі аунақшып жатып осы əн туралы ойыма түскендерді жазудамын. Қой, таң атып қалыпты, ұйықтайын, енді... Карантинді сақтап....

Ерлан Төлеутай,

өнертанушы

Пікірлер