Рухани жаңғыру – Ұлттың Ұлы мұрасы!

4602
Adyrna.kz Telegram

 «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып,  қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан  ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек»

Н.Ә.Назарбаев

 

Қазақстанның бірінші жаңғыруы 25 жыл бұрын КСРО-ның қирандысынан шығып, өз жолымызды дербес мемлекет ретінде бастағанымыздан басталған болатын.

Екінші жаңғыру «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда - Астананың салынуымен басталды. Үшінші жаңғыру Тұңғыш Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен жалғасын табуда. Ұлт санасының жаңғыруын мақсат еткен бұл еңбек- бағдарламалық құжат. Үлкен екі бөлімнен тұратын мақаланың екінші жартысында Елбасы кез - келген жаңғырудың ең алдымен Ұлттық болмысқа, дәстүрдің замана сынынан сүрінбей өткен озығына негізделуін қадап айтып отыр.Бұл іргелі мақаланы халық Мәңгілік Ел мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін көрсетіп берген тұжырымдамалық бағдарлама ретінде қабылдауда.

Тұңғыш  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақаланы оқи келе, сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отырғанын түсіндім. Мақалада тұңғыш Президент Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі.

Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталып отырған бұл идеяның ұсынылуы уақыт талабы мен ел дамуының тарихи кезеңіне сай, маңызы зор шешім болып отыр. Бұл идеяның үшінші жаңғырудың өзегіне айналуы, елімізге мүлдем жаңаша сипат, тың серпін әкелері анық.

Неғұрлым тұтастыққа жету үшін елді айшықтап тұрған ұлттың танымдық, тәрбиелік маңызға бай әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері қажет. Кез келген халықты өзінің төлтума рухани құндылықтары мен ізгі қасиеттері ғана біріктіре алады. Елбасы мақалада осы ұстанымды айқын көрсетіп берді:

«…Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады…Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу».

Бұл – тектен тек айтыла салынған жүрек қалауы емес, бүгінгі өркениетті, озық технологиялы, жаһандық ықпалдасудан, керек десеңіз, түрлі қауіп-қатерден қорғану жолы. Осы орайда ұлтымыздың белгілі ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Қасыңнан да, досыңнан да бірдей сақтан», – деген сөзі ойға оралады. Сақтанудың басы – өзіңе қатысты рухани құндылығыңды түгендеп, кейінгіге мұра етіп қалдыру.

Елбасының идеясы тарихқа деген көзқарасты түзету мен ұлттық бірегейлікті сақтап, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту жайлы болып отыр. Елбасының «Бізге тарих туралы өздерінің субьективті пайымдарын тықпалауға ешкімнің қақысы жоқ»,- деуі шешімді пікір.

Сананы рухани жаңғыртуға бәсекеге қабілетті, білімді елдің ғана шамасы жетеді. Сол себептен Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Елбасы аталған мақаладан жаңаша бастау алатын «Туған елге» ұласатын «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып отыр. Әрбір азаматтың өзінің туған жерінің гүлденуі үшін нақты үлес қосуға үндейді.

Жас буын өкілдері халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, елжандылық, патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өсу үшін нақ осындай бағдардың маңыздылығы зор.

Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Оның ең негізгісі ұлттың терең тарихынан бастау алатын рухани ұстанымды сақтап қалу. Құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді табысты жаңғырудың алғышартына айналдыра білу. Бұл ретте, Елбасы «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек»,- екенін атап көрсетті.

Рухани жаңғыруда қойылып отырған маңызды мәселенің бірі «сананың ашықтығы». Жаһандану үрдісіндегі басты талап әлемдік тілдерді игеруге ұмтылу. Бұл біздің ғаламдық үрдіске толыққанды араласуымызға жол ашады. Әлемдік озық тәжірибе мен жетістіктерге қол жеткізуімізге мүмкіндік туғызатыны анық. Бұл бағдарламалық мақалада тарихтың өткеніне көз жүгіртіп, жаңа тарихи кезеңдерге жан-жақты баға бере отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа деген Елбасының парасатты пікірлері мен көзқарасын аңғарамыз. «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы», -деп ел келешегіне үміт артты.

Тұңғыш Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы- қоғам дамуына тың серпін беріп, барша қазақстандықтардың жаппай қолдауына ие болар тарихи бастама. Бұл игі бастаманы ел ішінде насихаттап, лайықты жүзеге асыру- баршамыздың міндетіміз.

Сөзімді қорыта келе, Ұлы мұрат жолында тізе қосып, іс қылу – біздің перзенттік һәм азаматтық Ұлы борышымыз деп білемін. Ендеше, рухани жаңару арқылы әлем мойындар табысты ел болып, жарқын болашаққа деген сенім мен үмітті үндестіре отырып, баршамыз бірлік туы астында бақытқа бірге жетейік!

Аида ҚАРСЫБАЙҚЫЗЫ,

ҚазҰУ филология және әлем  тілдері факультетінің студенті.

Ф.АҚЫНБАЙҚЫЗЫ, ғылыми жетекшісі

ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры,

 

 

 

Пікірлер