"Әр балаға 218 мың теңгедей беріледі" - АҚШ-та тұратын қазақ қызы

2481
Adyrna.kz Telegram

Бүгінде АҚШ COVID-19 жұқтырған адам саны бойынша да, қайтыс болған адам саны бойынша да бірінші орында. Коронавирус елдің көптеген қаласында тіркелген. Вирусты жұқтырғандардың саны миллионға жуықтаған елдің қазіргі жағдайы қандай? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі Орегон штатында тұрып жатқан Айсұлу Абельдинадан сұрастырды.

Айсұлудың отбасымен АҚШ-та тұрып жатқанына бір жылдай болған. Ол - йога бойынша нұсқаушы. Айсұлудың айтуынша, құрама штаттардағы қазіргі жағдай тұрақты емес.

"АҚШ-та коронавирус жұқтырған 824 мыңнан аса адам анықталды. Елдегі қазіргі жағдай тұрақты емес. Трамп карантинді тоқтатпақ. Себебі ел экономикасы тағы бір ай карантин жарияланса шыдамауы мүмкін. Ал губернатор-демократтар бұған қарсы. Сондықтан кей штаттарда карантинге қарсы адамдар митингіге шығып жатыр. Ал Орегондағы жағдай тұрақты. Бірақ бұл штат Трампқа қарсы шыққан өзге де штаттармен біріккен. Орегонда 595 науқас анықталды", - дейді Айсұлу.

Кейіпкеріміз халыққа көрсетілетін әлеуметтік төлем туралы сөз қозғады.

"Бізде карантин жарияланған. Қоғамдық орындар жабық, тек азық-түлік дүкендері мен ауруханалар жұмыс істеп тұр. Жергілікті билік азық-түлік себетін тарата бастады. Ол үшін арнайы құжаттың да қажеті жоқ. Одан бөлек, жылдық табысы 75 мың доллардан аз адамдарға 1200 доллардан және әр балаға 500 доллардан беріледі. Қашықтан жұмыс істей алатындар онлайн істейді. Көптеген адам үйде жұмыссыздыққа байланысты жәрдемақы алады. Жалақының 60 пайызы төленеді. Қажет кәсіпорындар ғана жұмысын жалғастырып жатыр", - дейді Айсұлу.

Айсұлудың айтуынша, жергілікті тұрғындар сыртта жүрген кезде арақашықтыққа үлкен мән беретін көрінеді.

"Дүкенде адам саны өте аз. Барлығы арақашықтықты сақтап жүреді. Жалпы дүкендерге адамды аз-аздан кіргізеді. Тіпті тротуардың бойында кетіп бара жатқанда қарсы бетте адам келе жатса, жолдың арғы шетіне өтіп кетеді", - дейді кейіпкеріміз.

Пікірлер