Майра Ілиясова: Халықты алдауға болмайды!

1152

Осы апта "лотерея дауынан" әлеуметтік желі  екі иінінен әрең дем алып тұр. Аңызы бар, ақиқаты бар алып қашпа әңгіме де толастар емес. Саналы ғұмырын сахнада өткізіп келе жатқан, өнердің ыстығына күйіп, суығына тоңған ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясоваға хабарластық. Соңынан ерген бауырлары мен сіңлілерінің бұл дауға қалай ұрынғанын, Айнұр, Құралай, Қарақат бастаған сіңлілерінің лотерея өткізетіндігіне, жалпы лотерея ойындарына көзқарасы қалай екенін сұраған едік. Жұртшылық сыртынан "эстраданың Анасы" атандырған Майра апайымыз бәлсінбей, өз пікірін білдірді.

- Сәлеметсіздер ме?! Сіздердің қойған сұрақтарыңызға қарай енді білгенімше жауап берейін. Мен өзім ешқайсысының ойындарында болған жоқпын, қатысқан жоқпын. Бірақ, естіп жүрем. Негізі қайсының қалай болғанын да өкінішке орай мен білмейді екенмін. Ернар Айдарды өзім бірінші рет кеше теледидардан көрсетіп жатқан кезде көріп, өзім таң қалып қалдым. Сонымен бірге Ернардан басқа Дана Кентай деген әнші де осындай ойынға жарнама жасаған екен, соны көрсеткенін көріп қалдым.

Ал енді  ішінде болмағаннан кейін лоторея ойыны жайлы, қатыспағаннан кейін бірдеңе айта қою қиын. Бірақ, менің өзімнің ойымша алданып жатқан адамдар бар болса немесе бірдеңе дұрыс болмай жатса, әр адам лоторея алған кезде ойлану керек. Бұл не нәрсе деп, бірінші оны көру керек, тексеру керек. Бізде көбінесе ештеңені ойламай, жұрттың айтқанына бірінен кейін бірі бірден «ауыз әңгіме» естіп, ақшаларын салып, содан кейін машина бірдеңе ойнатылып жатса «Әй осы, алып қалсам, мен осы ұтып қалам ба?» деп, қазақ айтатын «есек дәмемен» алатын шығар. Сондықтан бұл жерде қазір  анау ойнатты, мынау ойнатты деп, біздің әншілерді кінәлау, меніңше, дұрыс емес. «Қалауын тапса, қар жанады» дейді. Мен бірақ бұл қыздардың ойындарының дұрыс болғанын естідім. У- шу шыққан жоқ, Қарақаттың бұрынғы үйін көп балалы ана алды, Айнұрдың да үйін алты баласы бар әйел адам алғанын естідім. Құралайдікін естімедім ойнағанын.

Ал енді мына жерде Ернарға байланысты БАҚ жазып жатыр, өтірік ойнаған, ұтқан да, ұтамыз дегендер де подставной лицо. Бұл енді әрине, дұрыс емес. Бұл ұят нәрсе. «Ұрлықшының құйрығы бір-ақ тұтам» дейді. Ерте ме, кеш пе, теріс нәрсе жасасаң, Алла асықпайды ғой, Алла алдыңнан шығарады. Мен өзім соған сенемін. Сондықтан, бұндай іске баруға болмайды. Халықты алдауға болмайды. Біздің қазақ халқы жалпы аңқау халық, бірдеңеге тез сене салады. Тез байып кетемін деп ойлайды. Сол машинаны лотореядан өзім ұтамын деп ойлайды. Сондықтан, өзіңнің әніңді тыңдап, саған қошемет көрсетіп жүрген көрермендерге мынандай жасау, ол әрине, дұрыс емес. Егер жаңағы Ернар туралы айтылған нәрселер шын болса, ол енді ұят нәрсе. Ал енді өтірік болса, оған өздері жауап бере жатар.

Жалпы, мұндай ойындарды жан-жақта, шет мемлекетте естимін. Егер ол жүйе-жүйесімен, үкіметтің қадағалауында, салығын төлейтін, бір жүйеге қойылған нәрсе болса, неге ойнамасқа?! Ойнасын. Одан меніңше, сондай бір артық өрескелдік көріп тұрған жоқпын. Бірақ, оның бәрі кім ойнатса да, кім ойнаса да бәрін ойланып жасап, ақылмен, заңмен бәрі дұрыс болу керек деп ойлаймын.

- Пікіріңізге көп рақмет!

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы