Ұлттық құндылықтар ұлықталып жүр ме?

538

Өзгермелі дүниеде өзгермейтін бір ғана нәрсе болса, бұл - ұлттық кодтың, өз тамыр-тарихың шығар деп ойлушы едік. Ғасырлардың қыртысы қалыңдап, дәуірлердің  әжімі тереңдеген сайын баба қаны да сұйылады, тарих та тұманданады екен. Сонда, өткен мен бүгін арасында көпір боларлықтай не қалды? Кеше мен келешектің тігісін жатқызар мызғымас тұрақты, нәзік те қуатты дәнекер бар ма?  Міне, «ұлттық құндылық» ұғымының өміршеңдігі осындайда көрінеді. Расында, болашаққа бет түзеген салқар көштің тұсбағдары да осы ұғым болмақ. Санасына ұлағат сіңген ұрпақ болмаса, «ұлт құндылығының не екенін тап басып айтатындар санаулы емес пе екен?» деген суық ой сығалап тұрғанын да жасырмаймын. Кеңістік кең болған сайын адасатының сияқты, тақырып терең болған сайын батып қалмауға тырысасың. Биіктік пен тереңдіктің ортасында шарқ ұрып, бұл сұраққа да жауап іздеп көрелік.

Табиғаттың заңы тұтас тіршілікке ортақ екенін ескерсек, адам тұрмақ айуанның өзі өз тобырынан алыс кете алмайды. Жан-жануар, шыбын-шіркейдің де туылған ортасына орай, табиғи қауымдастығы бар. Сол ортаның қамын да, нанын да жейтін өздері. Сырттан келіп біреудің табынын қорғап беретін жыртқышты, басқа омартаға бал таситын араны көріп пе едіңіз? Сол секілді, адамның өзі туған жеріне, өскен ортасына, отанына деген тартылысы – табиғи құбылыс. Бұл табиғилық, ең алдымен, отбасында көрініс беретіндіктен, «ұлттық құндылықтар» жанұядан басталуы керек. Ұлтты – отбасы ұғымының ұлғайған түрі деп түсінемін. Сондықтан, ошағының басында тіл мен ділі, діні мен дәстүрі дәріптелмеген ұрпақтың ұлт туралы ойы да шолақ болмақ. Мұхтар Шахановтың: «Адaм қанша болғанымен дарынды әрi табанды, Туған жерiн сүймeй тұрып сүймeк емес ғaламды» деген өлең жолдары осы ойымды қуаттап тұрғандай.

Айым  Алтайқызы

 

Менің тұжырымым бойынша, адамның генетикалық кодында арғы бабаларының тегі, рухы, мінезі мүлгіп жатса керек. Анасының әлдиіне ұйығанда, төл аспабының үнін естігенде, ана тілінің «арда сүтін» емгенде, ұлттың бояуы сіңген кез келген істі атқарғанда ғана адамның ұйқыдағы рухы оянатын шығар деп топшылаймын. Айтыс десе арқасы, аламан бәйге десе делебесі қозатын қазақтың да қалғымалы рухы бар. Сол рухтың мәңгі ояу тұруы үшін өмірдің әрбір елеусіз бөлшегіне дейін ұлттық құндылықпен көмкерілуі керек. Жоқ... Етекке салар оюды маңдайға қадап, көрінген затқа қошқар мүйіз ойып салуды «құндылыққа» телуді айтып тұрғам жоқ.  «Алыстан сермеп» сөйлейтін халықтық сөз астарын аңдамас жағдайға жетуі де түсінгенге қасірет. Сондықтан, ұлт алдындағы ұлы міндет тіл тазалығын сақтаудан басталады. Геноцид көрген халықтың «постколониялық синдромға» шалдығуы қалыпты жағдай. Тек, тұңғиыққа бата бермей, теңіз түбінде шөгіп жатқан інжудей ізгімізді іліп алатын кез келді. Бұл тұрғыда, жүктің бір шеті журналистерге де артылады. Қазақ қоғамын қазақша сөйлетуде, қазақша болғанда да тіл құнарының қалпын бұзбай насихаттауда, бұқаралақ ақпарат құралдарының маңызын түсіндіріп жатудың өзі артық. Жаһандық тенденцияда журналистер тек ақпарат тартушы болып саналса, біздің елімізге «ұлттық иммунитетті» көтеретін рухани дәрігерлер қажет. Қазақта тренд боларлық тауар да, бренд боларлық тұлға да көп. Сол себепті, ағыл-тегіл ақпарат арасында, ұлттық дүниелердің ұмыт болып қалмауы – сізге де, бізге де аманат.

Ұлттық құндылық десе, қараша үйдің қуысында жетімсіреген сандық пен сол сандықтан мейрам күні ғана шығатын шапан көз алдыма елестейді. Сандық ешкімге керегі жоқ «тарих» сияқты, ауыр әрі көмескі. Тарихты зерделеп, жаңа дерек қосқымыз келмейтіні тәрізді, сандыққа да жаңа зат сақтамаймыз. Өңкей ескі-құсқы. Тек соның ішінен ғана табылатын «шапан» -  дәстүріміз секілді, той-томалақта жарқыратып көрсетуге жақсы. Былайғы уақытта сандықпен де, шапанмен де ешкімнің шаруасы жоқ.

Өкінішке орай, көп жағдайда  ұлттың құндылықтары құр мақтан, мағынасыз мастық күйінде көрініп жатады. Мәселен, «қазақтың жері қандай кең болса, көңілі де сондай кең» деген сөзді жиі естиміз. Сол кеңдігі өзіне кесел болып тигенін тез ұмытататыны да бар бұл халықтың. Әлемде қонақжайлылығы түбіне жеткен жалғыз этнос біз емес. Әйгілі жиһанкез  Христофор Колумб 1492 жылы 4 тамызда Палос-де-ла-Фронтера қаласынан Үндістады іздеуге аттанады. 70 күн өткен соң бөгде континенттің белгісіз аралына тоқтайды.

Бұл - Американы мекен еткен ежелгі үндістер аралы болатын. Испандық саяхатшы өзін жақсы қарсы алып, асты-үстіне түскен адамдар туралы күнделігіне түртіп алып жүреді. Табаны тиген жерді Үндістан деп ойлаған ол, жергілікті тұрғындарды үндістер деп атап, «олар тоқ әрі бейқам», «асыл дінімізге кіргізсек жап-жақсы құл болады», «қазірдің өзінде олар алғымыз келгенді береді, барғымыз келгенге апарады» деп жазып алғаны тарихтан мәлім. Бұларды басып алуға 50 қарулы сарбаз да жетеді деген Колумб сөзінен соң, испания корольдігі 1493 жылдың күзінде кісі өлтіруге машықтанған  1500 адамды апачи ұрпақтарын аяусыз қырып салуға жұмсайды. Кейіннен ағылшындар тайпа адамдарын тірілей өртеп, әрбір үндісті өлтірушіге сый-сияпат бергені де аян. Байырғы тұрғындарды құрту үшін халықты негізгі қорегінен айырып, бизондарды құрту компаниялары құрылды.  1775-1890 жылдар аралығында 45 000 үндістің көзі жойылған деген дерек бар. Шындығында олардың саны миллионнан асады. Кеңдіктің кесірінен жер бетінен жойыла жаздаған тайпа тарихы қамсыз халықтың үрейлі өткенін еске салады. Үндістер құндылығы төмен «ұлыт» емес еді. Керісінше, шектен тыс құнды болу да қауіп екен.

Меніңше, біздің халықтың қасіреті де бұдан жеңіл емес. Айғызы көп тарих айнасына тура  қарауға батылымыз бармайды. Қазір біздің қанымызда «генетикалық аштықтың» белгісі қылаң береді. Оған, «ұлттық бірыңғай комплексті» қосыңыз. Біздің халық орынсыз шашылуға келгенде, дәулетін дасарханмен жарыстырғанда ғана кең бе еді? «Ат мінгізіп, шапан жабуға» келгенде ғана мәрт болдық па? Кеңдік ұғымының мағынасы тарылған сайын, дарақы дәстүрлер көбейе бермек. Сан ғасырлар бойы тек қасірет шеккен халықтың жалғыз тілегі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманға жету  болды. Тыныштыққа жеткен халықтың той қызығын көпсінгенім емес. Тек, құндылық деп жүргеніміз тойхананың ішінде тұншығып тынбаса екен деймін.

Дәстүр - ұлт құндылығының бір деталі ғана. Мәдениеттің де малтасын езе беріп, құндылық осы екен дей беруге болмайды. Айтпағым, ұлттың бірегей болмысы оны басқалардан тәуелсіз, анағұрлым азат ететіндей болуы керек. Ән мен күй - әр халықтың рухани жан мұратының жиынтығы. Әдет-ғұрыптар дінмен дәнекерлес тәрбие құралы. Бұлардың барлығы да құндылық қамалын қалап тұрған кірпіштер. Өзімізбен тағдырлас елдердің тарихына үңілер болсақ, қиын-қыстау күндерде ұлтқа қорған болатын тағы бір дүние бар екеніне көз жеткізер едік.

Мәселен, мың бояулы мәдениеті бар, ән мен бидің отаны саналатын Үндістан ағылшындардың құрсауында қалғанда, құндылықтардың орны алмасты. Халықты қиындықтан тақуалығы да, ән – биі де құтқара алған жоқ. Құндылықтың ең ұлысы – намыс пен еңбек қана оларды құрдымнан шығарған еді. 1857-1858 жылдардағы «үндістан ұлт-азаттық» көтерілісінің негізгі символы қан да, қару да емес қарапайым ұршық болған. Үндістанда «Бапу», яғни, «әкей»  атанып кеткен Махатма Ганди халқының төл өнерін қайта тірілтті. Үндістанды тоқымашылық арқылы экономикалық тұрғыдан тәуелсіздікке жеткізді. Бұл жолда үнділер өз жерлерінде мақта өсіріп, жіп иіріп мата шығаруды қолға алған еді. Осылайша, британдық маталарға сұраныс төмендеп, халық өз-өздерін қамтамасыз ете алды. Махатма Ганди өз ұлтының құндылығын ұтқыр пайдалана білген рухани көшбасшы. Ол жай ғана халқының намысы мен еңбекке деген бейімін ғана оятты. Бұл екеуі болмаса, қалған құндылықтардың ғұмыры қысқара бермек.

Қоғамдағы қай мәселені шешуде болмасын ұлт мүддесі бірінші орында тұру керек.  Көшпелілер мәдениетін қайта жолға қойсақ, жеңіл өнеркәсіптің де, шикізаттың да мәселесі шешілер еді. Ауыз әдебиетін қайта жаңғыртсақ, тіліміз тұғырына қайта қонар еді. Ұлттық ойындарымыз ұлықталса, ұйқыдағы намыс оянар еді. Кезінде қандай болғанымыз емес, кейін қандай болатынымыз маңызды. Сондықтан, ұлттық құндылық ұғымын құрап тұрған әр түсінік қолданысқа енсе, қорғанышқа айналарына кәміл сенем.

Егемендігімізді қалпына келтірген жылдан бастап қазақ зиялылары «ұлттық идеология» іздеу қамына кірісті. Бүкіл халық болып жұмылатын ортақ идея тарихтың басты тарауларында жазылып тұр.  Ұлтты ұйыстыратын ұлы мұрат әл-Фарабидің «Қайырымды қаласы», Тоныкөктің «тәңірі жарылқаған мәңгілік елі», Абай арманадған «Ақыл, қайрат жүректі бірдей ұстайтын» толық адам формуласы мен Шәкерім көксеген «ізгі қоғамнан» асқан идея болуы мүмкін емес. Тамыры жоқ ағаштай, бөрене күйін кешпес үшін, бұлағымыздың бастауын бітемейік. Құндылығымыздың берік діңін құлатпайық.

Айым  Алтайқызы,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Журналистика факультетінің 3 курс студенті

Пікірлер
Редакция таңдауы