Жұлдызға айналудың жарқын үлгісі

2359
Adyrna.kz Telegram

   1981 жылдың сарша тамызы Роберт пен Линнет Федерерлердің отбасын қуанышқа бөледі. Бұл қуаныштың басты себепкері – Роджер есімді сәбидің дүниеге келуі болатын. Иә! Роджер! Сіз бен біз білетін әлемдік теннистің жарқын жұлдызы – Роджер Федеррер...

Балғын кезең

«Мен шын мәнінде 10, 14 немесе 16 жасымда асқан дарынды болған жоқпын, қатардағы көп баланың бірі болдым. Тек 1998 жылы жасөспірімдер арасындағы Уимблдон турнирін жеңгеннен кейін ғана, менде бір сенімділік пайда болды», - дейді Роджер Федеррер. Иә, расымен де фармацевтер отбасында дүниеге келген сәби ерекше дарынымен байқала қоймаған. Мәдени ошақтарға толы Базельде есейген өскін өзге де жеткіншектер секілді көркемөнерге, қимыл-қозғалысты талап ететін бадминтон, үстел теннисі, футбол сынды спорт түрлеріне қызыққан. Алайда анасы Линетт Федеррердің «Ciba Klybeck» теннис клубында балалар жаттықтырушысы болуы,  жарқын жұлдыздың алғаш ракетканы қолына алып, үлкен тенниспен әуестенуіне әсер еткен.

Тентек талант

Әрине, спорт жанкүйерлері теннис кортындағы сыпайы, салмақты жұлдызды жазбай танытыны анық. Алайда балаң Роджер эмоционалдық тұрақсыздығымен, қызуқандылығымен көзге түсіп, соған сай жазасын алған кездері де аз болмаған. Тіпті, сол мінезі үшін бірнеше мәрте жаттығудан қуылып, дәретхана да тазалаған. Оның әріптесі Ив Аллегро: «Бірде Биль қаласындағы теннис алаңы шуылды азайтатын жабумен қоршалып, барлығымызға жабуды құртып алмау туралы қатаң ескерту жасалды. Ондай жағдай орын алған күнде, бүлдірген адам бір апта дәретхана тазайлатыны да айтылды. Алайда жаттығулардың бірінде соққыны өткізіп алғанына бұлданған Роджер, ракетканы лақтырып қымбат жабуға саңылау салды. Тәртіп бойынша бір апта даретхана тазалады»,- дейді.

Экюбланға жол

Спортшының тенниске әуестігі өмірінің де басқа арнаға ауысына әсер еткен. Турнирлерге тұрақты түрде қатысу оның сабағына кедергі келтіргенмен, ағылшын, француз, неміс тілдерінде еркін сөйлеуіне мүмкіндік тудырған. Тіл үйрену барысында Роджерге қиын соққаны француз тілі. Ол оны Экюбландағы теннис орталығында жүргенде үйренген. Алайда ол осы уақыттарда орта және достар мәселесінде қиыншықтарға тап болғаны жайында: «Швейцариялық неміс болғаным үшін бәрі күлетін. Маған соқтығуға дайын тұратын. Мен жиі жылап, үйге қайтқым келетін», - деп еске алады.  Көптеген мамандар спортшының Экюбланға сапарын сәтті болған деп есептейді. Себебі ол мұнда француз тілімен қоса, сабырлы, қажырлы болуды үйренген.

 Сиднейдегі таныстық

Әйгілі теннис майталманының сүйіктісі Мирослава Вавринец те спорттың ауылынан алыс емес. Екеуінің таныстығы 2000 жылғы Сиднейдегі олимпиада ойындарында басталған. Сол жылдары екеуі де теннистен Швейцария құрамасының намысын қорғаған. Мирославаның спорттағы ғұмыры 2002 жылы аяғынан алған жарақатына байланысты қысқа болды. Қос спортшы алғашқы таныстықтан кейін арада 9 жыл өткенде отбасын құрып, сол жылы Мила Роуз, Шарлин Рива есімді егіз қыздарды 2014 жылы Лео және Леонарта есімді егіз ұл балаларды дүниеге әкелген.

Атымтай Роджер

Қайырымдылық істерімен айналысуды мақсат еткен «Швейцариялық Маэстро» 2003 жылы жеке қор құрған. Сол уақыттан бері аталған қордан Африкадағы балалардың білім алуына, спортпен шұғылдануына қаржы бөлініп тұрады. Әлемдік пандемия басталғалы Роджер қоры Африкадағы 64 000 мың балаға, аз қамтылған отбасыларға көмек берді. Сонымен қатар Швейцариядағы жағдайы төмен отбасыларға 1 миллион франк бөлген.

Ағын АЙДЫН,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер