Нұр-Сұлтанда қандай әлеуметтік қолдау орталықтары бар?  

3732
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі кезде Қазақстанда 7 баладан асатын  3151 отбасы бар. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға  мемлекеттік жәрдемақы төленуде.  Олардың орташа мөлшері 16 160 теңгені құрайды.

Отбасыға мемлекеттік әлеуметтік көмек көрсетудің негізгі мақсаты – тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету. Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында АӘК-ті жаңғырту жүргізілді, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 26 желтоқсанда №287 заң қабылданып, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, 2020 жылы АӘК көрсетудің жаңа тетігімен 998 671 адамды, оның ішінде кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен шамамен 600 мың адамды қамту жоспарлануда. Осы мақсатта бюджеттен 175,5 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 127,9 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 47,6 млрд теңге бөлінді.

Елімізде жоғарыда атап өткен көмектерден бөлек, тұрғындарға қызмет көрсетудің өзге де жолдарын қарастырған. Осы орайда біз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жанұя» және «Қамқорлық» орталықтарының жұмысына тоқталып өткенді жөн көрдік.

Отбасыларды қолдауға арналған «Жанұя» орталығы өз жұмысын 2019 жылдың  26 тамыз күні бастады. Орталық  қиындыққа кезіккен  жанұяларға көмек көрсетумен айналысады. Басына ауыртпалық түскен аналарға оңтайлы болуы үшін көрсетілетін қызметтің бәрі «бір терезе» принципімен жұмыс істеп келеді.

«Орталық ашылғаннан бері 5 068 адам 9 927 сұрақ бойынша жүгінді. Оның ішінде 7685 сұрақ бойынша жүйелі кеңестер берілді. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК есептеу, кедейлік шегінен асып кету) алу, «Бақытты отбасы», «Берекелі баспана» бағдарламалары бойынша тұрғын үй алу, несиелік борышты жабу, алимент, берешек өндіру, көші-қон, заңды бұзу, ажырасу мәселелері бойынша нақты жұмыстар атқарылады. Құқықтық көмектер көрсетіп, азаматтарға бос жұмыс орындарын ұсынып, еңбекпен қамтиды», - дейді  «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының директоры Әйгерім Тәңірбергенова.

«Жанұяға» елорда тұрғындары мына мәселелер бойынша жиі келеді:

-АӘК алу, білім алу;

-жұмысқа орналасу;

- өз ісін ашу;

-балаларды кезекке қою;

-Несиелік борышты жабу;

-қысқа мерзімді бизнес курстар;

- біріңғай зейнетақы жинақтаушы қорының қызметтері;

-кәмелетке толмағандар жасөспірімдердің құқықтарын қорғау;

-қазпошта қызметтері;

-тұрғын үй бағдарламаларына қатысу т.б.

Орталықта 30-ға жуық маман жұмыс істейді, сондай-ақ психологтар мен медиаторлар бар. Мекемеде барлық жағдай жасалған: ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған лифтілер бар, балалар үшін арнайы ойын аймағы ашылған, орталық қызметкерлері балаларға қарайды. Мамандар өз ісін ашуға көмек көрсетеді, кәсіпкерлер мотивациялық бизнес-тренингтер өткізеді. 60 маман 70-тен астам қызмет түрін көрсетеді.

Орталықтың «Кәсіпкер ана» жобасы  көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға өз кәсібін ашуға жан-жақты көмек көрсетіп келеді.

Ал «Қамқорлық» кворинг орталығы биылғы жылы ашылды. Ол Н.Назарбаев қоры мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бірлесуімен құрылды. Орталықта көпбалалы аналар, жалғыз басты аналар, ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелейтін әйелдер, аз қамтылған азаматтар және ауыр тұрмыстық жағдайда өмір сүретін балалар, мүгедектер оқытылады.

Орталық 7 бағыт бойынша тренинг өткізеді: тамақ өнеркәсібі, IT-индустрия, сұлулық индустриясы, тігін ісі, киіз басу өнері, медиа.

Мұнда ұзақтығы бір айдан үш айға дейін созылатын курстар бар. Осы курстар арқылы жылына 1800 әйелді оқуды жоспарлап отыр. Оқу нәтижелері бойынша оларға сертификаттар беріліп, «Еңбек» бағдарламасы бойынша өз істерін ашуға 505 мың теңге көлемінде грант беріледі.

Гүлвира Асқар,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер