Жырақтағы Жақияновты жұрты неге іздемейді?

12774
Adyrna.kz Telegram
Ғалымжан Жақиянов Павлодар облысындағы колонияда, осы ауылдағы жеке үйде тұруға рұқсат етілгеннен кейінгі сурет. 19 қыркүйек, 2004 жыл. azattyq.org сайтынан
Ғалымжан Жақиянов Павлодар облысындағы колонияда, осы ауылдағы жеке үйде тұруға рұқсат етілгеннен кейінгі сурет. 19 қыркүйек, 2004 жыл. azattyq.org сайтынан

Ғалымжан Бәділжанұлы Жақияновты  кейінгі буын ұмыта бастаған сияқты. Өйткені оның Қазақстаннан кеткеніне 10 жылдың жүзі болып қалды.

Кезінде «жас түркілер» деген атқа ие болған елімізге белгілі азаматтармен бірге «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» деген партия құрған Ғалымжан Жақиянов 2002 жылдың жазында 7 жылға сотталған. Сол кездегі жүйе мен Рахат Әлиев бастаған топқа қарсы шыққан Жақиянов елімізде демократиялық құндылықтарды орнатуға барынша атсалысқан. 2001 жылдары құрылған ҚДТ қозғалысының мәлімдемесі сол кездегі билікке аса ауыр соққы болып тигенін де жасыруға болмайды.

2002 жылдың қаңтар айында Жақияновқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, құқық қорғау органдарының өкілдері оның соңына түседі. Наурыз айында  ол Алматы қаласындағы Фурманов көшесіндегі Франция, Ұлыбритания және Германия елшілігінің  ғимаратына келіп тығылады. Бес күндік келіссөзден кейін «тәуелсіз сот тағайындалады» деген кепілдіктен  соң ғана ол ғимараттан шығады. Бірақ 7 жылға сотталып кетеді.

2004 жылы ол басынан өткен қиындықтар туралы  «Трудности жизни» атты кітабын жариялайды.

Үш жарым жылдан аса уақыт Қазақстандағы ең лас Құсмұрын түрмесінде отырған Жақиянов 2006 жылдың 14 қаңтарында бостандыққа шықты.

«Өрге ұмтылған» өмірбаян

Совхоз директорының баласы болған Ғалымжан Жақиянов  Шығыс Қазақстанның Күршім ауданында туған. Мектепті бітіргеннен кейін Мәскеудің Бауман атындағы университетін бітірген. 1986-1989 жылдары Семейдегі машина жасау зауытында мастер болып жұмыс істеп, аталған зауыттың комсомол комитетінің басшысы болған ол шамалы уақыттан кейін «Мақсат» деп аталатын облыстық жастар ұйымын құрады. Мұнан кейінгі өмірбаянын қарасақ, билік лауазымында өрге қарай ұмтылған қайраткер азаматтың айшықты жолдарын көреміз.

1990-1992 жылы «Томан» коммерциялық фирмасының директоры, 1992-1994 жылы «Семей» қаржы-өндірістік компаниясының бас директоры, 1994 маусым мен  1997 наурыз аралығында Семей облысының әкімі, 1997 жылдың наурыз бен 1997 жылдың қараша айына дейін Қазақстан Республикасы стратегиялық ресурстарды бақылау агенттігінің төрағасы болып қызмет атқарады. Одан кейін 1997 жылдан 2001 жылға дейін Павлодар облысының әкімі болып тағайындалады.

Жақияноватың бұдан кейінгі тағдыры жұртқа белгілі. Жүйеге қарсы шыққаны үшін жазықты болып, ол сотталды.

Жақиянов Қазақстан тарихындағы ең жас әкім болған.

Ғалымжан Бәділжанұлының Павлодар облысын басқарып тұрған кезіндегі қазақ тілінің беделін көтеруге қатысты қабылдаған атақты «Алтын тіл» бағдарламасын біреу білер, біреу білмес. Бұл бағдарламаны жас әкім аймақтағы орыстілділердің қатты қарсылығына қарамастан қабылдаттырған. Сол уақыттан бері 19-20 жыл өтсе де, қазақтың. мемлекеттің тілдің тағдыры түйткілді мәселе күйінде қалып отыр. Орыстілділердің  қарсылығын елең қылмай, тізеге басып, мұндай жобаны қабылдай алатын әкім бар ма, қазір Қазақстанда?!.

Жақияновтар отбасы

 

Шетел асқан шенеунік  

Жақияновқа басқа жол қалмады. Бостандыққа шыққаннан кейін ол құрлық асты. Қазақстан қадірін білмеді. Экс-шенеунік АҚШ-қа қоныс аударды. Нақты айтсақ, шетелге кетуге рұқсат алуға үш жылдан аса уақыт өткен. Ақыры 2009 жылы АҚШ-қа тұрақтады.

Ал интернет көздерінде Жақияновтарға қатысты деректер көп кездеспейді. 2014 жылы еліміздің бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Ғалымжан Жақияновтың  Массачусетск университетінің магистры атанғанын жазды.

2013 жылдың 18 қаңтарында  forbes.kz  журналына берген сұхбатында ол Төлен Тоқтасынов екеуі (бұрынғы Мәжіліс депутаты) Қытай мен Монғолияда көмір өндірісімен айналысатынын айтқан. 2013 жылдың  6 мамыр күні «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Ғалымжан Бәділжанұлыныің зайыбы Қарлығаш Жақиянова Бостон қаласында болған жарылысқа қатысты сұхбат берген.

Ал Ғалымжанның үлкен ұлы Беріктің Гарвард бизнес мектебін бітіріп, «Шеврон» компаниясында бес жыл жұмыс істегені туралы ақпарат бар. Кіші ұлы Ележанның Массачусетск технологиялық университетін бітіргені жайлы ғана мәлімет кездеседі. Ал Қарлығаш Жақиянованың  Бостонның тіл мектебін бітіргені айтылады.

Бұдан кейін Жақияновтарға қатысты ешқандай мәлімет жоқ. Кейбір деректерге қарағанда, олар Қытай, Монғолиядағы зауыттарын сатып жіберген.  Қарлығаш Жақиянова өзінің  фейсбук парақшасында Бостан қаласында тұрып жатқанын нақты атап көрсеткен.

Ғалымжан Жақиянов неге жым- жырт жатыр?

Ақиқатын айту керек, қазіргі уақытта шетел асқан Жақияновтардың үнсіздігі қатты ойландырады. Мүмкін Ғалымжан Жақиянов саясаттан біржола кеткен болар. Ол жағы да мәлімсіз. Бірақ ол  2013 жылы forbes.kz журналына берген сұхбатында түбінде саясатқа қайта  оралатынын айтқан. Ал одан бері 7 жыл өтті. Үнсіздік. Үнсіздік неге ұзаққа созылып отыр? Мұның себебі неде? Бірақ Ғалымжан Жақияновтарға қатысты сүйсініп айтатын бір нәрсе бар.

Шетелге әртүрлі жағдаймен қудаланып, сотталып кеткен «оппозициядамыз» деп жүрген азаматтардың барлығы Қазақстанды сынайды, елде жүргізіліп жатқан реформаларды жоққа шығарады.

Мұхтар Әблязов та, Әкежан Қажыгелдин де, Әлнұр Мұсаев та, тіпті  Ержан Тұрсымбай мен Ермек Нарымбай да қазіргі жүргізіліп жатқан реформаларды жоққа шығарады. Жүйені сынайды.

Елде жүрген Жанболат Мамай да  билікпен көшеде тірескісі келеді. Бірақ бірнәрсені бітіріп жатқан бірі жоқ.

Ал Ғалымжан Жақиянов жым-жырт. Сынамайды. Елден, мемлекеттен мін іздемейді. Өткенге өкпелемейді. Бірақ Стратегиялық ресурстарды бақылау агенттігінің төрағасы қызметінде болған ол талай құпияны біледі. Табиғи байлық пен өндірістің қалай жекешеленгенін де хабардар.

Ғалымжан Жақиянов жанайқайға басып, қазақ қоғамын қаралап жатқан жоқ. Бірақ көкейде бір сұрақ бар: Жақияновты жырақта жүрсе де жұрты неге іздемейді?

Ғалымжанның басына күн туғанда жан жары Қарлығаш шырылдап қанатымен су септі. Билікпен тайталасты.

Бір қызығы, Жақияновтар отбасы әлеуметтік желіде де үнсіз. Мысалы,  Қарлығаш Жақиянова фейсбук парақшасына биылғы жылдың 5 маусым күні ғана кірген. Ол анда -санда ғана желідегі кейбір тілектерге жауап қайтарады.

Бірақ жеке парақшасынан байқағанымыз, оның Қазақстанға, туған жерге деген сағынышы басым.

«Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің,

Нендей күйге жүрегімді бөледің?!

Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем,

Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім!».

Бұл Қарлығаш Жақиянованың фейсбук парақшасында тұрған қазақ ақыны Қасым Аманжоловтың жыры.

Жақиянов ақиқатты айтты. Ғалымжан Бәділжанұлы стратегиялық  агенттікті басқарып отырған шақта миллиардтаған доллар тұратын ірі өндірістердің көк тиынға сатылғанын, кейбір тау-кен орындары мен мұнай кеніштерінің тегін беріліп кеткеніне ашық наразылығын білдірді.

Жақиянов  елімізге 5 саяси реформа қажет екендігін айтты. Ол: тәуелсіз сот, әкімдерді сайлау, тәуелсіз БАҚ (сөз бостандығы), парламенттің өкілеттілігін кеңейту және таза әрі әділ сайлау. Ол жүйеге қарсы шықты.

Ғалымжан Жақияновтың зор әлеуетін біздің билік мемлекеттің дамуы мен қалыптасуына пайдалану керек еді.

...Айтпақшы бүгін Ғалымжандай қайраткер азаматтың қысылтаяң кезеңде қасында болған, оны қадірлей білген Қарлығаш Жақиянованың туған күні.

Құтты болсын!

 

Еркін Қалдан,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер