Кедей елдерге көмектесуге қауқарымыз жете ме?

4329
Adyrna.kz Telegram

Қыркүйек айынан бастап Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен «KazAID» халықаралық агенттігі өз жұмысын бастайды. Ұйымның басты мақсаты - кедей елдерге көмектесу. СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Рәпіл Жошыбаев брифингте агенттік жұмысын бастау үшін 138 млн теңге керек екенін атап өтті.

«Бұл коммерциялық агенттік емес, пайда табу мақсатын көздемейді. Заң бойынша акционерлік қоғам құруға 138 млн теңге керек. Бастама ретінде Орталық Азия елдеріндегі әріптестерімізбен бірлесе әлеуметтік бағыттағы бірнеше жобаны жүзеге асырамыз. Мысалы, көрші бір мемлекетке мектеп, аурухана сияқты нысандар салу қажет болса, ол жерде Қазақстан тікелей көмек беріп немесе делдал бола алады. Тағы қаржы керек болса Парламент, Үкіметке ұсыныс жасап, талқылаймыз», – деді ол.

Карантин кезінде осындай агенттік құру қаншалықты дұрыс? «Адырна» ұлттық порталы сұрап көрді.

Мақсат ХАЛЫҚ, GSB UIB директорының орынбасары, экономист:

Өзі кедей ел өзгеге қалай көмектеседі?

  • Өркениетті елдерде көмек көрсету агенттіктерінің болғаны дұрыс. Жауабымды негіздей кетейін. Әлемдегі мемлекеттердің бай және кедей болып бөлінетінін білеміз. Сәйкесінше, бай елдер донор ретінде мұқтаж мемлекеттерге көмектеседі. Бұл процесс қалай жүзеге асады? Бірінші кезекте жан басына шаққандағы ЖІӨ есептеледі. Әлемдік стандарт бойынша, осы ЖІӨ егер 10 мың доллардан басталса табысы орташа елдер деп саналады. Ал 10 мың доллардан аз болса кедей ел болып саналады. Ал 2 мың доллардан болса өте кедей ел деп есептеледі. БҰҰ даму бағдарламасының гумандық бағыты бойынша бай елдер кедей елдерге көмектесуі керек. Ал Қазақстанның жан басына шаққандағы ЖІӨ 2013 жылы 13600 доллар болып, даму деңгейі орташа жоғары ел санатына жатқызылды. Осыдан кейін бізге мұқтаж мемлекеттерге көмектесу міндеттелді. Сол жылдары Ауғанстан студенттерін тегін оқыту бағдарламасын қолға алдық. Шыны керек, пандемия кезінде көптеген елдер Қазақстанға гуманитарлық көмек көрсетті. Осындай көмекті алып тұрған мемлекет адамгершілік тұрғысынан алғанда кедей елдерге қол ұшын созуы керек. Әлем елдерінде «Қазақстан алуды біледі де, беруді білмей ме?»деген сұрақ туындауы мүмкін. Ол имиджімізге кері әсерін тигізеді. Алайда, қазіргі кезде біздің жан басына шаққандағы ЖІӨ 10 мың доллардан төмен, яғни біз кедей елдердің қатарындамыз. Осы тұста «Кедей ел қалайша кедей елдерге көмектеседі?» деген сұрақ қойылуы керек. Өз басым, елдің әлеуметтік жағдайын дұрыстамай өзге елдерге көмектесуді қолдамаймын.  Біздің статистикамыз қате. Нақты қарайтын болсақ, елімізде екі миллилон адам жұмыссыз жүр. 130 мың кедей отбасы бар. Ең төменгі күнкөріс шегі де дұрыс есептелмеген. Ол қазіргі таңда 32 мың теңге шамасында деп есептеліп отыр.  Алайда адам мың теңгеге бір күн өмір сүре ала ма? Тағамтану академиясы бекіткен «тұтынушылық себетте» 1 мың теңгеге үш мезгіл тамақтана алады деп көрсетілген. Шындығында, ол ақшаға бір асымызды әрең алып ішеміз ғой. Одан бөлек қаншама шығындарымыз бар? Біз реалды жағдайымызды көрсетуіміз керек.  Сол кезде ешкім  қабақ түйіп қарамайтын болады. Ал қазір Қазақстан әлемге жақсы болып көріну үшін жалған статистика жасап отыр. Осы орайда ҚР Ұлттық экономика министрлігі  қарамағындағы Статистика комитетін жеке агенттік ретінде бөліп шығаруымыз керек деген ұсынысты тастағым келеді. Ол  тәуелсіз болған кезде ғана дұрыс сандарды жинайды. Ал қазіргі таңда бізге «KazAID» сынды агенттіктер керек емес. Алдымен жағдайымызды дұрыстап алайық.

Ақмарал БАСИРОВА, көпбалалы аналарға арналған «Бақытты отбасы» орталығының басшысы:

Өзге елді есіркегенше, еліміздегі жағдайды қатырып алайық

  • Өз еліміздегі тығырықта отырған мұқтаждарға көмектеспей, өзге елдің азаматтарына көмектесуді көзбояушылық деп санаймын. Агенттікке бөлінген ақшаны өзіміздің жетім-жесірлерімізге берсе болатын еді. Мысалы, Алматыдағы бір ғана Алатау ауданында 3000 мың мұқтаж отбасы базада тіркеліп тұр. Қазіргі таңда үкіметтің беріп отырған жәрдемақысы да итке сүйек лақтырғандай болды. Өзге елді есіркегенше, еліміздегі жағдайды қатырып алайық.

Қырмызы СКЕНДИРОВА, журналист:

Таза имидж үшін жұмыс істеуді қойған жөн

  • Әрине, дұрыс емес. Бұл менің ойымша Ресейдің тактикасын қолдану, қайталау сияқты. Бірақ ол әрекеті арқылы дамыған елдерге кіреміз деп айта алмаймын. Қарапайым өз елімізде індет басталғанда, толыққанда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алмағанын білеміз. Әлі де жағдай мәз болып отқан жоқ. Бүгін 60 әскери қызметкерді де Ливанға жіберіпті. Таза имидж үшін жұмыс істеуді қойған жөн. Оған дейін де имидж үшін ядролық қарудан бас тарту, ЭКСПО көрмесін өткізу, т.б. өтті. «Мемлекеттің негізгі қайнар көзі - халық» деген заңымызға сүйенейік.

Елиза НАСЫЛБЕК, жеке кәсіпкер:

Біз бүгін басқаларға көмектессек,ертең олар бізге көмектеседі

  • Бұл ұйымды қолдаймын. Біз бүгін басқаларға көмектессек, ертең олар бізге көмектеседі. Осы арқылы Қазақстан өзге елдермен ынтымақтастық орната алады. Үкімет те ақымақ емес қой. Демек, біз бюджеттен сонша ақша бөле аламыз. Меніңше, көмектесудің еш әбестігі жоқ.

Сіз не дейсіз, оқырман? Кедей елдерге көмектесуге қауқарымыз жете ме?

 

Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер