Ресейлік вакцинаны салдыруға қарсы емессіз бе?

2473
Adyrna.kz Telegram

Алдағы күндері президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Ресейге үкіметтің жанына құрылған арнайы делегацияны коронавирусқа қарсы вакцинаны сатып алу мәселесін талқылауға жөнелтеді. Бұл туралы «Адырна» ұлттық порталы жазған болатын. Десек те, ресейлік вакцинаға сенімнен гөрі күмән келтіруші елдер жеткілікті. Соған қарамастан, Қазақстан тарапы ресейлік вакцинаны сатып алуға қарсы емес. Осы мәселеге қатысты екі жақты пікірді қатар беріп отырмыз. Дұрысы мен бұрысын таңдауды сіздердің еншілеріңізге қалдырдық.

Балалар ауруы кафедрасының профессоры, врач-иммунолог, инфекционист Рафаил РОЗЕНСОН TALAP.Talks онлайн конференциясында: «Біз ресейлік вацинаның жеткілікті деңгейде реактогенді екенін білеміз. Әскери адамдарға осы вакцинаны екккенде, бірер күн дене қызуы көтеріліп, әлдебір жергілікті реакциялар болған. Алайда біз әр кезде реактогенді вакциналармен жұмыс істейміз. Мәселен, көкжөтелге қарсы екпе де күшті реактогенді. Соған қарамастан, біз осы екпені алуға мәжбүр болдық. Өйткені қауіпке бас тігуден гөрі, пайдасы мың есе екені ескерілді. Сондықтан тәуекелге баруға тура келеді. Әскери жағдайда қауіптен гөрі, титтей болса да пайдалы нәрсе үшін тәуекел жасалады. Әрине, бұл әзірге бірінші вакцина. Басқа вакциналар да үш айдан кейін табылуы мүмкін. Әзірге барын кәдеге жарата тұруымыз керек. Егер біз қазірден вакцинаны егіп бастасақ, жеңіске де тезірек жетеміз. Бізге тезірек әрекет етіп, аурудан халықты сақтап қалуымыз керек».

Сергей ДУВАНОВ, тәуелсіз журналист, саясаткер фейсбук парақшасында былай деп жазды:«12 тамызда Қазақстан мемлекеті егер, халықаралық талаптарға сай болмаса, ешқандай вакцина сатып алмайды деп мәлімдеді. Әрине, бұл жердегі сөз болған вакцина ресейлік, еш тексеруден өтпеген вакцина туралы айтылды. Саясаттан алыс дәрігерлер қазіргі талаптарға сай вакцинаның қандай болуы керектігін жалықпай айтты. Ал ресейлік коронавирусқа қарсы ойлап табылған вакцинаның жоғарыда сөз етілген ешбір талаптарға сай келмейтіні бесенеден белгілі. Демек, ол вакцинаны қазақстандықтарға қолдану да қауіпті. Меніңше, дәл осындай күмәнді вакцинаны сатып алу барып тұрған қылмыс.

Соған қарамастан, дәл осы 12 тамызда Қазақстан президенті біздегі Денсаулық министрінің пікіріне кереғар пікірге саятын мәлімдеме жасап, тамыздың екінші жартысында қазақстандық делегаттар вакцина сатып алу мәселесімен Ресейге жөнелтілетінін айтты. Ресейлік вакцина қолдануға әлі жарамайтынына қарамастан, Тоқаев «арбаның алдына шығып кетіп», Путинді құттықтап, вакцинасын сатып алуға дайын екенін жасырмады.

Осыған қарап-ақ, саясаттың медицинаға ауыз салғанын байқау қиын емес. Саясаттың салдарынан әрі кетсе, түкке пайдасы жоқ немесе тіпті қауіпті болуы мүмкін вакцинаны сатып алуға итермелеуде. Демек, ұлт саулығынан саясат жоғары болғаны ғой?

Сонымен қатар вакцинаны алмауға Ақорда қарсыласа да алмайды. Геосаясат тұрғысынан қарсақ, Тоқаев американдық, еуропалық емес, ресейлік вакицнаны сатып алуға мәжбүрлі. Мұның барлығы баяғы одақтық мойынсұну әдетімен байланысты. Егер Қазақстан басқа елдердің вакцинасын сатып алса, онда бұл әрекеті Ресейге жасаған сатқындықпен бірдей саналмақ. Әлдекімдер Тоқаев вакцинаға қатысты әзірге ойланып отыр дегенді айтқысы келеді. Өкінішке қарай, қазақ президентіне ойлануға кім мұрша берер дейсіз?

Енді, бәрі де кеш. Кремльге жалтақтаған біздің билікке таңдау жасау да мүмкіндігі жоқ. Былай жүрсе де, былай жүрсе де қауіпті. Қазақстанды телевизия деп аталатын инеге қадаған Ресей енді вакцинациямен түйремек. Ал дәл осындай жағдайда халықтың саулығы емес, алдыңғы шепке саясаттың шығатыны сөзсіз. Сөздің тоқетері қазақстандықтарға салынатын ресейлік вакцина Қазақстанды Кремльге мейлінше тәуелді ете түсетін төте жол».

 

 

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.  

 

фотолар:Ашық дереккөздерден алынды

 

Пікірлер