ҚУАНЫШ ЕДІЛХАНТЕГІ: Трампқа берілген соққы

2812
Adyrna.kz Telegram

Трамп соттан ештеңе шығара алар емес. Ол 31 рет талап-арыз беріп, оның 23-і ешқандай дәлелдемесі жоқ деп қаралмай кері қайтарылды. Талап-арыздарының бірде-бірінде нақты фактілері жоқ, тек қана сайлау заңы бұзылуы мүмкін деген долбар ғана бар. Қалған 8 талап-арызы қаралу үстінде, бірақ олар да кері қайтарылуы мүмкін.

Сонда менің түсінгенім бойынша талап-арыз бермес бұрын оның жеткілікті дәлелдері, немесе нақты күдігі, немесе куәлері, т.с.с. болуы тиісті сияқты, кез-келген талап-арызды әмірика соттары қарай бермейтіндігі белгілі болды.

Өткен сайлауда біздің бақылаушыларымыз сайлау комиссиясы қол қойған протоколдарды қолдарына ұстап, сотқа көрсетіп тұрып, яғни нақты дәлелдері жеткілікті бола тұра әділдікке қолдары жете алмады. Ал Трамптың қолында ең болмағанда сондай протоколдары да болмай тұр.

Дегенмен Трамп өліспей беріспейтін емес, ол енді сотқа арыз берумен қатар тікелей мемлекеттік төғкеріс жасауға кірісіп кеткендей. Әлі дауыс беру қорытындысына сертификат бермеген штаттардағы республикашыл комиссия мүшелеріне телефон шалып, оларға қысым жасап, соңғы қорытындыға қол қоймауды талап етуде. Әдетте президентті сайлайтын өкілдер сол штатта қай президент көп дауыс алса, соған ғана дауыс беруге тиісті екен, алайда Трамп енді осы өкілдерді (сайлағыштарды) еркінен тыс кері дауыс беруге тырысуы мүмкін. Бұл бұрын-соңды АҚШ тарихында кездеспеген жағдай екен.

Қалай болғанда да барлық штаттар 8 желтоқсанға дейін сайлау қорытындысына сертификат беруді аяқтап, сол күні сайлағыштарды (выборщик дегенді осылайша аудардым, ол миллиондаған сайлаушы емес, әр штаттан тағайындалған өкілдер ғана) тағайындауы тиіс, сол адамдар кейін, 14 желтоқсанда президентті сайлауы керек. Міне, осы датаға шейін Трамп өзіне қарсы келгендерді қырып-жойып, жұмыстан шығарып, бар қолынан келгенін жасауы мүмкін. Ал одан қалса, қанша тырмысса да оның күні бітеді.

Белгілі сарапшылар кезінде егер Байден айқын басымдықпен жеңбесе, Трамптың қолынан бәрі де келуі мүмкін деп болжаған екен. Қазіргі кезде Байден айқын басымдықпен жеңіп отыр: ол Трамптан 6 млн-нан астам дауыс артық алды және сайлағыштар саны бойынша да 306-ға 232 болып айқын басымдықпен алда келеді. Осыншама дауысты сотпен болсын, басқалай болсын, Трамптың басып озуы мүмкін емес, ол протоколды қолдан жаза салатын Қазақстан емес қой, соған қарамастан өлермендікпен креслоға жармасуы - оның не өлім, не өмір деген таңдау алдында тұрғандығын ғана білдіреді.

Расында да қазіргі кезде ол басқа жұмыстың бәрін қойған, есі-дерті қалайда орнын сақтап қалу, өйткені президенттіктен түскен бойда-ақ ол нөлге айналатынын, тіпті сотталатынын біліп отыр. Айтқандай, туиттер де, фейсбук де 20 қаңтарда түскі 12-00-ден кейін Трампт кәдімгі қарапайым әмірикандықтар сияқты бірден бұғатталатынын, банға жіберілетінін қазірден-ақ ескертіп отыр. Қалай болғанда да бұл жағдай әмірика демократиясына берілген қатты соққы болды, тек қана әмірикалық демократия институттарының мықтылығы арқасында ғана, әмірика әмірикалығының арқасында ғана әзірге мұндай соққыны көтере алып тұр, басқа кез-келген ел әлдеқашан қаңғып кеткен болар еді.

Пікірлер