Жын-ойнаққа айналған кино үйінің қазіргі жағдайы

1281

Кинематографистер одағы екі жарым жылға созылған  соттан кейін өз өнер ордасына қайта оралатын болды. Қазақ кино өнерінің корифейі Шәкен АЙМАНОВ пен сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметіндегі Дінмұхамед ҚОНАЕВТЫҢ бастамасымен ашылған тарихи ғимарат енді түнгі клуб емес, қайтадан қазақ киносының жүрегіне айналады.

Дәл бұлай айтуға әлі де ертерек болар, десе де қазақ кино өнерінің жанашырлары талай өнер майталмандарының ізі қалып, талай кино өнерінің озық үлгілері туған бұл орданы жын-ойнақтың ошағы емес, қайтадан мәдениеттің оты жануы үшін жылдар бойы алысып, үш аудандық-қалалық соттан жеңіп, кілтін алып, қара шаңыраққа қайта кіріп қуанып отыр. Істің басы-қасында жүрген азаматтардың айтуынша, алда тағы да сот процестері бар.

Қазақстан киногерлер одағының атқарушы директоры Қанат ТӨРЕБАЙ: «Екі жарым жыл болды, бұл ғимарат үшін соттасып жүрміз. Кезінде Ахат ИБРАЕВ деген жігіт киногерлер одағын басқарғанда бұл ғимаратты жалға берген. Бірақ біз осы одаққа келгелі сол келісім дұрыс емес деп сотқа бергенбіз, екі жарым жыл соттасып, ақыры енді осы ғимаратқа, өз ғимаратымызға кіретін болдық. Құдай қаласа! Соттың шешімі бар, қағаздары барлығы түгел.

Бірнеше сот өтті. Жоғары сотқа дейін өтті. Бірнеше рет аппелецияға берілген. Әлі сот жүріп жатыр, әлі нүкте қойылмаған. Екі-үш рет біз жүрдік, аудан, қала соттарында. Бірақ ана жақ аппеляцияға бере береді, бере береді. Сол әлі сот жүріп жатыр, бірақ әзірше қолымызда соттың шешімі бар. Біз кіре аламыз. Себебі, заң бойынша ғимарат біздікі», - деп  ғимаратқа енді ешкімнің таласы жоқ екендігін жеткізді (өзгеріссіз алынды – ред.).

Сондай-ақ ол киногерлер үйінің тарихы мен онда өткен шараларға  тоқтала келіп: Осы жерде өмір бойы киногерлер одағы отыратын. Алпысыншы жылдардан бастап. Кезінде біздің корифейлер, ақсақалдар бірігіп, ол кезде ҚОНАЕВ (Д.А. Қонаев – ред.) бірінші хатшы, содан жер алып, осы ғимаратты Шәкен АЙМАНОВ, Абдолла ҚАРСАҚБАЕВ сияқты біздің үлкен аталарамыз, өнердегі майталмандар атсалысып, бірге осы киногерлер үйін ашқан. Енді тоқсаныншы жылдары өте қиын болды, өздеріңіз білесіздер, алпыс пайызы бір коммерциялық компанияға кетті. Енді әзірше киногерлер одағы осы ғимараттың қырық пайызының иесі болып есептеледі, заң бойынша.

Екі жарым жыл болды, ғимаратқа кіре алмай жүрдік. Бүгін, енді, осы ғимаратымызға, өз ғимаратымызға кіретін болдық.

Бұған дейін бұл жерді жалға алып отырған. Жалға берілгенде, мұнда бір тиын төленбеген. Сосын мына жерде ночной клуб (түнгі клуб – ред.) ашпақшы болды. Біз оған қарсы болдық. Себебі бұл киногерлер үйі. Мұнда кинозал болуы керек. Осы одақтың шаралары өтетін орын ғой. Өмір бойы осындай шаралар өтетін. «Құлагер» деген сыйлық бар, киногерлер одағының сыйлығы. Соның марапаттау рәсімдері өтетін, әртүрлі,  көрсетілімдер, сондай-ақ Еуразия фестивалі. Еуразия фестивалі ең бірінші рет осында өткен.

Мұның алпыс пайызы «Gan Bei-ге» (түнгі клуб – ред.) тиесілі. Оған талас жоқ, - деп тек одаққа тиесілі қырық пайызды қалайда түбегейлі қайтарып алуды көздейтіндерін жеткізді.

Уақытында «тағдыры» әрқалай құбылған бұл ордаға қазақ кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлесін қосқан Асанәлі ӘШІМОВ, Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ, Рүстем ӘБДІРАШЕВ, Ермек ТҰРСЫНОВ және т.б. сынды актерлер мен режиссерлер келіп, кино үйінің жайына бей-жай қарамайтынын білдірді.

Асанәлі Әшімов, кеңестік және қазақстандық кино және театр актері, Қазақстанның Еңбек Ері (2017): «Балалардың жүгіргеніне бір үш-төрт жыл боп қалды. Соттасып. Баяғы осыдан алпыс жыл бұрын Шәкен Айманов, Қонаев екеуі (Д.А. Қонаев – ред.) жасаған кино үйі. Кинематографистерге берген сыйлығы. Соны көп уақыт бойы қолдандық, осы жерде отырдық, әңгімелестік, шүйіркелестік, жақсы кино үйі еді ол кезде. Енді қазір соншама жыл кино қайраткерлерінің отырып, бір стақан шай ішетін жері болмай қалды. Мұндай орталық творчествоның (шығармашылық – ред.) адамдарына керек. Сценарийді талқылау үшін, ойларын айту үшін. Жалпы сол кездегі жұмыстардың сапалы шығуының өзі осындай кездесулердің әсері болды. Мына кино үйінің әсері болды. Осы жерге келуші едік, кешке жақын, әңгімелесуге, кино көріп, премьералар көріп, қонақтарды осы жерде қарсы алушы едік. Мұндай үй керек қой», - деп бұл кино үйінің маңызын айтып, тарихына тоқталды.

Қазақ кино өнерінде талай ұмытылмас образдарды сомдаған абыз ақсақал «Бұл жерге талай уақытта артқа тастап келіп, қандай сезімді бастан кешіп тұрсыз» деген сұраққа: «Суық болса да, жылы сезініп отырмын», - деп жауап берді (қараусыз қалған ғимарат іші тым суық - ред.).

Кинематографистер үйінің қараусыз қалған қазіргі күйі. Актер Асанәлі Әшімов киногерлермен шүйіркелесіп отыр

Кинорежиссер Ермек Тұрсынов та бұл тарихи үйдің өзі үшін, ұлт үшін маңызына, сондай-ақ  бүгінгі кино өнерінің жағдайына тоқтала келіп, үйдің қарауына бөлінер қаражат жайына да тоқталып өтті: «Бұл жер зиялы қауым өкілдері отыратын, үлкен идеялар туатын орын еді. Мұнда жиналғандар жай отырмайтын, адами қатынас орнайтын орын болды. Өзім студент күнімнен осында келетінмін. Тарихи жер. Өзім «Шырақшы» деген фильм түсірдім, сол секілді бұл жерге де шырақшы керек. Бұл қара шаңырақты ұрпақтан-ұрпаққа қалдыруымыз керек. Жөндеуге, қарауға қаражат жоқ. Мәдениет саласының жағдайы қайыршының күйіндей ғой. Өзім қалталы азаматтарды әкеп көрсеттім. Көмектесетін болды», - дей келе: «Үш рет аудандық сотта жеңдік. Әрі қарай жоғарғы сотқа берілді.

Музей деп те айтуға болады. Үлкен кинозал болатын. Ш. Айманов бастаған өнер майталмандарының портреттері ілулі тұратын.  Бұл жер жеке менің, не Асанәлі Әшімовтің емес, бұл сіздің де ғимаратыңыз», - деп бұл ғимаратқа әрбір қазақ баласының таласы бар екенін, сақтап қалу керектігін айтты.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан кинематографистер одағының басы осы даудан  2016 жылдан бері арылмай келеді. Мәселенің бәрі де жаңа басшының келуінен басталған. Кинематографистер Одағының бұрынғы төрағасы Игорь Вовнянко кино үйінің аумағын түнгі клубқа жалға беріп  тұрған. Қанат Төребайдың айтуынша, осы ақшаға ол ғимаратты сақтап, коммуналдық төлемдерді, салықтарды, төрт жұмысшының жалақысын төлеп тұрған. Бірақ содан кейін жалға алушылар өзгеріп отырған.

Кейін одаққа жаңа басшылар келген соң мәселелер туындай бастаған. Одақтың бұрынғы басшысы Ахат Ибраев ауыр шартпен, ешкімнен сұрамастан бүкіл меншікті 2023 жылға дейін беріп жіберген. Меншікті жалға алушылар кино үйінің орнына түнгі клуб ашпақ болған. Осы себептен де сот процестері басталып, жылдары бойы одақ мүшелері ғимарат ішіне кіре алмай, ешқандай шара өткізе алмай келген. Тек, жылдар өте соттың оң шешімінен соң, киногерлер, бүгін, 24 қараша 2020 жылы ғимаратқа кіруге мүмкіндік алып отыр. Оның алдағы тағдыры әлі де уақыт еншісі мен келесі соттың шешіміне байланысты.

...Әлі де сот процестері бар екендігін білген соң, режиссер Сатыбалды Нарымбетовтен: «Тағы да шешімін күттіріп тұрған сот процестері бар екен. Қуануға ерте емес пе?» - деген сұрағымызға: «- Ойбай-ау, аналар қалталарын (жалға алушылар – ред.)  толтырып, тағы да шауып бармасын», - деген жауап алдық.

Жағдаймен «Адырна» ұлттық порталы алдағы уақытта да таныстырып отырады. Киногерлердің қуанышы ұзағынан болса екен деп тілейміз!

Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы