Әке-шешеңді "намаз оқымадың" деп сөгу - мұсылмандық емес

11312
Adyrna.kz Telegram

Сәкен Әлменов салафилік ағымның жетегінде кетіп, 2020 жылдың көктем айында мектеп және колледж оқушыларына хиджаб киюге рұқсат бермегені үшін Білім және ғылым министрлігі ғимаратына қарумен кіріп, министр Асхат Аймағамбетовпен бетпе-бет сөйлеспекші болған. Оның лаңкестік жоспарын біліп қойған Ұлттық қауіпсіздік комитеті террорлық әрекетке оқталған азаматтың өзін тергеп, қамауға алған. 

БҒМ КҮЗЕТШІСІН ӨЛТІРУДІ ЖОСПАРЛАҒАН

Қазір жазасын өтеп жатқан Сәкенмен Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығы бірнеше ай бойы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, радикалды көзқарасынан қайтарған. Azattyq Rýhy Сәкеннің түрмеден берген эксклюзивті сұхбатын оқырман назарына ұсынады.

«Намаз оқуды 2017 жылы Жезқазған қаласында колледжде бірге оқыған досым үйретті. Ол үнемі Алладан қорқуымыз керек екенін айтып отыратын. Айтқандарының ішіндегі ең қорқыныштысы - қабір азабы жайлы. Осылайша намазға жығылдым, біртіндеп көзқарасым өзгере бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитетін, Ішкі істер органдарын, жалпы погон таққан кісілерді «Бізді сатып жібереді, мұсымандарға қарсы жұмыс істейді, түрмеге қамайды» деп ұнатпайтын болдым. Бауырлармен араласып жүргенде үкіметке, мемлекетке деген көзқарасым өзгерді. Өзім де кезінде органда тергеуші болып жұмыс істегенмін. «Құранды, дінді неге мектептен бастап үйретпейді?» деп жек көре бастадым.

Осы көзқараспен Нұр-Сұлтан қаласы «Мәңгілік ел» даңғылындағы Білім және ғылым министрлігінің ғимаратына кіріп, министр Асхат Аймағамбетовтен мектептегі оқушы қыздарға не себепті орамал тағуға рұқсат бермегенін, колледждегі қыздардың хиджап киюіне неліктен тыйым салғанын жүзбе-көз сұрап, өзін кепілге алмақшы болдым. Алдын ала бәрін жоспарладым, есіктен кіре берісте күзетшіні өлтіріп кетуім керек, әйтпесе ол мені өлтіреді деп ойладым. Содан соң министр кабинетіне лифтімен емес, баспалдақ арқылы шығуым керек деп шештім. Себебі апатты қызмет батырмасын басса, лифтінің ішінде қалып қоюым мүмкін еді. Бастықтардың екінші немесе үшінші қабатта отыратынын білемін. Осылайша бәрін жоспарладым», - деді ол.

ҰҚК қызметкерлері оның жоспарын біліп қойып, террорлық әрекетінің алдын орайды.

«ҰҚК оның жоспарын қалай біліп қойғаны туралы сізге толық ақпарат айтуға құқым жоқ. 2020 жылдың көктем айында ол қамауға алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабы (Терроризмді насихаттау) бойынша сотталды. 1991 жылы Жезқазған қаласында дүниеге келген. Ажырасқан, балалары жоқ. Біздің орталық Сәкенмен ұзақ уақыт бойы теологиялық жұмыс жүргізді. Бүгінде ол өз қателігін түсінді», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығы директорының орынбасары Жандаулет Сүлейменов.

КОСТЕКСКИЙ, САСИТЛИНСКИЙ ЖӘНЕ МҮБАРОВТЫҢ УАҒЫЗЫН ТЫҢДАҒАН

Сәкеннің діни сауаты интернет желісіндегі түрлі уағызшылардың дәрісінен аспаған. «Ахи» бауырларының айтқанынан шыға алмай қалған кейіпкеріміз анасының асын «харам» санап, бірте-бірте ызақор адамға айналған.

«Құраннан алты сүре білемін, тәжүид үйренген жоқпын. Интернеттен шынайы дінді ұстанатын шығар деп Шейх Абдуллах Костекский, Абу Омар Саситлинскийді тыңдай бастадым. Оған дейін Ерлан Ақатаев, Дарын Мүбаровты тыңдайтынмын. Көбінде сол Костекскийді тыңдай бердім, сонымен қатты кетіп қалдым. Бауырлар, Абдуллах Костекский, Абу Омар Саситлинскийдің айтқандарын тыңдай бермеңіздер. Олар тек қатыгездік пен соғыс, Сирия туралы ғана айтады. Мен қазір түрмеде отырғаным үшін емес, сондай әрекеттер істегенім үшін қиналып отырмын. Намаз оқимын деп анам әзірлеген тамақты да жемей кеттім. Жанымдағылар «Малды мұсылман бауыздағанына сенімдісің бе?», «Мал сойылғанда бисмиллах айтылып, намаз оқылмай ма, еті харам.

Сен «куфурға» (күпірлік) кеттің» дейді. Мен «куфур» дегеннің не екенін сұрап едім, ол «Аллаға қарсы келу» деп түсіндірді. Содан кейін мен қорқып, мүлдем ет жемей кеттім. Әке-шешең, туыстарыңды «дін білмейді» деп санап, оларға бәрін түсіндіресің, түсінбеген соң ақырында төбелеске дейін барасың. Намаз оқымайтын жолдастарыңды шақырып, оларды дұрыс жолға шақырасың. Олар сенің айтқандарыңа қарсы келіп жатса, бойыңда ашу пайда болып, жаңағы адаммен төбелескің келіп тұрады», - деді Сәкен.

СӘКЕННІҢ АРМАНЫ...

Террорлық әрекетке оқталғаны үшін бірнеше жылға бас бостандығынан айырылған Сәкен сұхбат барысында әке-шешесін есіне алып, көз жасын тоқтата алмады. Бүгінде сол кездегі «ахи» бауырлары із-түзсіз жоқ болып кеткен, ұлының әйтеуір бір күні бостандыққа шығатынына сенген ата-анасы ғана түрме табалдырығын тоздырып жүр.

«Әке-шешемді қатты ренжіттім, оларға көп қарсы келдім. Ертең өмірім жетіп, бостандыққа шығып жатсам әке-шешемді құшақтап, бетінен сүйер едім. Ол кісілерден қатты жалынып тұрып кешірім сұрайтын едім. Қазақ бауырлар, әке-шешеңізге «намаз оқымайсың», «жахилсің», «кәпірсің» деген сөздерді айтуды қысқартыңыздар, қатты кетпеңіздер. Алла Тағала сынаймын десе, өзімізді де сынап жібереді. Салафилік ағымды ұстанып, қатты қателестім. Мен түрмеде отырғаныма емес, надандығымнан сондай ессіз әрекеттер жасамақшы болғаныма өкінемін», - деп аяқтады ол әңгімесін.

Айжан ҚАЛИЕВА, Нұр-Сұлтан.

Пікірлер