Жаңа лангет ойлап тапты

1870
Adyrna.kz Telegram

Халық денсаулығын жақсарту —- Қазақстанның даму  саясатының басым бағыттарының бірі. Бүгінгі күні  ауылдардағы емдеу мекемелеріне жаңа құрылғылар, көліктер бөлініп, стандартқа сай жабдықталуға талпыныс жасалуда. Науқасқа қажетті ем-дом жасау үшін жаңа технологияны меңгерген, білікті де білімді мамандар жыл сайын даярлануда. Бұдан бөлек, Отандық ғалымдарымыз халық денсаулығы үшін тер төгіп, игі жаңалықтарымен  бөлісуде.

Мысалы, Ақтөбедегі Батыс Қазақстан медициналық университетінің мамандары пластикалық лангеттерді басып шығаруға кірісті.

3D принтерімен жасалатын заманауи дәке қол немесе аяқ сүйектерінің сынығы кезінде қолданылады. Бұл медициналық бұйымдардың дәстүрлі гипстен айырмашылығы, қыздыру арқылы кез-келген пішінге келтіруге болады. Салмағы жеңіл болғанымен гипске қарағанда анағұрлым берік. Торкөзді етіп жасалатын лангеттер адам терісінің ойылмауы үшін ыңғайлы.

Айта кетейік, бұрын-соңды елімізде заманауи 3D принтердің көмегімен дәке басып шығарылмаған. Сондықтан медицина университетінің ғалымдары әзірге жаппай өндірістің болмайтынын жеткізді. Санаулы үлгісі ғана жергілікті аурухананың травмотология бөліміне жіберіледі.

 – Біздің ғалымдар лангеттердің сапасын зерттеуге кірісті. Егер үмітіміз ақталса, Қазақстанның тәжірибелік медицинасында үлкен жаңалық болайын деп тұр. Себебі, біздің пайымдауымызша бұл лангеттердің дәстүрлі гипстерден артықшылығы көп. Мәселен, бұрынғы дәкелердің салмағы 1,5 келіге дейін жететін болса, бұл 50 грамм ғана, балалар үшін де жеңіл. Тері де ойылмайды. Қол, аяқ сүйектері берік танылады, - дейді М.Оспанов атындағы БҚМУ проректоры Самат Сапарбаев.

 

 

Думан Арғынгелді,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер