Дөңгелек үстел өтті

2272
Adyrna.kz Telegram

 Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі  «Жас қазақ» республикалық газетінің редакциясында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған «Қазақтай қарсылық көрсеткен халық» атты дөңгелек үстел өткізді. Жиынға тарих ғылымының докторы, профессор Болатбек Нәсенов, тарих ғылымының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ доценті Еркін Ермұқанов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Талас Омарбековтер қатысты.

Бұл жиынға қатысқан ғалымдар көтеріліске қатысты біраз мәселелерді көтеріп, жинаған деректерімен бөлісті. «Көтеріліс әр жерде әртүрлі болды. Мысалы, Ақтауда, Мақатта болыстар қарсы шықты. Халық болыстарымен бірге болған соң көтеріліс те қуатты болады. Зайсан, Күршім өңірлерінде казактарда армия көп болған. Сондықтан, аяусыз басып-жаңшылды. Тараз, Шымкент көтерілістері туралы да деректер аз. Негізінен, көтеріліс ол өңірлерде де болған. Ал Қорғалжыңда көтеріліске 12 мың адамға дейін қатысқан. Көтеріліс бірінде ұзаққа созылса, бірінде тез басылған» - дейді Б.Нәсенов.

Ал, Е.Ермұқанов: «көтерілістің  басы-қасында жүрген болыс, билер өте көп болған. Бір ғана дерек. Зайсан маңындағы көтерілісті Мүрсәлім Бектенов деген болыс басқарған. Ол өзінің қоластындағы халықты аман сақтап қалуы үшін, тіпті казак отрядтарымен белсене күрескен. Сондықтан да мұндай дерек өте көп. Бұл көтерілістің қозғаушы күшін кең ауқымда қарастыратын уақыт жетті. Сондықтан да бұл жерден таптық сарын іздеудің керегі жоқ. Бұл сан ғасырлардан жалғасып келе жатқан ұлт-азаттық көтерілістердің заңды жалғасы. Сондықтан да көтерілістің ұлттық бағытта болғандығын әрқашанда есте ұстауымыз керек» дегенді алға тартты.

Дөңгелек үстелде қортынды сөз сөйлеген ғалымдар, патша жарлығына Орта Азия халықтарының ішінде қазақтай қарсылық көрсеткен халық жоқ деген тоқтамға келді.


"АДЫРНА"

Пікірлер