YouTube баламызды шүлдірлетпесін десек...

4230
Adyrna.kz Telegram

Бір жылдан бері ютуберге айналып кеттік. Сәбиіміз дүниеге келген соң, You-Tube сияқты негізгі жұбатушы барына көзіміз жете түсті. Бұрын сәбиінің қолына гаджет ұстата салып, өз шаруасына айнала беретін ата-ананы жақтырмайтын едім. Өз басыма келгенде... әлі де қарсыласып жатырмын.

Қалаубегіме үйдегі бес телефонды бере салуға азаматтық һәм әкелік, тіпті болмаса, отағасылық құқымды көлденең тарта отырып, кәдімгідей қарсыласамын. Көзін, өзін сақтағым келеді. Тіпті болмай бара жатса, You-Tube-тің қазақ тіліндегі арналарынан ән тыңдатам, мультфильм көрсетем. "Торғай-ТV", "Қошақан-ТV" сияқты жақсы арналар бар. Әрине, жақсы ниетпен ашылған дүниелер ғой, тілдерінде аздап акцент те жоқ емес. Дегенмен қала балаларының жоқтың орнын толтыруға тырысқан еңбегін бағаламай болмайды.

Енді бір ой келді. Балаларымыздың тілін заман жетістігі бұза бермесін десек, қазақ тіліндегі арналарды мейлінше көбейтуіміз керек екен. Өзім балық аулауды қатты ұнатам. Бірақ қазақ тілінде "Вдали от города" және Абзал С. арнасынан басқа ештеңе жоқ. "Степной охотник" пен "Always Alone" арнасының көрермені болып жүре береміз бе?

7 сыныпта оқитын ұлым Олжас Оқастың "Kolesa KZ" арнасын қатты көреді. Олжекеңе рахмет, нағыз кәсіпқой маман қазір! Бірақ арпа ішінде - бір бидай...

Көлігімізден кілтипан шыға қалса, орыс тілінде қаптаған кеңесті шекесінен шертіп жүріп таңдаймыз. Қазақша - ЖОҚ!.. Бізде мәшине моторын түске дейін-ақ шашып жөндеп алатын жігіттер бар ғой. Соларға бір жөн сілтеп жіберсе, арнаны өздері-ақ дөңгелетіп әкетеді, сірә...

Сәбилерге оралайық. Оларды қазір алдандыратын, ең бастысы, тілін шығаратын нәрсе - түрлі гаджеттер. Анасының қолы тимей, әлеужеліге пісірген шұжығы мен сатып алған көйлегін салып жатқанда, сәби басқа тіл арқылы ақпарат алып, соның тереңіне еніп барады. Сондықтан ФБ бетінде саяси шолушы, әлеуметтік қорғаушы болуға асықпай, әлеуетіңізді қазақша контентке жұмсасаңыз, қанеки! 10 адам қараса да, миллион адам қараса да, бәрінің түбінде ақша табу мүддесі емес, сәби мүддесі жатса-шы, шіркін! Контент көбейсе, қараушы да көбейеді. Гарантия!

Отыз жыл еркін өмір сүргенде, балаларымыздың тілі басқаша шығатын күйге жетіппіз. Көп танысымда солай. Өздері де аң-таң. Әйтпесе, жетпіс жеті атасының тілі шүлдірлеп көрмеген ғой...

Есей Жеңісұлының  жазбасынан.

 

Пікірлер