Наурыз мейрамы 10 күн тойлануы мүмкін

4128
Adyrna.kz Telegram

Наурыз мейрамын 10 күн тойлау туралы ұсыныс қаралды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Құжатқа сәйкес, Наурыз мейрамы 14-23 наурыз аралығында атап өтіледі:

14 наурыз – «Көрісу күні»

15 наурыз – «Жайлау күні»

16 наурыз – «Шежіре күні»

17 наурыз – «Тарихқа тағзым күні»

18 наурыз – «Игі істер күні»

19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік күні»

20 наурыз – «Зияткерлік күні»

21 наурыз – «Ұлттық тағамдар күні»

22 наурыз – «Ұлыстың ұлы күні»

23 наурыз – «Жоралғы күні»

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеп, көктем мерекесінің мазмұнын байытуды тапсырды. (...) Наурыз мейрамының негізгі мақсаты - Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру», – делінген құжатта.

Концепцияға сәйкес мейрамның міндеттері мынадай:

Жалпықазақстандық рухани құндылықтарды нығайтатын қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту, ынтымақ-бірлікті арттыру;

мейрам кезінде әр адам отбасына, ата-анасына барып, хал-жағдай сұрасу арқылы отбасы институтын күшейту;

азаматтық бейбітшілікті сақтау, әлеуметтік әріптестікті және қайырымдылық жасау мәдениетін дамыту;

этносаралық қатынастар мәдениетін дамыту, қоғамдағы достық пен сенімді нығайту;

Қазақстан табиғатының бірегейлігін, табиғатқа ұқыпты қарауды  ұғыну, экологиялық мәдениетті және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру бойынша қоғамдық бастамаларды дамыту.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеялық құндылықтарын іске асыру мән мәтінінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын атап өтудің мәні жоғары. Наурыз – үйлесімнің, береке мен бірліктің мейрамы. Бұл ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизмді қалыптастыру, сананың ашықтығын арттыру тұрғысынан маңызды мейрам» – делінген тұжырымдамада.

Еске салайық, 2020 жылдың ақпанында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты жанындағы «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Жанар Бұқанова Қазақстанда Наурыз мейрамын тоғыз күн атап өту ұсынылғанын айтқан болатын.

 

Пікірлер