«НАУРЫЗ - 2021» халықаралық радиокөпірі

1828
Adyrna.kz Telegram

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мейрамын атап өтудің тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түсуді ұсынды. Ізінше тұжырымдама жобасы жасалып, көпшілік талқысына шықты.

Ұлттық салт-дәстүріміздің ажырамас бөлігі бабалардан бізге жеткен ежелгі Наурыз мерекесінің мән-мағынасын арттыру ортақ міндетіміз және руханияттың алтын қазығы Қазақ радиосы бұл жұмысқа ерекше екпінмен кірісті.

Осы ретте, ұлық мереке қарсаңында, 17 наурыз күні, Қазақ радиосы, жеті мемлекеттің радиоарналарының басын қосып, тікелей эфирде «Наурыз-2021» Халықаралық радиокөпірін ұйымдастырады.

Ірі Халықаралық жоба аясында тікелей эфирде Иран, Түркия, Әзірбайжан, Моңғолия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Татарстан Республикасы радиоарналарымен әуе толқыны арқылы байланыс орнатып, Наурыз мейрамы ортақ халықтармен мерекенің мәнін айшықтауға, бауырлас және іргелес елдердің ұлттық дүниетанымын тыңдаушыға жеткізуге тырысамыз.

Радиокөпірде Ресей, Франция, Австрия, Белгия, Корея, Жапония елдеріндегі тыңдаушылармен тікелей толқында тілдесетін боламыз.

Жеті мемлекет қатысатын «Наурыз-2021» Халықаралық радиокөпірі тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Үш сағаттық радиокөпір Қазақ радиосынан бөлек «Шалқар» радиосының тікелей эфирінен де беріледі.

Халықаралық шара Қазақ радиосының 100 жылдығына орайласқан. 1921 жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен Орынбор қаласынан ақпарат тарата бастаған Бас радио қазір ел аумағының 90 пайызына ақпарат жеткізеді.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

 

Пікірлер