Ораниенбаумда ойқастаған оғлан

3093
Adyrna.kz Telegram

Арғы-бергі заманда “Приморье плацдармы”, “Ораниенбаум мүйісі”, “Таменгонт республикасы”, “Лебяжье республикасы”, “Кіші жер” деген  түрлі аттармен танымал, Фин шығанағының түстікжағалауында жайғасқан Ораниенбаум плацдармындағы қанды қасап қырғында  қазақтың саңлақ сұрмергені Дүйсенбай Шыныбеков ержүректігімен ерекшеленген еді. Ұлы Отан соғысының тарихын, оның ішінде 900 күндік Ленинград қоршауының қиямет-қайымын тексеріп-түгендеген зерттеулер осыны оқшаулап айтады. 

Жамбылмен хат жазысқан

Жанр деуге келер ме, келмес пе қайдам, бірақ «майдан хаттары» деп аталатын, соғыс тарихында  елеуге, ескеруге тұрарлық қағазға таңбаланған әскери-әдеби құбылыс бар. Әдетте оның әр жолынан қайсар да қағілез жауынгердің жігерін жаныған жүрек дүрсілі, жан дірілі әлдебір әлеуетпен буырқанып, бұрсанып тұрады. Оқ бораған, от ораған қанды қырғында көлгір сезімге, көптірме сөзге орын жоқ. Жұп-жұқа, жеп-жеңіл парақтар шойындай ауыр шындықтың салмағынан әп-сәтте жыртылып, жұлмаланып кететіндей көресің. Бірақ тарихтың тезіне олар да сарбаз етігінің сірісіндей төтеген, төзген; сөйтіп, сан шежірені сақтаған.

Аласапыран соғыстың ақиқаты: қазақ совет солдаты Сталинге сыйынған, Жамбылға жүгінген.  Жанпида жерлерде «темір тиранның» атын ұрандай айқайлап, танкінің астына түсуден тайынбаса, тағат тұстарда еліне қарай елеңдеген жас жігіттер жүз жасаған жырауға сәлемін жолдап, сырын жайған.

Солардың  бірі – 2-ші екпінді армияның Калинин атындағы, Қызыл тулы Ропшиндік 48-ші атқыштар дивизиясының 268-ші атқыштар полкының  миномет взводының командирі, лейтенант Дүйсенбай Шыныбеков болатын.

Жамбыл атасына жүрекжарды лебізін ол былай жеткізеді:

            «Ленинград – бұл жаңа дәуірдің басы, бостандықтың бастамасы. Мен осылай түсінемін, Жамбыл ата! Сіздің маған жазған өлеңіңізді оқыдым. Сізге көп-көп рахмет! “Ленинградтық өренім” атты өлеңіңіз біздің жауынгерлердің басты ұранына айналды. Бәріміз жатқа айтамыз. Қазір де өлеңіңіз Ленинград көшелерінің көрнекті орындарына ілініп қойылған. Бұл – өлең жауынгерлерге рухани жігер беріп, қанды қол майданға еріксіз ұмтылдық. Фашистің оғы жанымдағы Жүсіпов деген қазақты жазым етті.  Ол елу фашисті оққа ұшырып еді. Оның қабірінің басында командир винтовкасын маған беріп тұрып, “кегін қайтар досыңның” деген бір ауыз сөз айтты. Мен осы орында БКП(б) мүшелігінің кандидаттығына қабылданып, серт бердім, әрі сол сертімде тұрамын. Алдағы уақытта біздерге “Күйретіңдер фашисті” деген өлең жазыңызшы, Жамбыл ата! Сәлеммен, Дүйсенбай Шыныбеков деген балаңыз. 1942 жыл, 4 қараша, Ленинград қаласы».

Бұдан білетініміз – Жамбылдың сайыпқыран сарбазға өлеңмен тілек өргені. Өкінішке қарай, оның нақты мәтіні мен мазмұны қандай болғанынан бейхабармыз. Бірақ жалынына жалын, жігеріне жігер қосқаны анық. Намысын қайрайтын, нәтін қолдайтын тағы бір жыр сұрауы да тегін емес.

Оған абыз ақын былай деп жауап беріпті:

            «Қадірмен ұлым, Дүйсенбай! Қанішер фашистерді аямай соға бер. Сен жауды неғұрлым көп жусатқан сайын Ұлы Жеңіске жол қысқара бермек. Сен қорғап жатқан Ленин қаласы туралы әлгі маған айтқан “Күйретіңдер фашисті” деген жырымды кешіктірмей жазып жіберемін. Көріскенше күн жақсы болсын, менің жас жерлесім! Жеңіспен оралатын бол!  Атаң Жамбыл».

Дүйсенбайға дем берген – жыр алыбы Жамбыл

Ал Дүйсенбайдың  қолға іліккен келесі хаты – сөзбе-сөз сәйкес болмағанымен, кейбір дерегі мен дәлдігінің айырмашылықтарына қарамастан, алдыңғысына үндес, үйлес жазылған. Бәлкім, тың мәліметтермен толықтырылып, далалық пошта арқылы қайта жөнелтілген болар...

            «Сізге Ленин қаласын қорғап жатқан жауынгер қазақтың хаты құстай ұшып жетсін, - дейді ол, -  Мен Сырдарияның жағасындағы Жуантөбе атты кішкентай ауылда тудым. «Ленинград» деген сөзді алғаш рет естігеніме  де көп бола қойған жоқ.  Қазір бұл қалаға жау басып кірді.  Мен оның қорғанысында жүріп, екі рет жарақат алдым. Жарадар болған мені алып келгенде, үйлердің қабырғасынан «Ленинградтық өренім» деген сөздеріңізді оқыдым, Жамбыл ата! Сіздің сөздеріңіз менің жүрегімді жандырды,  мен майданға жеткенше асықтым. Шайқас кезінде фашист оғы Жүсіпов деген қазақ жауынгерін  мерт қылды. Ол 119 фашисті өлтірген болатын.  Бейітінің басында командиріміз оның винтовкасын жоғары көтерді де, маған беріп, «кек қайтар!» деді.  Мен өз достарым – қырғыз Шамировке, татар Харутдимовке, украин Матенкоға фашистерді  нысанаға дәл іліктіруді үйреттім».

Майдангердің жазбасынан өзіне ғана емес, өзгелерге де қатысты жайттарды жолықтырамыз.

Мысалы, хаттарының біріншісінде – 50, екіншісінде – 119 гитлершінің көзін жойған делінетін жойқын мерген Жүсіпов кім болды екен?  Ол туралы там-тұм дерек табудың сәті түсті. Какашкур(құжатта қате жазылғандықтан, шын атын біле алмадық – А.Ш.) есімді бұл боздақ Павлодар облысының Успенск ауданының тумасы болып шықты. Дүниеге келген жылы – 1917. Әскери шені – ефрейтор. 1942 жылғы 15 ақпанда ерлікпен қаза тапқан. Майдандық «Отанды қорғауда» газетінің жазуынша, оның  жолын жалғастырушы Дүйсенбай Шыныбеков  «қысқа уақыт ішінде досының снайперлік винтовкасынан 68 фашисті жер жастандырған».

Қазақ мергенінен дөп атудың дәрісін алған украин Матенкоға қатысты мәлімет ұшырастыра қоймасақ та, қалған екі досының әрі қарайғы тағдыр-талайы жөнінде де сөз сабақтаудың реті бар.

1918 жылы Қырғызстанның Фрунзе облысының Каганович ауданына қарасты Белогорка селосында туып, 1940 жылғы қазанда Ош облысының Қызылқия қаласынан әскерге шақырылған аға сержант Ишеналы Шамиров атқыштар бөлімшесінің командирі болыпты. 1944 жылғы ақпанда әкесі Османқұлдың қолына тиген, 51441-ші далалық поштадан жолдаған соңғы хатынан кейін мүлде хабар-ошарсыз кеткен.

Татарстанның Бондюжск ауданы Плеево деревнясынан 1942 жылы он тоғыз жасында майданға аттанған Михаил Иванович Харутдимов 269-шы гвардиялық атқыштар полкының құрамында пулемет взводына жетекшілік жасап, кіші лейтенант шенін иемденген. 1945 жылдың қаңтарында шаһид кешеді. Әкесінің аты – Исламов Нарутдин (баласымен аты-жөндеріндегі сәйкессіздіктің себебін біле алмадық).

Сөйтіп, «Ленинградтық өренім» атты айбынды толғаудың авторымен «айшылық алыс жерлерден» қағаз бен қалам арқылы тебірене тілдесуі досқа қамқор, дұшпанға қатал жауынгер Дүйсенбай Шыныбековтың бойындағы қазақы өрлік пен өжеттікті ширықтыра, шыңдай түскені сөзсіз.

Сертінде тұрған снайпер

Жанжігіт шалдың нағыз батыр немересі жорық дауылпазы Жамбылға  берген антынан өле-өлгенше айныған жоқ.

Сыр өңіріндегі Шиелі ауданының Ақтоған аулында дүние есігін ашқан Дүйсенбай жиырма жасында, яки 1940 жылғы 20 қазанда Қызылорда медициналық училищесінің үшінші курсында оқып жүрген жерінен әскер қатарына шақырылып, Балтық бойындағы Таллин қаласында ірге тепкен кіші командирлер мен сұрмергендер даярлайтын бір жылдық арнаулы курсқа қабылданады. Содан көпке созбай соғыс басталып кетіп, қоршауда қалған Ленинградтың  қорғаныс шебінен бір-ақ шығады. Блокаданың алғашқы кезеңінен ақырғы күніне дейін сол қанды қасаптың ішінде болады. Бұрынғы «Қазақ ССР тарихы» кітабында келтірілген есеп бойынша, ұзын  саны 172 неміс офицері мен солдатын оққа байлап, Қызыл Жұлдыз орденімен, «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдарымен наградталған.

Ораниенбаум плацдармын қорғаушыларға арналған медаль

Жалпы, тарихшылардың көбі 1941 жылдың қыркүйегінен 1944 жылдың қаңтарына дейін созылған Ораниенбаум плацдармындағы тынымсыз  табантіресті Брест қамалындағы ұлы жанталасқа ұқсатады. Ұзындығы 65, ені 20-25 шақырым, былайша айтқанда, тоқымдай ғана жерде «үш революция бесігі» - Ленинградтың тағдыры шешілгені рас. Балтық флотының бірегей базасы - Кронштадқа қарай жауды аттап бастырмағанымен қоймай, неміс армиясының үдере кері шегінуі де осы арадан бастау алды. Снайпер Дүйсенбай Шыныбековтың атағы   сол алапты шарпыған шайқастар кезінде жайылды.

Оның баһадүр бейнесіне майдангер замандастары да, мәртебелі зерттеушілер де биік баға берген.

Мәселен, тарихшы П.С.Белан Дүйсенбай Шыныбековты «көрнекті мерген» дейді. Оның жазуынша,  1943 жылға дейін қазақтың бұл  снайпері 172 немісті ажал құштырған және минометші мамандығын үздік меңгерген, сондай-ақ жау шебіне етпеттеп барып граната лақтырудың шебері атанған.

«Отан даңқы үшін» майдандық газетінің 1941 жылғы 21 қарашадағы санында Дүйсенбайды марапаттаған мазмұнды мақала басылса, «Отанды қорғауда» газетінің кезекті нөмірінде «аға сержант Шыныбеков рота минометімен 97 фашисті жер жастандырып, бақылау пунктін, екі тіркемелі арбасын, асханасын, мотоциклін талқандады және жаудың жиырма шақты оқ ататын нүктесін жойды», - деген жолдар жарық көріп, ол өлтірген гитлершілердің саны 165-ке жетті деген мәлімет ұсынылады.

Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінің 1942 жылғы 5 желтоқсандағы санында жарияланған сағыныш хатында мергеннің өзі: «Менің сертім – Отанды қорғау жолындағы міндетімді абыроймен орындау. Осы күннің өзінде винтовкаммен 74 фашисті, минометпен 100-ден артығын келмеске жібердім», - дейді.

Ал 1944 жылғы награда парағында былай делінеді: “Дүйсенбай Шыныбеков Ленинград майданында ауыр жаралы болды. Ол өзінің снайперлік винтовкасымен 172 неміс солдаты мен офицерін жойды. 1944 жылғы 13 наурызда Соокюл деревнясы маңындағы биіктік үшін айқаста жау жағының басым күшіне қарамастан, қарсы шабуылға шығып, дұшпанның бір станокты пулеметін және жиырмадан аса гитлершіл автоматшыны жойып жіберді. Іс жүзіндегі және жауынгерлік үлкен тәжірибесі бар Дүйсенбай әскери құрамды соғысқа мұқият әзірлеп, соның нәтижесінде оның взводы ең үздік атанып жүр. Шыныбеков бөлімшесін шайқаста өте шебер басқарады, өзі ерлік, батырлық және тапқырлық көрсетіп отырады”.

Міне, осы мысалдардың өзі-ақ біздің кейіпкеріміздің қаншалықты мықты майдангер болғандығын көрсетсе керек.

... Айта кетерлік нәрсе, Дүйсенбай Шыныбековтың жауынгерлік жолы Эстонияда басталып, Эстонияда бітіпті.

1944 жылғы 28 шілдеде жау оғынан жантәсілім еткен есіл ерге Нарва ауданына қарайтын Корья деревнясының солтүстік-шығысына қарай бір шақырым жерде орналасқан орманшының үйі маңынан бақилық топырақ бұйырыпты.

«Батырдың басы қайда қалмаған» десеңізші...

 

Амантай Шәріп

Пікірлер