«Болашақпен» оқытатын елдер саны артты

2779
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда «Болашақ» білім беру бағдарламасы аясында студенттерді оқыту ауқымы тағы 4 елге кеңейтілді деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтсақ, олардың қатарына Австрия, Чехия, Ирландия және Оңтүстік Африка кірген. Сондай-ақ тізімге Гонконг (Қытай) қосылды. Осылайша қазақстандықтар «Болашақ» бағдарламасы бойынша 27 елде оқи алады.

Биыл бағдарлама аясында өтінімдерді қабылдау 4 мамыр-27 қазан аралығында өтеді. Бүгінгі таңда қазақстандықтардан 158 өтініш келіп түскен.

Пандемияға қарамастан, Халықаралық бағдарламалар орталығы қазақстандықтар білім ала алатын шетелдік жоғары оқу орындарының санын ұлғайтқан. Егер өткен жылы олардың саны 138 болса, 2021-2023 жылдары 207 жоғары оқу орны қазақстандық азаматтарды оқуға қабылдауға дайын. Бұл ретте жоғары оқу орындарын іріктеу талаптары да күшейтіліп отыр. Мәселен, жоғары оқу орындары үш халықаралық академиялық рейтингке кіруі керек.

Сондай-ақ биыл стипендияларды тағайындау жүйесіне де өзгерістер енгізілуде. Мәселен, биыл маусым айында — 90, тамызда – 170, ал қарашада 125 стипендия бөлінбек. Бұл стипендияны осы кезеңге берілген өтінімдерге сәйкес біркелкі бөлуге мүмкіндік береді.

Айта кету керек, 2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға 1055 стипендия бөлінді. Оның 555-і магистратура, резидентура, докторантура және тағылымдама бөлімдері бойынша бөлінсе, 500 стипендия отандық ғалымдарға арналған.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер