"Көшбасшы болу хақында"

13017
Adyrna.kz Telegram

Уоррен Беннистің «Көшбасшы болу хақында» деген бұл кітапта көшбасшылық қабілеттің дара сипаттары жан-жақты сөз болады, яғни көшбасшыға тән қасиеттердің табиғатына терең талдаулар жасалынып, жекелеген тұлғалардың үлгі-өнегесі һәм жалпы табысқа жетудің қарапайым жолдары қарастырылады.

 

Көшбасшы болғыңыз келсе, боласыз!

Көшбасшылық ілімін қарапайым оқырманға түсінікті ету үшін ғылым жолында жүріп айтулы тұлғаларды зерттеген Уоррен Беннис көшбасшылықтың небір түрін көріп, содан түйген ойын оқырманға жүйелеп жеткізеді. Сондықтан бұл кітап – лидерлердің қалыптасуы, олардың халыққа немесе ұжымға қалай басшылық жасайтыны жөнінде жазылған еңбек.

Жалпы алғанда, Уоррен Беннис көшбасшылардың өзара ұқсастықтарын салыстыра отырып, басқару ісінің табысқа жеткізер басты сипаттарын саралаған.

Сонымен, көшбасшылық теориясының ізашары болып есептелетін ғалым өзінің классикалық еңбегінде қатардағы қызметкерлерді көшбасшылыққа баулитын эволюциялық үдерісті зерттеген. Автордың айтуынша, қарапайым қызметкер болсаңыз, төңірегіңізге көз тастап, өз тәжірибеңіз бен дүниетанымыңызға сүйеніп, селқостықты еңсеріп, бойыңыздағы басқа да қасиеттерді жетілдіре отырып, сіз де жасампаз лидерге айнала аласыз.

Десе де автор көшбасшы болудың оңай емес екенін айтады. «Әйтпегенде екінің бірі көшбасшы болып кетер еді» дейді. Алайда басшылық етуді үйрену талабы бар адамның қолынан келеді, өйткені кез келген менеджердің бойында шынайы көшбасшы болуға қажетті қасиеттерді дамытуға болады.

Әркім көшбасшы бола алады дегеніміз, әрине, әркім көшбасшы болады деген сөз емес. Неге? Себеп: адамдардың көбі енжарлықтың тұтқыны. [1] Оларға өзгеріп, қарым-қабілетін дамытуға жігер жетіспейді. Шын ынталанып, енжарлықты еңсерген жігерлі жандар ғана тұлғалық трансформацияны бастан өткереді. Нағыз көшбасшы болып қалыптасу – eрік-жігердің нақ көрініс берер тұсы. [2] Егер бойыңызда ерік-жігер болса, көшбасшылықтың жолы ашық.

Көшбасшылық – жекелеген дәрістер арқылы бойға қонатын өнер емес, эволюция жемісі. Бұл процестің я басы, я ортасы, я аяғы жоқ, бірақ бір-бірімен біте қайнасқан, рет-ретімен дамытуға болатын дағдылардан тұрады. Айталық, ресми және бейресми білімге деген қажеттілік;[3] жіберілген қателіктерді қайталамау; алған тәжірибені ой елегінен өткізу; тәуекелге бел байлау [4]және қателік жасаудан [5] қорықпау; алда тұрған міндетті меңгеру. [6] Осылардың бәрі де бір-бірімен біте қайнасқан эволюциялық біртұтас процесс.

Түптің-түбінде жақсы көшбасшы болуға ұмтылған адамның талпынысы өз жемісін береді. Адам кім болғысы келсе, сол болады». [7]

Көшбасшыға тән бес қасиет

«Көшбасшының бейнесін» аңызға айналдырудың өзі – барып тұрған аңыз. Көшбасшылардың түр-түсі, пошым-бітімі мен мінез-құлқы әртүрлі болғанымен, оларға мынадай бес қасиет ортақ:

  1. Көшбасшының жол нұсқар бағыт-бағдары [8] болады. Жасампаз басшылар қызметте де, өмірде де не істеу керек екенін, нені қалайтынын анық біледі. Қашып құтылмас құлдыраулар мен сәтсіздіктерге қарамастан, олардың бойында өз мұратына жетердей тегеурінді күш-қайрат бар;
  2. Көшбасшы өзі айналысып жатқан жұмысқа құштар. [9] Көшбасшылар өз ісін жақсы көреді және содан ләззат алады. Өздері құштар іс туралы әңгімелеп, төңірегін қызықтырып отырады;
  3. Көшбасшыға адалдық [10] тән. Адалдықтың үш қыры бар. Алғашқысы – өзін танып-білу. Көшбасшылар өздерінің мықты және осал тұстарын жақсы біледі. Не істеп, не қою керек екенін жанымен түйсінеді. Өздерін ешқашан алдамайды. Сосын – турашылдық,[11] ашық ой мен әділ іске деген адалдық. Соңғысы – жетілу.[12] Көшбасшылар жол нұсқап, бұйрық жаудырудың орнына, өздері жұрттан үйренеді. Іскерлігі мен ізденімпаздығының арқасында айналасындағылармен қоян-қолтық адал да жемісті жұмыс істей жүріп биік мәртебеге ие болады;
  4. Көшбасшы сенім [13] ұялатады. Сенім – көшбасшылықтың құрамдас бөлігі емес, оның тікелей жемісі. Сенім – ешкім де сатып ала алмайтын қасиет. Сенім тек қана еңбек арқылы келеді;
  5. Көшбасшыларды өзгелерден ерекшелейтін қасиет – қызығушылық пен батылдық.[14] Көшбасшылар білім алуға құштар, олар қашанда тәуекелге бел буып, ізденіп, жаңалық ашуға бейіл. Олар кез келген қателіктен жаңа нәрсе үйреніп, ой түйіп, сәтсіздіктен сабақ алады.

Көшбасшыларды аласапыраннан алып шығып,

жетістік жолына түсірер он қағида

Уоррен Беннис аласапыранды артқа тастап, өзгеріс пен белгісіздік жағдайында өркендеу үшін басшылар ескеруге тиіс он қағиданы ұсынады. Бұл принциптерді ХХI ғасыр өткелдерінен сүріндірмей өткізетін көпір десек те болады:

  1. Арманның басшысы болыңыз. [15]Өз ойыңызды өзгелерге жеткізе біліңіз, қызметкерді мұқият таңдаңыз, олардың қызметін бағалап, білімін жетілдіруге көңіл бөліңіз. Сонымен қатар, жағдайға байланысты жұмысты қайта құрылымдап отырыңыз;
  2. Қателіктен қашпаңыз. [16] Қызметкерлер тәуекелге бел буатындай атмосфера қалыптастырыңыз. Сөзіңіз бен ісіңіз арқылы тәуекел жасаудан қорқып, түк істемей, әрекетсіз отырудың өзі ең үлкен қателік екенін түсіндіріңіз;

Қателіктен қорқудың өзі - қателік

  1. Байыпты сынды бағалаңыз. [17] Өз өміріңізде жұбайыңыз болсын, досыңыз болсын, шындықты бетке айтатын жандардың қадірін біліңіз;
  2. Пікірі қайшы адамды қолдаңыз. [18] Арман мен ақиқаттың аражігін ажыратып, қорықпай бетке айта алатын «тура билерді» жаныңызға топтастырыңыз;
  3. Айналаға сенім мен үміттің шуағын шашып жүріңіз, оптимист болыңыз. [19] Бұл – «жұқпалы» қасиеттер. Қарамағыңыздағылар мұны «қағып алып», сізге ұқсап бағатын болады;
  4. Өз адамдарыңыздан үздік нәтиже күтіңіз. [20] Сонда ғана олар өздерінің өрісі мен жасанды шектеулер шекарасынан шығып, сіз де, өздері де таңғалатын табыстарға қол жеткізбек;
  5. Сезім түйсігін дамытыңыз. [21] Сыртқы ортаның бағытын, болашақта мекемеңіз өркендеу үшін қалай өзгеру қажет екенін болжай алатын көрегендік қабілетіңізді жетілдіре түсіңіз;
  6. Алысқа көз тастаңыз. [22] Көкжиекке жиі қараңыз, қысқа мерзімді әрі бір сәттік нәтижені ғана көздейтін ойлау жүйесінің құрсауында қалмаңыз;
  7. Мүдделі тараптарды тең ұстаңыз. [23] Мекемеде өзіндік мүддесі бар ішкі-сыртқы бәсекелес топтардың арасында тепе-теңдікті сақтаңыз;
  8. Стратегиялық одақтастар мен серіктестіктер қалыптастырыңыз. [24] Болашақта біздің мекемемен бірлесе жұмыс істейді-ау деген ұйымдармен байланыс орнатудың құндылығы мен артықшылығын ескеріңіз.

Көшбасшы болу өзіндік танымнан басталады

Көшбасшылықтың бұлжымас алғышарты [25]– бұл өзін танып-білу. [26] Кемел көшбасшылар өздерінің кім екенін жақсы біледі. Олар өз қарым-қабілетін таразылап, соған қарай әрекет етеді.[27] Сондай-ақ өздерінің осал тұстарын мойындап, соны түзетуге тырысады.[28]

Адам өзін танып-білуі үшін ішкі түйсігіне құлақ түріп, «мен осы шын мәнінде кіммін» деген сұрақ төңірегінде толғанып, көбірек оқып-үйреніп, өмір жолын ой елегінен өткізіп отырғаны ғанибет. Өзін-өзі танып-білу мен сол танымды тереңдете түсу – өмірлік процесс.[29]

Өзіңді танып-білу батылдық пен шешімталдықты [30] қажет етеді. Сіз кімсіз және кім болғыңыз келеді? Ал айналаңыз сізді кім деп және кім болады деп ойлайды? Ең алдымен, осы екі сұрақтың аражігін ажыратып алуға тиіссіз. Балиғат жасқа толғанға [31] дейін жақындар, достар, мектептегі ұстаздар, жалпы қоғам сөзбен де, іспен де бізге кім болатынымызды құлаққа құяды. Ал, шындығында, адамдар кім болатынын өздері шешкен сәттен бастап, көшбасшы бола бастайды.

Базбіреулер өзіне-өзі жақпаған соң немесе істеп жүрген шаруалары көңілдерінен шықпаған соң ғана өзін-өзі тануға талпынып, өзін-өзі іздеуге кіріседі. Өзіндік танымға не себеп болса да, өзіндік таным адамның өзін де, ісін де өзгертеді. Ал ісіңіз өзгермесе, нәтиже де өзгермейді.

Өзін-өзі тануда мықты лидерлер мынадай төрт тағылымды басшылыққа алады екен:

  1. Ішкі түйсігіңізді тыңдаңыз. [32] Ішкі түйсігіңізге құлақ түрмеу – өз қабілетіңіз жоғары бола тұра азға қанағат етумен тең. Зерек қызметкерлер өз қабілетін толық пайдаланбай жүргенін тез аңғарады. Олар жаңаны білмектің тығырықтан шығар жол екенін біледі.
  2. Өз болмысыңыздың жауапкершілігін өз қолыңызға алыңыз.[33] Өзіңізді танып-білудегі басты кедергілер – теріске шығару[34] мен кінәлау.[35] Сондықтан ешкімге кінә тақпаңыз. Өз өміріңіздің жауапкершілігін өз қолыңызға алу деген – жетістіктер мен сәтсіздіктеріңіз үшін де өзіңіз жауапты болу. Ал егер бір мәселеге қатысты біліміңіз жетпей жатса, барыңыз да оқып алыңыз. Ал егер тәжірибеңіз жетпей жатса, ізденіп, үйреніп алу өз қолыңызда.
  3. Көпшілікке қарағанда тереңірек білім алыңыз.[36] Өзін танып-білудің бұл қағидасы құр оқи беру мен бір пәнді жете меңгеруден ауқымды. Бұл – әлемнің қандай екенін және қандай болуы мүмкін екенін көре білу, көргенді түсініп, сол түсінікке сүйеніп әрекет ету. Сондықтан оқығанда құрғақ ақпаратты есте сақтаумен шектелмеген жөн.
  4. Дұрыс түсінік тәжірибені саралағаннан туады. Академиялық ереже бойынша түсіну үш деңгейден тұрады. Бірінші деңгейде – өзіңіз үйренесіз. Келесі деңгейде – өзгеге үйретесіз. Соңғы әрі жоғарғы деңгейде пән жайында өзіңізше ой қорытып, еңбек жазасыз. Әр қадам сайын түсіну де тереңдей түседі.

Көшбасшы өзін қалай таныса, мына әлемді де солай тануы тиіс

Қазіргі таңда күллі әлем уыстан шығып кеткендей. Бүгінгі ұрпақ бастан кешіп  жатқан  түбегейлі  өзгерістер  барлық  саланы  да шарпып өткен. Ойын ережесі ғана емес, ойынның өзі де түбірімен өзгеріп сала берді. Сондықтан көшбасшылық сырына қанықпас бұрын әуелі өзіміз өмір сүріп отырған осынау жаңа да «тосын» әлемді толық танып алуға тиіспіз. Өйтпеген жағдайда, басшылық жасау былай тұрсын, соның ықпалына түсіп, ырқынан шыға алмай қалуымыз әбден ықтимал.

Сондықтан нағыз көшбасшылар өздерін тануға қаншалықты құштар болса, әлемді тануға да соншалық жан-тәнімен құмартады.[37] Дүние туралы ілім [38] өмірлік тәжірибемен келеді. Сапарларға шығу арқылы, баянды өмір арқылы, ұстаздармен және өз ортаңызбен тығыз байланыс орнату арқылы, сондай-ақ үздіксіз білім алу арқылы әлемді тани аласыз.

Әлем тануда оқу орындары беретін біліммен шектелмеген жөн. Көптеген университет адам болуды емес, ақша табуды көбірек күйттейтін «тармаңдай» мамандар [39] тобырын түлетуден әрі аса алмай жатыр. Оларға не істеу керек екенін оқытады, ал қандай адам болу қажеттігін үйретпейді. Сондықтан бухгалтерлік есеп, маркетинг немесе компьютерлік бағдарламалау курстарына қарағанда, философия, тарих пен әдебиет дәрістері – даму мен шабыттанудың қайнар көзі.

Әлем тануға деген талпыныс – тіршілікті әр қырынан көруге деген ізденіс. Алайда мемлекеттік ұйымдар мен жекеменшік компаниялар, жалпы, тұтас қоғам халықтың әдепкі тұрмыста, саясат пен идеологияда да белгіленген шеңберден шықпағанын қалайды. Әрине, бұл жаңалық емес. Жетістікке жеткен адамдардың қатарында ағысқа қарсы жүзгендер емес, бейімделгіш жолбикелердің көп екенін өзіңіз де көріп жүрген боларсыз.

Әлемді тануға белгілі бір деңгейде тәуекел де керек. Нағыз көшбасшы қателікті даму мен прогрестің баламасы санайды. Олар қателікке сирек ұрынатын адамдардың көп жағдайда тәуекелге бармайтынын, өз бетінше шешім қабылдамайтынын жақсы біледі. Өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын ондай сақ қызметкерлердің жұмысы да ортаңқол болмақ.

Ширли Хафстедлер деген белгілі заңгер: «Егер әлі күнге дейін сәтсіздікке ұшырап көрмесеңіз, демек, жұмысқа әлі барыңызды салмағансыз», – деген екен.

Қателеспейтін жан жоқ, дегенмен қателіктер де сіздің өсіп-өркендеуіңіз бен дамуыңызға септігін тигізеді.

Көшбасшылар түйсікке жүгінеді

Өмірді қарапайым етеміз деп жүріп, оның көпқырлылығын бірер сөзден тұратын тақ-тұқ қағида деңгейіне түсіріп, қарабайландырып жіберуге тынымсыз тырысамыз.  [40] Қарапайымдылықты [41] жақтаушылар шындықты [42] құдды бір сыр-жұмбақсыз, бөлшектенетін, қолға ұстайтын зат секілді көреді. Ал шын мәнінде, шындық дегеніміз – табиғи, тұтас әрі қалыпқа сыймайтын құбылыс.

Көрнекті көшбасшылар логикалық һәм аналитикалық қабілетпен қатар, түйсік пен концептуалды дағдыларға да арқа сүйейді. Басшыларға басқарушылық қабілетке қоса, шығармашылық қарым да қажет. Өкінішке қарай, компания басшыларының ілуде бірі ғана қабілетті менеджерден нағыз көшбасшыға айнала алады. Себебі корпоративтік мәдениет, тіпті тұтас қоғам, тек сандық, дәстүрлі табыстарды, яғни мидың сол жақ жарты шарына тән жетістіктерді [43] ғана байқайды, соларды ғана бағалайды. Осындай жетістіктерге қол жеткізген адамдар ғана қызметте өседі. [44] Ал жаңа дүниелер мидың оң жақ жарты шарына тән жетістіктер, [45] олар әдетте елеусіз қалады. Сондықтан да креативке, шығармашылыққа бір табан жақын жандар қызметкерді өсірерде ескерусіз қалады.

Жазушы, продюсер, бас директор Норман Лир болашақ көшбасшыларға ішкі түйсікке құлақ асу керектігін айтады. «... Біз өз ой-пікірімізден бас тартсақ, сол ойлар біраз уақыт өткен соң басқа бір адамдардың аузымен айтылып жатқанын естиміз. Сондықтан бабымда тұрған кезімде ішкі түйсігімнің айтқанына ердім», – дейді ол. Сондықтан «Жұрт мынаның есі дұрыс емес шығар деп айтады ғой» деп ойыңызды бүгіп қалмаңыз. «Қоғам қабылдамайды-ау» деп үнсіз қалмаңыз.

Көшбасшылар жарыққа шығарда жасар төрт қадам

Енді ғана көрініп келе жатқан көшбасшылар алдарына нақты әрі айқын мақсат қоюы тиіс. Нақтыланбаған мақсаттан пайда жоқ. Көшбасшылардың жаңа толқын өкілі болсаңыз, жарыққа шығу үшін, өз-өзіңізді көрсету үшін мынадай төрт қадам жасауға тиіссіз.

  1. Не қалайтыныңызды және қолыңыздан не келетінін анықтап алыңыз. Қалауыңыз бен қабілетіңіздің арасында қандай айырмашылық бар? Мұны таразылап алу аса қиын емес. Бәріміз де  өмір  бойы  өз қалауымыз бен қабілетімізді ұштастыруға [46] тиіспіз, кейде белгілі бір деңгейде ымыраға келуге тура келеді. Мәселен, аласа бойлы спортшылар тренер болуға көнеді, дауысы шамалы әншілер ән жазып кетеді дегендей.
  2. Қандай жұмыстан рақат алатыныңызды анықтап алыңыз. Қалайда жетістікке жетуді [47] көздеген басшылардың көбі – өмірден өз орнын таппаған, шектеулі жандар. [48] Абыройды бәйгеге тікпей-ақ, жетістікке жетіп, рақатқа бөленуге әбден болады. Бірақ ол үшін не қалайтыныңызды және сол қалауыңыздың тек маңдай термен келетінін таразылайтындай бойыңызда даналық пен адалдық болуы тиіс.
  3. Жеке басыңыз бен өзіңіз істейтін мекеме үшін не құнды, не маңызды екенін анықтап алып, оларды салыстырыңыз. Құндылықтар арасында айырмашылық бар ма? Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, алдымен өзіңіз де, мекемеңіз де қаншалықты икемді, сол жағын мұқият зерделеп алыңыз. Корпоративтік мәдениеті қатаң кейбір мекемелер компанияның ұстанымына сөзсіз бойсұнуды талап етеді, [49] ал кейбір мекемелер еркін және бейімделгіш. [50] Өзіңіз бен мекеменің қаншалықты икемді екенін зерделеп алған соң, өзіңізді көрсеткіңіз келіп жүрген орта қолайлы ма, сізді қабылдай ма, жоқ па, әлде құндылығы мен приоритеттері жаныңызға жақын басқа мекемеден жұмыс табу керек пе, соны шешіп алғаныңыз жөн.
  4. Алғашқы үш қадамнан соң, өзіңізге сұрақ қойыңыз: Алдыңыздан шығар кедергілерге төтеп бере аласыз ба, жалпы, соған дайынсыз ба? Бұл тұста өз мүмкіндігіңізді қарқынды тексеру [51] мен саралауды қажет етеді. Өзіңізді көрсету жолындағы кедергілерді еңсеруге [52]дайынсыз ба, осыны түсінген жөн. Бұл шешім қазіргі бағытыңызбен жүре бересіз бе, әлде басқа салаға немесе басқа мекемеге ауысасыз ба, соған әсер етеді.

Көшбасшылар үшін аласапыран арасындағы арпалыс қалыпты жағдай

Креатив көшбасшылық орталығының мінез-құлықты зерттейтін ғалымдары Майкл Ломбардо мен Морган МакКоллдың айтуынша, көшбасшының өмірінде бақ та, сор да кездейсоқ әрі жиі кездесіп тұрады. Себебі мәртебе мен лауазым көшбасшыларды тартымды «нысанаға» айналдырады. Ұжым ішінде де, сыртында да көшбасшылыққа ұмтылғандардың санын көбейтеді. Оған қоса, дүниенің тұтқасын ұстап тұрған кезде елдің бәрі сізге қаруын кезеніп жүргендей көрінеді.

Қызметте өсудің, басшы болудың қалыптасқан белгілі бір тәртібі жоқ. Қызмет баспалдағында топ-менеджерлер сәтсіздіктер, қызметтен төмендеп қалу, мекемелерді мәжбүрлеп біріктіру мен жұтылу, қайта құру және кеңсе ойындары сияқты небір қитұрқы қиындықтармен бетпе-бет келеді. Мұндай кедергілер көшбасшы өмірінің ажырамас бөлігі саналады. Сіз мұндай өткелден өтіп қана қоймай, әр кедергіден сабақ алып, жаңаны үйреніп, түлеп отыруға тиіссіз.

Көшбасшыларға аласапыранның ортасында, болжап болмайтын жағдайда [53]жұмыс істеуге тура келеді. Сондықтан көшбасшылар үнемі өзгеріс үстінде болғаны жөн. Себебі көшбасшылық өмірдегі ешқашан өзгермейтін бір құбылыс – бұл үздіксіз өзгеріс.[54] Өзгеріссіз көшбасшының еңбегі еш, тұзы сор, яғни күні қараң деген сөз. Сол себепті дамылсыз қозғалыс пен үздіксіз өзгеріске толы ортаға бейімделу мен кездейсоқ жағдайларға икемделуге [55] тура келеді. Осындай қарбаластарда қабілетіңіз шыңдалады, қиын сынақтардан неғұрлым көбірек өтсеңіз, соғұрлым жақсы басшы боласыз. Кез келген процестің ажырамас бөлігі саналатын сәтсіздіктердің [56]өзі адамды есейтетін сындарлы тәжірибе болып есептеледі.

Өзгеріске бейімделу үшін көшбасшылар жұмыс үстінде арпалысып жүріп үйренуге тиіс. Оны қалыпты жағдай деп қабылдау қажет. Нақтырақ айтқанда, олар тосын сынақтан, жүйеленбеген жұмыстан, бұрын-соңды істеп көрмеген істен үйренеді.

Нағыз көшбасшылардың көбі міне осындай небір күрделі сынақтарды бастан өткерген. Бастан өткен әр сынақ жақсы көшбасшы болуға біртабан жақындата түсуі ықтимал.

Эрнест Хемингуэй айтқандай, әлем бізді талқандап тастайды, ал біз үйінділердің арасынан күшейіп қайта тұрамыз. Бұл сөз көшбасшыларға да қатысты. Құласа да сілкініп, қайта тұра алатын адамдар ғана өз бағдарына берік болып, өз мұратына жетеді.

 

Сенімге ие болу үшін көшбасшыға төрт қасиет қажет

Басшылардың жетістігі қарамағындағылардың [57] жетістігімен өлшенеді. Мақсатқа берік болып, адалдық танытып, жұрт арқа сүйейтін азамат болғанда ғана сіз қарамағыңыздағылардың сеніміне ие боласыз. [58] Ал баз біреулер сенім тудыру үшін харизма керек деп ойлайды. Шын мәнінде, көшбасшы болу үшін бойыңызда харизманың болуы міндет емес. Көшбасшылардың көбінің харизмасы жоқ болғанына қарамастан, өзгелердің сеніміне ие болып, айналасындағылардың ықыласына бөленіп, сол арқылы мақсаттарына жетіп жүр.

Сонымен қатар, сенім тудыру үшін кейбір көшбасшылар эмпатияға [59]көп көңіл бөледі. Көптеген лидер бұл қасиеттің жоқтығына қарамастан жетістікке жетеді. Әрине, ондай қасиетке ие адамдар төңірегінен көбірек қолдау көрмек.

Эмпатиямен қатар іскер көшбасшылар өзі бет алған бағыт-бағдарды бетке ұстауды насихаттап, жұрт қолдаған жағдайда барлығы да олжалы болатынына ұжымды сендіреді.

Lucky  Stores-дың  басшысы  Дон  Ричи  былай  ой  түйеді: «Көшбасшы ең бастысы, адамдарды шамадан тыс жұмыс істеуге мәжбүрлей алмайтындығын ескергені жөн. Олар өздері құлшынуға тиіс. Десе де, менің ойымша, көп жағдайда адамдар өз басшысын құрметтесе әрі оның компанияны өркендететіндей мүмкіндігі бар деп сенсе ғана ұжымда құлшыныс пайда болады».

Демек, өз ынтасымен көшбасшыға ілесушілер оған сенуі тиіс, алайда сенімге бұйрық жүрмейді.[60] Егер сіз көшбасшы ретінде келесі төрт қасиетті бойыңызға ұялата алсаңыз, қарамағыңыздағылардың сеніміне ие боласыз:

Бірінші қасиет – тұрақтылық.[61] Бағытыңыздан ауытқымай, бағдарыңызға берік болыңыз;

Екінші қасиет – сәйкестік.[62] Құндылықтарыңыз, теорияларыңыз бен нанымдарыңыз әр сөзіңізден көрініс тауып, оларды іс-әрекетіңізбен дәлелдеп отырыңыз;

Үшінші қасиет – сенімділік.[63] Қызметтес адамдарды қажетті сәтте қолдай біліңіз. Маңызды сәттерде қасынан табылыңыз;

Төртінші қасиет – адалдық.[64] Мойныңызға алған міндеттер мен берген уәдені орындаңыз. Сөзіңіз ісіңізге кепіл болсын.

Түптеп келгенде, қызметтестеріңіздің қолдауы мен құрметіне ие болу-болмауыңыз – өз болмысыңызды қаншалықты жақсы білетініңізге, қасыңыздағы адамдардың мұқтаждығын қаншалық жақсы түсінетініңізге және жоғарыда жазылған қағидалы төрт қасиет арқылы олардың сеніміне ие болуыңызға тікелей байланысты.

Көшбасшыларды қалыптастыру мекемелер міндеті

Технологиялар, ғаламдық өзара тәуелділік, [65] бірігу мен жұтылу, [66] нарықты ырықтандыру, демографиялық көрсеткіштер мен құндылықтардың өзгеруі бүгінде бизнесті жүргізу тәсілін түбегейлі өзгертіп жіберді. Тек өзгеру арқылы ғана мекемелер ғаламдық бәсекелестік ортада [67] дұрыс жолға түсе алмақ.

Ал өзгерістің басы адамдарды бағалаудан басталмақ. Қызметкерлер – мекеменің басты құндылығы, дегенмен басшылар оларды көбіне актив ретінде емес, міндеттеме [68]ретінде қабылдайды. Мұндай ескі көзқарас мекеменің басты ресурсын – мекемені өзгерту үшін қолдануға кедергі жасайды.

Тек санаулы ғана мекемелер «адам күшін» [69] бағалай бастады. Көбі кері бағытты ұстанып, қызметкерлердің мекемеге деген ниетіне немқұрайды қарап, қамқор болудың орнына қысқартып, [70] бар күштерін тек нәтижеге жұмылдырады.

Сондықтан мекеме басшылары қызметкерлердің білім алып, көшбасшы боларлықтай тәжірибе жинақтауына жағдай жасауы тиіс. Себебі менеджерлерді жұмыста алған тәжірибесі көшбасшы етеді. Қызметкерлерге жұмыс істеу арқылы үйренуге мүмкіндік берген [71] жөн. Ол үшін қалыпты жағдайда өзгеріске жол ашатын, шарасыз қателіктерге төзетін [72]орта керек. Үйрену мен өсу кезінде адамдар, әдетте, өз шеңберінен шығып кетіп отырады.

«Мүмкіндік беру» дегеніміз қызметкерлерге басшылық етуге, басшылық қызметте өз-өзін сынап көруге жол ашу деген сөз. Мұндай мүмкіндіктерге мыналар жатады: департаменттер мен бөлімшелер арасындағы кадр алмасу, қызметкерлердің желілік алмасуы, арнайы жобаларға жұмсау, нысаналы топтардың міндеттері мен ақауларды анықтап, түзету жауапкершілігін жүктеу, сондай-ақ филиалдарға қызметке жолдау.

Көптеген компания осындай стандартты тәсілдерді сәтті қолданып жүрсе, өзгелері шеңберден шығып, жас басшыларға венчур капитал негізінде жаңа компаниялар құруға, тиімділігі төмен шағын еншілес кәсіпорынды басқаруға, [73] қиын жағдайға тап болған бөлімшелерді сатудың орнына, жас басшыларды тығырықтан шығар жол іздеуге мүмкіндік береді.

Көшбасшының жолы қиқалаң

Көшбасшының қалыптасуы – өмір бойғы қым-қиғаш ізденіс сапары. [74] Беннистің сөзіне сүйенсек, нағыз көшбасшы болу үшін басшылық жасайтын ортаның жай-жапсарын егжей-тегжейлі меңгеріп, көшбасшылықтың негізгі қағидаларын үйреніп, оны істе қолданып, өзіңіздің шынайы болмысыңызға етене жақындап, айтулы өмірлік оқиғаларды ой елегінен өткізіп саралап, өмір сүріп жүрген әлемінің шекарасын белгілеу керек.

Көшбасшылар ішкі түйсігі мен дағдыларына жиі сүйенеді, бұл дегеніміз – өз түйсігіңізге сену һәм сол сенімді түрлі жұмыс жағдайында ескеріп отыруды дағдыға айналдыру деген сөз. Ондайда таптаурын жолмен жүре бермей, жаңа соқпақтарды іздегеніңіз жөн.

Қатардағы қызметкердің көшбасшыға айналуы – айрықша құбылыс. Өз қалауыңызды, қабілетіңізді, амбицияңызды, оң тәжірибеңізді, сондай-ақ жеке және корпоративтік құндылықтар мен приоритеттеріңізді айқындау арқылы шынайы болмысыңызды барынша жарқыратып көрсете аласыз. Осындай білік-біліммен қаруланған шын парасат иесі ғана өзін де, айналасындағы жағдайды да түбегейлі өзгертуге қауқарлы. Ал егер корпоративтік мәдениет олардың ұстанымына қайшы келіп жатса, көшбасшылар еңбек орнын, тіпті өзінің кәсіби саласын өзгертуден тайсалмайды.

Осыдан аз уақыт бұрын кісі сөзі бұлжымас шарт [75]болып саналатын. Ол кезде дініне берік адамдар сөзді серт деп ұстап, айтқанынан таймайтын. Егер жоғары лауазымдағылар өтірік айтса, алаяқтық жасаса, олар қызметімен қоштасып, тірі өлікке айналатын. Ал бүгіндері, өкінішке қарай, адамдар өтірік айтудан ұялмайды. Керісінше, өтірігім мен алаяқтығым әшкере болып қалмаса екен деп алаңдайды. Айғағыңыз қанша жерден дәлелді болса да, өркөкіректік пен арсыздық [76] ар мен ұятты [77] белден баса салады. Ашкөздік, [78] жалтақтық пен ой-өрістің тарлығы сияқты жағымсыз қасиеттер – қазіргі қаптаған сұрқай басшысымақтарға, псевдолидерлер тобына тән құбылыс. Бізге мұндай пасық өлшемдерден жоғары болатын лидерлер аса қажет.

Егер көшбасшы болуды армандаған болсаңыз, кітап авторының айтуынша, дәл қазір сол арманды ақиқатқа айналдыруға [79] талпыныс жасайтын сәт туды деп есептеңіз.  Себебі адамның өмір сапасы [80] көшбасшылар сапасына тікелей байланысты. Болашақ  бүгінгі көшбасшылар қалдырар мұраға [81] зәру, алайда бұл сынаққа төтеп берер адамдардың саны тым аз. Соның бірі сіз болуыңыз мүмкін. Көшбасшылыққа ұмтылып, бағыңызды сынап көріңіз.

Біздің өмір сапамыз көшбасшыларымыздың сапасына тікелей байланысты.

 

Ағылшын тіліндегі сөздік: 

[1] енжарлықтың тұтқыны – prisoners of their own inertia – заложники собственной инертности

[2] ерік-жігердің нақ көрініс берер тұсы – ultimate act of free will – высшее проявление свободной воли

[3] қажеттілік – need – потребность

[4] тәуекелге бел байлау – take risks – рисковать

[5] қателік жасау – make mistakes – совершать ошибки

[6] алда тұрған міндетті меңгеру – master the task at hand – решать возникающие задачи

[7] адам кім болғысы келсе, сол болады – people become what they seek to be – люди становятся теми, кем они стремятся стать

[8] жол нұсқар бағыт-бағдар – guiding vision – стратегическое видение

[9] құштарлық – passion – страсть

[10] адалдық – integrity – честность

[11] турашылдық – candor – откровенность

[12] жетілу – maturity – зрелость

[13] сенім – trust – доверие

[14] қызығушылық пен батылдық – curiosity and daring – любопытство и отвага

[15] өз арманыңызды басқара білу – manage the dream – управлять мечтой

[16] қателіктен қашпау – embrace error – приветствовать ошибки

[17] байыпты сынды бағалау – encourage reflective back talk – поощрять конструктивную критику

[18] пікірі қайшы адамды қолдау – encourage dissent – поощрять инакомыслие

[19] айналаға сенім мен үміттің шуағын шашып жүру, оптимист болу – display optimism, faith, and hope – демонстрировать оптимизм, веру и надежду

[20] өз адамдарыңыздан үздік нәтиже күту – expect the best from your people – ожидать лучшего от своих людей

[21] сезім түйсігін дамыту – develop a sense of «touch» – развивать чувство «осязания»

[22] алысқа көз тастау – take the long view – проявлять дальновидность

[23] мүдделі тараптарды тең ұстау – maintain stakeholder symmetry – сохранять баланс заинтересованных сторон

[24] стратегиялық одақтастар мен серіктестіктер қалыптастыру – create strategic alliances and partnerships – создавать стратегические альянсы и партнерства

[25] алғышарт – prerequisite – предварительное условие

[26] өзін танып-білу – self-knowledge – самопознание

[27] қарым-қабілетін таразылап, соған қарай әрекет ету – recognize and exercise their strengths– учитывать и использовать свои слабые стороны

[28] өздерінің осал тұстарын мойындап, соны түзетуге тырысу – acknowledge and com-pensate for their weaknesses – осознавать и компенсировать свои слабые стороны

[29] өмірлік процесс – lifetime process – процесс длиною в жизнь

[30] батылдық пен шешімталдық – courage and determination – мужество и решительность

[31] балиғат жасқа толу – reach puberty – достижение половой зрелости

[32] ішкі түйсігіңізді тыңдау – listen to your inner self – прислушивайтесь к внутреннему я

[33] өз болмысыңыздың жауапкершілігін өз қолыңызға алу – accept responsibility for what you are – возьмите на себя ответственность за то, кем вы являетесь

[34] теріске шығару – denial – отрицание

[35] кінәлау – blame – обвинение

[36] тереңірек білім алу – learn at a deeper level – изучать на более глубоком уровне

[37] жан-тәнімен құмарту – be obsessed with – быть чем то одержимым

[38] дүние туралы ілім – world-knowledge – знания о мире

[39] «тармаңдай» мамандар – narrow-minded specialists – узколобые специалисты

[40] тынымсыз тырысу – doggedly attempt – настойчиво пытаться

[41] қарапайымдылық – simplicity – упрощение, простота

[42] шындық – reality – реальность

[43] мидың сол жақ жарты шарына тән жетістік – left-brain achievements – достижения, свойственные левому полушарию мозга

[44] қызметте өсу – get the promotions – продвигаться по службе

[45] мидың оң жақ жарты шарына тән жетістік – right-brain accomplishments – достижения, свойственные правому полушарию мозга

[46] қалауымыз бен қабілетімізді ұштастыру – reconcile wants with capabilities – согласовывать потребности с возможностями

[47] қалайда жетістікке жету – succeed at all costs – добиться успеха любой ценой

[48] өмірден өз орнын таппаған, шектеулі жандар – unfulfilled, one-dimensional people – ограниченные люди

[49] сөзсіз бойсұнуды талап ету – demand absolute obedience – требовать абсолютного подчинения

[50] еркін және бейімделгіш – laid-back and adaptable – непринужденный и адаптивный

[51] өз мүмкіндігіңді қарқынды тексеру – intense introspection – интенсивный самоанализ

[52] кедергілерді еңсеру – tackle the obstacles – преодолевать препятствия

[53] болжап болмайтын жағдай – unpredictable environments – непредсказуемая обстановка

[54] өзгеріс – change – изменение, перемена

[55] кездейсоқ жағдайларға икемделу – adjusting to serendipity – приспособливание к неожиданной случайности

[56] сәтсіздіктер – adversity – неудачи

[57] қарамағындағылар – subordinates – подчиненные

[58] сенімге ие болу – earn the trust of – заслужить доверие

[59] эмпатия – empathy – эмпатия

[60] сенімге бұйрық жүрмейді – trust cannot be mandated – доверие не может быть предписанным

[61] тұрақтылық – constancy – постоянство

[62] сәйкестік – congruity – последовательность

[63] сенімділік – reliability – надежность

[64] адалдық – integrity – честность

[65] ғаламдық өзара тәуелділік – global interdependence – глобальная взаимозависимость

[66] бірігу мен жұтылу – mergers and acquisitions – слияния и поглощения

[67] ғаламдық бәсекелестік орта – globally competitive environment – условия глобальной конкуренции

[68] міндеттеме – liabilities – обязательства

[69] адам күші – people power – человеческий ресурс

[70] қамқор болудың орнына қысқарту – pruning rather than nurturing – сокращая, а не заботясь

[71] мүмкіндік беру – offer opportunities – предложение возможностей

[72] шарасыз қателіктерге төзу – tolerate the inevitable mistakes – допускать неизбежные ошибки

[73] тиімділігі төмен шағын еншілес кәсіпорынды басқару – operate smaller, low-margin subsidiaries – управлять небольшими низкорентабельными дочерними компаниями

[74] өмір бойғы қым-қиғаш ізденіс сапары – lifelong adventure of discovery – дорога длиною в жизнь, полная приключений и открытий

[75] бұлжымас шарт – binding contract – договор, обладающий обязательной силой

[76] өркөкіректік пен арсыздық – arrogance and bald-faced denials – высокомерие и наглое отрицание

[77] ар мен ұят – shame and embarrassment – стыд и смущение

[78] ашкөздік – greed – жадность

[79] арманды ақиқатқа айналдыру – make dreams reality – воплотить мечты в реальность

[80] өмір сапасы – quality of life – качество жизни

[81] мұра – legacy – наследие

 Кітаптың ағылшын тіліндегі атауы:

On becoming a leader

Warren Bennis

Автор туралы дерек: 

Уоррен Беннис көшбасшылық туралы заманауи зерттеулердің негізін салушы ғалым ретінде кеңінен танымал. Wall Street Journal оны менеджмент майталмандарының озық ондығына қосты. Ал Forbes журналы оны «көшбасшылықтың бас ұстазы» атаса, Financial Times баспасы Уоррен Беннисті «көшбасшылық теориясын толыққанды ғылыми сала дәрежесіне көтерген ғалым» деп бағалады.

 

"Мазмұндама" жобасының авторы және рухани жетекшісі -

Шыңғыс МҰҚАН.

"Мазмұндама" жобасы шығарған кітаптарды Kaspi gold мобильдік қосымшасы арқылы сатып алуға болады: 

 

"Мазмұндама" кітаптары енді Kaspi.kz дүкенінде қолжетімді!

Ол үшін сілтемені басыңыз: 

https://kaspi.kz/shop/search/?q=%3AallMerchants%3AMazmyndama&at=2

Қазақстанның кез-келген жерінен тапсырыс беруге болады!

Кітаптарды бөліп те төлей аласыз!

Егерде 5 000 теңгеге тапсырыс берсеңіз, кітапты жеткізу тегін!

#Mazmundama #Qazaqsha100Bestseller #Оқуғатиіс10кітап

 

Пікірлер