Әлем мемлекеттерінің ерекше дизайндағы байрақтары

276
фото ашық ақпарат көзінен алынды
фото ашық ақпарат көзінен алынды

Байрақ-белгілі бір мемлекет туралы алғашқы түсінікті қалыптастырушы бірден бір белгі екендігі баршамызға аян. Көк бөрінің рухынан қуат алған түркі тайпаларының, Европада өркениеттің өрнектерін орнатқан Рим империясының, тіпті одан әріде біз біле бермейтін көптеген одақтар  мен мемлекеттердің өзіне тән мемлекеттік туы болған. Күні кеше тойланған Мемлекеттік рәміздер күнінің аясында бүгін сіздерге ерекше дизайндағы әлем мемлекеттерінің байрақтарына тоқтаып өтпекпіз. Бұл байрақтар тек белгілі бір түстердің үйлесімі емес, тұтас бір елдің мәдениеті мен руханиятының белгісі екендігін ескеріп, олардың сырына бірге қанық болып көрейік.

Бутан

Бутан мемлекетінің туы ресми түрде 1972 жылы бекітілген. Байрақтың сары түсті бөлігі “билік, билеуші” мағынасын береді. Және де бутандық шенеуніктер ұлттық костюмдеріне сары түстегі жібек шарфтар байлаған. Ал тудың екінші бөлігі ғибадатхана қызметкерлеріне арналған. Байқасаңыздар екі түс туды теңдей бөліп тұр, бұл ел ішіндегі екі мәдениеттің тең құқықта біте қайнасып жатыр деген мағынаны береді. Айдаһарға келер болсақ, халықтың ұлттық символы дәл осы мифтік жануар болып табылады. Ақ түсті айдаһар әділдіктің, даналықтың символы болып есептеледі және Бутан сөзінің мағынасы өз тілдерінде «Айдаһар мекені» деген мағынаны береді. Айдаһардың уысындағы асыл тастар - мемлекеттің, халықтың байлығы деген мағынада қолданылған.

Папуа-Жаңа Гвинея

Ресми түрде 1971 жылы бекітілген бұл байрақты он бес жасар оқушы қыз Сьюзен Харехо Карике ойлап тапқан. Түстер мен суреттер мемлекеттің колониалдық өткен шағынан сыр ақтарады. Екі ғасыр бойына Германия және Австралия секілді қос алпауыт мемлекеттің боданы ретінде күн кешкендіктен байрақ та екі түске бірдей бөлінген. Тудың қызыл түсті бөлігінде тек қана Папуа-Жаңа Гвинея көгінде қалықтайтын «Жұмақ құсы» аталатын құс суреті бейнеленсе, қара түсті бөлігінде «Крест жұлдызы» атты жұлдыздар шоғыры көрсетілген. Жұлдыздар шоғыры оңтүстік жарты шарда мекен ететін мемлекеттердің құрметіне қойылған.

Камбоджа

Мемлекет байрағы ресми түрде 1948 жылы бекітілген. Басты ерекшелік ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұраларының қатарына кіретін Ангкор-Ват ғибадатханасының көрініс табуы. Ескере кетер жайт, бұл ғибадатхана әлемнің төрт мемлекетінің байрағында бейнелеген. Бұл қатарға Камбоджадан бөлек Португалия, Испания және Ауғанстан елдері кіреді. Қызыл және көк түстер Камбоджа халқының ұлттық түстері болып саналады. Көк түс - билеушілер түсі, халықтың бірлігі, бостандық, мұра боп қалған дәстүрлер мағынасын берсе, қызыл түс - халық түсі, батырлық деген мағына береді. Ғибадатхана төбесіндегі үш бірдей күмбез, билеуші, дін, халық деген түсініктерді қалыптастырады.

Шри-Ланка

Ресми түрде Шри-Ланка байрағы 1978 жылы бекітілген. Көзімізге бірінші түсетін арыстан бейнесі Шри-Ланканың жергілікті халқы сингальдықтардың құрметіне салынған. Бұдан бөлек дәл осы қару ұстаған арыстан мемлекет аумағында XV-XIX ғасырлар аралығында өмір сүрген Канди мемлекетінің ұлттық елтаңбасы болған. Арыстанның қолындағы қылыш ұлттық тәуелсіздік мағынасын берсе, құйрығы будда ілімінің сегіз түрлі жолына арналып бейнеленген. Бұдан бөлек байрақтың жасыл және сарғыш түстері сол елді мекендейтін мұсылман мен иудей қауымдарына құрмет мағынасын білдіреді. Байрақтың толық мағынасы кез-келген адам дініне қарамастан мемлекеттің бір бөлігі бола алады.

Гренландия

Гренландия автономиялық облысының байрағы ресми түрде 1985 жылы қолданысқа енді. Байрақтың екі бірдей мағынасы бар, Гренландия халқы өз байрақтарын кейде «Біздің байрақ» деп атаса, кей уақыттарда «Қызыл түс» деп айдар тағады. Арал Дания мемлекетінің құрамында болғандығына байланысты қызыл және ақ түстермен бейнеленген. Ту ішіндегі ақ жолақтар аралдың 80% аумағын алып жатқан мұздықтар мағынасын береді. Ал қызыл түс-мұхит мағынасында қолданылады.

Мозамбик

Мозамбик елінің байрағы 1983 жылы ресми түрде бекітілді және қазіргі уақытта белгілі бір қару үлгісі бейнеленген әлемдегі жалғыз байрақ болып саналады. Байрақтың орта тұсында Калашников автоматының суреті бар. Автомат елдің қорғанысы, сақтық деген мағынаны береді.

Туда бейнеленген бес түрлі түстің өзіндік мағыналары бар: қызыл түс - тәуелсіздік үшін болған соғыс, жасыл және сары - байлық, қара - африка құрлығы, ақ түс - әділдік пен бейбітшілік мағыналарын береді.

Кітап елдің дамуы үшін білімнің өзектілігін көрсетсе, орақ еңбек пен өндірістің маңыздылығы ретінде көрініс тапқан. Жұлдыз - ел халықтарының біртұтастығының белгісі.  Бір қызығы 2005 жылы Мозамбик мемлекеті жаңа байрақ жасап шығару үшін байқау жариялаған. Жеңімпаздың анықталғандығына қарамастан ел байрағы әлі күнге дейін өзгеріске ұшырамады.

Непал

Непал мемлекетінің туы әлемдегі төртбұрышты емес формадағы жалғыз байрақ болып есептеледі. Байрақ 1962 жылы қолданысқа енген, және ұлттық дәстүрдегі түстермен безендірілген. Қызыл түс батырлықтың, көк түс бейбітшіліктің белгісі ретінде көрсетілген.

Байрақтағы екі бірдей үшбұрышқа назар салар болсақ, бұл үшбұрыштар мемлекетті билеген Шах және Ран династияларының құрметіне қойылған. Ай және жұлдыз бейнелері - Непал мемлекеті ұзақ та баянды ғұмыр кешсін деген үміттің нышаны.

Бүгін сіздерге әлем елдерінің айрықша үлгідегі байрақтарының мағынасын көрсетуге тырыстық. Өз еліміздің байрағы ешкімнен бір сатыға да кем емес екендігін сіздерге жеткізгіміз келеді. Құрметті оқырман, байрағымыз тек биіктерде желбіресін. Көк аспанда еркін самғаған қыран еліміз талай биіктерді бағындырсын.

 

Көргенов Қуандық

Пікірлер
Редакция таңдауы