Досжан Қазырет – қазақ исламиятының көрнекті тұлғасы

3076

Ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жоғалтқан халық ұлт болудан қалады, оның руханияты мен болмысына бұралқы идеологиялық жегі құрт түседі. Қазақ исламиятының соңғы 30 жылдағы ахуалы - осының бірден бір дәлелі. Осылайша әрбір ұрпақ өзінің алдыңғы буынын менсінбей, ол атқарған іс пен ғұмырды назарға алмастан,өзінше әлектеніп, ақыры өгей өлкені құбыла қылады, адасады, лаңкестенеді.

Әңгіме – ХІХ ғасырдағы қазақ исламиятының ахуалы жайында болып отыр. Бұл ғасырды атағанда, бүгінгі қазақхалқы ұлттық деңгейдегі Кенесары хандығы, Исатай-Махамбет бас көтеруі, Шоқан Уәлиханның ғылыми ізденісі, Ыбырай Алтынсары ұстаздығы, Абай Құнанбайұлының хакімдігі мен Шәкәрімнің руханияты, Сал-серілер өмірі т.т. турасында ғана мәліметті ортаға салады. Әсіресе, бүгінгі маңызы артып отырған ислам діні мен қазақ ортасының арақатынасы әлі түбегейлі әрі толыққанды зерделеніп отырған жоқ. Бұған қатысты біршама діни әрі ғылыми институттар мен мекемелер, мұсылман ғұламалығы қалыптасып болса да, олардан ойдағыдай қайран көре алмай отырмыз. Бәлкім, бар да шығар, бірақ халыққа жүйелі түрде насихатталып, жария болмағасын – бәлду-бәлду бәрі өтірік.

Жә, бұны ішкі пендәуи пікір дей салайық. Тақырыбымыз – ХІХ ғасырда тәңірлік дүниетанымнан өтіп, мұсылмандыққатолық бет бұрған қазақ халқын сол діни-рухани бастауға туралай жетелеген айтулы тұлға турасында. Ол – Досмұхаммед Қашақұлы (1815-1890):  қазірет, ишан, діни ұстаз, ғұлама, қоғам қайраткері. Біз бүгін оның қоғамдық діни қайраткерлік тұлғасына қатысты аздап қана сөз етеміз.

Оны өз жұрты (аталығы, айналасы) еркелетіп Досжан, Досеке атап кеткен. Досжан Қашақұлы 1815 жылы Үстірт маңайына жататын, Жем өзенінің бойындағы Доңызтау деген жері құнарлы, шөбі шүйгін, табиғаты ерекше мекенде дүниеге келген. Бір жағынан Сам құмы мен шөлі қысқанымен, қысы-жазы малға жайлы, қоғамдық-саяси өңірден жырақ болғанымен, сол кездегі Бұқара-Ташкент арасындағы діни атырапқа айналған рухани діңі бар далалық қасиетті мекендердің бірі. Айшуақ Дәрменұлының зерттеуіне сүйенсек, Досеке жамағат мойындап қасиет тұтарлық «қазырет» атанып қалыптасуды он алты жасынан бастапты. Бозбала Досжан сол жасында Меккеге аттанады. Ол сол жолы Түркияда болып мұсылман ғұламаларынан дәріс алады.  Құран Кәрім мен Мұқтасарды жатқа оқиды. Бұл қасиеті оны он жеті жасында «жас қазырет» атандырады. Оның ерекше білімдарлығы мен алғырлығын мойындаған ұстаздары оған алтыннан мөр соқтырып сыйлайды. Бұл мөр - оның исламның сенімді насихатшысы, ғалымы, ғұламасы деген куәлік еді. Одан әрі ол сол кездегі әлемдік ислам діни орталығынан кем болмаған Хиуа, Үргеніш, Бұқара қалаларында білімін жетілдірген.  Досжан – далалық исламияттың бірден бір өкілі ретінде Олдан пірге қол беріп ишан атанады. Атамекенге келіп, Доңызтаудағы Тасастау ауылында мешіт салдырып, тапжылмастан 18 жыл бала оқытады, дінді уағыздайды. Сонда ол мыңға тарта шәкірт тәрбиелепті. Аса жоғары білімді бола тұрып, қарапайым діни ұстаздық пен қызметті атқарған.

Ол қалыптаса келе, оның қоғамдық қайраткерлігі де шыңдалады. 1868 жылы Орынбор губернаторлығынан рұқсат алып, Темір уезіне қарайтын мұсылманша оқу-тәрбие кешенін, бүгінгіше айтсақ - институт ашады.Алты күмбезді мешіт, 150 орындық  медресе, ұстаздар мен шәкірттерге арналған жатақхана, шаруашылық ғимараттарын қоса салдырады. Бұл исламият институты 1870-1925 жылдар арасында,тіпті совет дәуірі кезінде де жабылмай жұмыс істеген! Бұл оқу орнынан ондаған ахундар мен ишандар өсіп шыққан. Қазырет 1890 жылы өмірден өткенімен оның ісін оның балалары, немерелері жалғастыра берген. Большевиктер тек қана 1927 жылдан бастап бұл киелі орынды жауып тастаған.

Досжан ишанның бұл білім беру және тәрбие жұмыстары өңірлік ауқымды қамтығанымен, ол бұл ісін жалпықазақтық деңгейде жүргізген қайраткер. Ол қажылық алғашқы сапарын 1832 жылы атқарса, екінші қажылығы 1874-1876 жылдары болған, осы жолғы сапарластары патшалық Ресейдің шенді генералы Ғабдолла Жәңгірұлы мен қазақтың үш жүзіне ықпалды діни-рухани қайраткерлері еді. Солардың бірі – ұлы жүзден датқа Қасымбек, орта жүзден Құнанбай Өскенбайұлы болатын. Сол барған қажылық сапарда аталған қазақтың зиялыларымен ақылдасып, Меккеде тақияжай (қонақжай) салуды жоспарлап, ақыры соны іске асырады.  Бұл – ұлы бабамыздың бізге әперген исламият аспанының жыртысы болатын.

Досжан қазыреттің қазақ руханиятындағы ескерілмей, еленбей келе жатқан қайраткерлігі – оның қазақ халқын мұсылман әлемінің ресми нысаны ретінде арап әлемін мойындатуы еді. Оның Меккеден жер алып, үйжай салдыруына рұқсат алу оңай болмады, оны салдыратын халықтың исламға ресми қатынасын дәлелдейтін құжат талап етілді және оған бір жыл мерзім ғана берілді. Сөйтіп, Досжан ишан Қазанға барып ғылыми ізденіске түсуге мәжбүр болады да, ақыры қазақ халқына қатысты, шамасы Алтын орда дәуірінен қалған мұрағаттан дәлел-дәйек тауып,оған Бұқарадан мөр бастырып, Меккедегі ислам әкімдігін мойындатады. Бұл – қазақ тарихындағы ресми мұсылмандыққа куәлік алғанмен парапар жағдай еді. Осы дерек Қазақстан мұсылмандығы тарапынан әлі күнге еленбей келеді, оны насихат көзі ретінде дерекке алмай келеміз. Досжан қазыреттің салдырған бұл тақияжайы туралы дерек Шәкәрім атамыздың белгілі «Түрік, қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресі» еңбегінде тайға таңба басқандай келтірілген: «... 1874 жылы қажыға барғанда қазақ қажылары түсетін Меккеде бір тәкия үй салдырып құдайы қылып еді. 1905 жылдан бастап 1906 жылға қарай қажыға барғанда тәкияны көрдім...Бұл тәкия осы күні Кіші жүз Досжан қажының атына жазулы екен». Бұл турасында біршама дерек Мәшкүр Жүсіптің «Қазақ шежіресі» жазбасында да бар.

Досжан ишанның жан-жақты еңбегінің бүгінгі қазақ халқы үшін маңызы неде? Оның Дала руханиятын патшалық Ресейдің идеологиясын араластырмай, өзіне тән исламиятын қалыптастыруға деген ұланғайыр қайраткерлігінде. Бұның маңызы мен өзектілігі - тәуелсіздігіне 30 жыл толған Қазақстанның мұсылмандық тарихындағы жарқын беттерге қатысты әрі айдалаға ала қашудан тайынбай жүрген күштерді орнына қоюға қажет бірден бір тегеурінді әрі дәйекті тарих екендігінде. Досжан қазырет өмірі мен қайраткерлігінің жарқындығы - совет одағы ыдырағаннан кейін көздерін тырнап ашқан идеологиялық ашқарақ ұрпақтың бүгінгі ислам әлеміне барып, түрлі діни індетті жұқтырып, қазақ қоғамын дүрліктіргеніне қарап қаншалықты өзекті екенін аңдауымызда.  Татар молдаларын далаға қаптатып, қазақ қоғамын өзінің идеологиялық бұғауына түсірмек болған империялық идеологияға қарсы тұра алған рухани темірқазық бола алған Досжан қазіреттің еңбегі мен ғұмыры, қайраткерлігі бүгінгі азат Қазақстан үшін, мойындасақ та, мойындамасақ та -  барынша маңызды әрі өзекті.

Досжан қазыреттің мөрі мен салдырған тақияжайы – қазақтың кім көрінгенге шәкірт болмас бұрын, керісінше ұстаз болуға қақы барының айғағы. Әлі күнге бұған, бәлкім қасақана түрде ден қойылмай, бұл дайын тарихи идеологиялық эталонға назар аударылмай келе жатқандығы - ешбір сын көтермейтін сырқатты жағдай деуге мәжбүрміз.Бұны бүгінгі қазақ исламиятының осалдығы, әлжуаздығы мен қауқарсыздығы деп мойындаған абзал.

Серік Ерғали,

мәдениеттанушы.

Пікірлер
Редакция таңдауы