Өзбекстан жаңа қала салуды бастады

4939
Adyrna.kz Telegram

17 маусымда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Жаңа Андижан қаласының құрылыс алаңында іргетас қалау рәсіміне қатысты. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады, деп мәлімдейді “Адырна” ұлттық порталы. 

Шавкат Мирзиёев құрылысты тарихи оқиға деп атады.

«Екі-үш жылдан бері мені Андижандағы баспана мәселесінің шешімі мазалайды. Мұнда жер аз, баспанаға деген қажеттілік жылдар өте келе өсті. Бір үйде бірнеше келінімен бірге ене тұратын отбасылар көп. Сондықтан біз әрекет етуге бел будық, жаңа қала салуға кірістік. Мұнда 130 мыңнан астам пәтерлі көпқабатты үйлер салынады, 450 мыңнан астам адам тұрады », - деді Мемлекет басшысы.

Қаланың жалпы аумағы 4000 гектарды құрайды, оның 2000-ында тұрғын үй, әлеуметтік нысандар, өндірістік аймақтар және қызмет көрсету нысандары орналасады. Президенттің тапсырмасымен тағы 2000 гектарға жасыл аймақтар құрылады.

Жаңа қала жобасы 8 кезеңде жүзеге асырылады. 2021-2041 жылдар аралығын қамтиды. Биылғы жылы инфрақұрылымды қалыптастыру бойынша жұмыстардың бастапқы кезеңіне қайта құру және даму қорынан 100 миллион доллар бөлінеді. 33 км ауыз сумен жабдықтау желілері, 52 км автомобиль жолдары, 18 км электр желілері және 27 км газ құбыры салынады.

Бірінші кезеңде 3310 пәтерлі 170 көпқабатты үй, 1680 орындық мектеп, 385 орындық балабақша және күніне 200 келушіге арналған емхана бой көтереді. Құрылыс жұмыстары кезеңінде 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны, құрылыс аяқталғаннан кейін - өндірістік, сауда, әлеуметтік және қызмет көрсету салаларында 100 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылады.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер