МЫРЗАН КЕНЖЕБАЙ: Қабанбай 103 рет жекпе-жекке шықты деген кісі күлерлік сөз

8760
Adyrna.kz Telegram

Ұрпақты ерлікке бұлай баули ма? Ахметбек Нұрсила! Кеше ғана дүниеден өткен Қабдеш Жұмаділов ағамыз біз басына барып, дұға бағыштап жүрген марқұмды бұл жатқан Қабанбай емес деген еді. Енді бір тарихшылар 30-дан астам Қабанбай болған дейді. Ал Қабанбай жоңғарлармен 103 рет (енді біреу 111 рет ) жекпе-жекке шыққан деген нағыз кісі күлерлік сөз сияқты. Сонда соның бәрін кім санап отырыпты, әлде соның бәрін біреу жазып отырып па? Солай дейін десең, соның бәрі жарты парақ жазба тарихы жоқ ауызекі әркім әртүрлі қырық құбылтып айтатын ауызекі сөздер ғана. Сосын бір ғана адам 103 мәрте жекпе-жекке шықты дейтіндей жоңғарлар сол регионға қанша мәрте шабуыл жасаған деген сұрақ туындамай ма? Логика қайда? Мен Қабанбай деген батыр болған жоқ демек емеспін. Бірақ қанша жерден ерлікті насихаттағанмен оның да белгілі бір шама-шарқы болуы керек. Желөкпе, бөспе сөз тарихымызды басқа ұлттардың күлкісіне айналдырады.

Бір ғана мысал келтірейін. Орыс халқының бүкіл тарихы соғыспен өткен.Орыстар шведпен де, түрікпен де, неміспен де, литвамен де, полякпен де, моңғолмен де, ноғаймен де жүздеген жылдар соғысты. Бірақ солар Кутузов, Суворов, Багратион, Нахимов, Пересвет, Муромец сияқты бірнеше тұлғалардың ғана есімін атайды. Және олардың бәрі жазба тарихта деректері бар тұлғалар. Ал біздікі ше?...Бізде әр рудан,әр тайпадан шыққан батырларды санасаң, жоңғардың жәй әскерінің санынан аз емес. Солардың бірде-біреуі туралы жарты парақ жазба дерек жоқ. Қысқасы, біздікі әр ру,әр тайпа өздерінен неғұрлым көбірек батыр шығаруға бәсекеге түскен. Яғни, біздікі рушылдық, тайпашылдық, жүзшілдік бәсекелестік тарихы. Баяғыда Абай айтқан өтірік, мақтаншақтық қана. Ал бұл ұрпақты ерлікке, отансүйерлікке баулу емес, керісінше, олардың әрқайсысын өз руың, өз тайпасы мен өзінің жүзін мақтан тұтуға үгіттеу ғана. Бұл бүгінгі де,ертеңгі де ұрпақ үшін өте зиянды.

Пікірлер